Жаңалықтар

Қостанайда есірткі саудалаған ерлі-зайыптылар ұсталды

ашық дереккөзі

Қостанайда есірткі саудалаған ерлі-зайыптылар ұсталды

Қостанай облысында полицейлер есірткі саудасымен айналысқан ерлі-зайыптылар тұтқындалды. Олар 4 тамызда Рудный қаласында жалға берілетін пәтерлердің бірінде «тауарды» орамаларға салып жатқан жерлерінен қолға түсті. Героинді бизнес көзіне айналдырған екеу «Көкнәр-2015» жедел алдын алу шарасы кезінде ұсталғанын айта кетейік. «Тәрптіп сақшылары кіріп барғанда 35 жастағы ерлі-зайыптылар героинді өлшеп, бөлшектерге бөліп жатқан. Полицейлер пәтерден таразы, жіп, полиэтилен пакеттерін тапты», - дейді Қостанай облыстық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының жедел қызметкері полиция капитаны Айгүл Ерәділова. Айлакер әйел буылып-түйілген есірткіні іш киіміне жасырыпты. Олардан барлығы 136 орам тәркіленді. Сонымен қатар, айғақ ретінде 40 мың теңгеден астам ақша алынды. Күйеуі мен әйелі героинді сатып қана қоймай, өздері де пайдаланатыны белгілі болды. Олардың негізгі тұтынушылары – Рудный тұрғындары. Қазір олар Рудный ІІБ уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды. Аса ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз сақтағандары үшін олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Жазалары жеңіл болмасы анық.