Түркиядағы "Қазақстан күндері"
Түркиядағы "Қазақстан күндері"
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы және Астананың 20 жылдығы аясында Түркияда «Қазақстан күндері» өтті.
Атап айтқанда, Анкара қаласында Неджип Фазыл атындағы драма театрда қазақ əдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Повесть желісімен режиссер Абдолла Қарсақбаев түсірген «Менің атым – Қожа» фильмі көрсетілді. Сондай-ақ «Сүйінбай Аронұлы» атындағы саябақта айтыс ақындары Сүйінбай Аронұлы мен Жамбыл Жабаевты еске алу жиыны өтті. Бабалар рухына Құран бағышталып, Жамбыл атындағы көшеге орнатылған ескерткіш-тақта ресми түрде ашылды.
Жиынға Елші А.Сапарбекұлы, Кечиөрен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қуандық Қасымов, Алматы облысы Жамбыл ауданының маслихат хатшысы Саят Жұрын, халықаралық «Жамбыл» қорының президенті Манарбек Ізбасар жəне басқалар қатысты.
Елші А.Сапарбекұлы өз сөзінде: «Түбі бір түрік жұртымен татулығымыздың бір айғағы ретінде Кечиорен муниципалитетінде абыздарымыздың ардақталып жатқаны екі ел арасындағы тығыз байланыстың, шынайы бауырластықтың белгісі деп білеміз. Ел мен жерді жақындастыру мақсатында рухани бауырластық, мәдени әріптестік алдағы уақытта да арта түседі деп сенеміз. Туысқандық қарым-қатынастың нығаюына, тереңдей бірігуіне баса назар аударып отырған Кечиорен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак мырзаға шынайы алғысымызды білдіреміз» деді.
Жамбыл ауданының маслихат хатшысы Саят Жұрын Кечиөрен муниципалитеті мен Жамбыл ауданының бауырлас екенін айта келе, Жамбыл ауданында бір көшеге Кечиөрен атауының берілгеніне тоқталып, маслихаттың шығарған ресми шешімін мэрге табыс етті. Сондай-ақ, аталған жиында сөз сөйлеген Халықаралық «Жамбыл» қорының президенті Манарбек Ізбасар Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздар қорының президенті Яхия Акенгинге халықаралық Жамбыл сыйлығын тапсырды.
Өз кезегінде, ақын Яхия Акенгин түркі әлемінің ең үлкен байлығы оның мәдениеті және өнері екендігін айтып, Абай, Сүйінбай, Жамбыл, Мағжан сынды қазақтың ұлы тұлғаларының арқасында екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынастың дамып отырғанын атап өтті.