«Qazaq Air» әуе тасымалдарын жасауға рұқсат алды

«Qazaq Air» әуе тасымалдарын жасауға рұқсат алды

«Qazaq Air» әуе тасымалдарын жасауға рұқсат алды
ашық дереккөзі

6 шілде күні тұсауы кесілген «Qazaq Air» әуе компаниясына тиесілі ұшақтардың әуеге көтерілетін күні таяу. Компания эксплуатант сертификатына – әуе тасымалдарын жасауға рұқсат беретін құжатқа қол жеткізді. Бұл ақпаратты ҚР инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі растады. Әуе компаниясының алғашқы рейсі Алматы-Павлодар бағытын бетке алмақ.

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен өткен тұсаукесерде компанияның жолаушыларға қызмет көрсететін үш ұшағының бірі – жаңа Bombardier Dash 8 Q400 таныстырылған болатын. Bombardier Dash 8 Q400 – осы аттас концерннен тапсырыспен алынған үшінші ұшақ. Жаңа заманғы ұшақ ерекше техникалық мінездемеге ие, оперативтілігі жағынан да, жайлылығы жағынан да жолаушылардың үдесінен шығатыны күмәнсіз. Аталған үлгінің жылдамдық мінездемесі осы тектес ұшақтар ішіндегі үздіктерінің бірі болып табылады. Әуе көлігінің отынды үнемдеуі жақын қашықтыққа ұшатын реактивті ұшақтардан 30 пайызға төмен екен. Таныстырылым барысында «Qazaq Air»-дің жобалау жөніндегі директоры Блэр Поллок әуе компаниясының бағалары өзге операторлардан анағұрлым арзан болатынын айтқаны есте. «Bombardier Dash 8 Q400» аймақтық ұшағы үнемді ұшақ болғандықтан, ол жолаушылары аз бағыттарға да табысты сапарлар жасай алады», – деді ол. Алғашқы уақытта «Qazaq Air» әуе компаниясының ұшақтары 12 бағытта ұшады. Олардың барлығы – ішкі рейстер. Атап айтсақ, әуе тасымалдаушысы Шымкент-Павлодар бағытына аптасына 2 рет, Алматы-Қостанай, Алматы-Павлодар, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Ақтөбе, Ақтөбе-Қостанай, Ақтөбе-Атырау, Алматы-Талдықорған, Алматы-Балқаш, Астана-Балқаш бағытында аптасына 3 рет, Алматы-Астана бағытында 7 рет, Алматы-Шымкент бағытында 8 ретке дейін рейс жасайтын болады. Жаңа әуе операторының орташа ұшу қашықтығы 800 шақырымдай болмақ. Жыл соңына дейін ұшақтың бір күндегі орташа ұшу уақытын 7,3 сағатқа жеткізу жоспарланған. Жоспардың бәрі ойдағыдай жүзеге асса, «Qazaq Air» жолаушыларының саны 2015 жылдың соңына дейін 250 мыңға жетеді деген болжам жасалды.