Алысты жақындатар айналма жол

Алысты жақындатар айналма жол

Алысты жақындатар айналма жол
ашық дереккөзі
Алып шаһар – Алматы қарқынды дамып, мегаполис тұрғындарының саны жыл санап артып келеді.  Бұл ретте шаһарда жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үйлерді көбейту және көлік инфрақұрылымын одан әрі кеңейту – кезек күттірмейтін мәселе. Соңғы міндетті орындау мақсатында қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Соның бірі – Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы. Бұл жобаның құрылысы өткен бейсенбіде ресми түрде басталды. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын салу туралы бастама ең алғашында 2002 жылы көтерілген. Бірақ содан бері түрлі себептерге байланысты жоба жұмысы кейінге қалдырылып келді. Алғашқы жоспар бойынша, 2014 жылы салынуы тиіс болатын, алайда қаржы дағдарысына байланысты жобаны іске асыру уақытша тоқтатылды. Міне, үстіміздегі жылдың 31 мамыры күні көптен күткен жоба құрылысы бастау алды. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысын бастау салтанатына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев қатысты. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы еліміздің экономикалық даму қарқынын, мемлекеттік және жеке сектордың өзара бірлескен іс-әрекетінің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсететіндігін атап өтті. Бұған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш жобаның маңыздылығын санамалап айтып берген еді. «Біріншіден, қалаға кіретін машиналар саны азаяды. Екіншіден, Қытай мен Батыс Еуропаны жалғайтын магистраль Алматы арқылы өтетін болады. Бұл қаланың дамуына үлкен серпін береді. Үлкен Алматы айналма жолы Батыс Еуропа-Батыс Қытай деп аталған халықаралық магистральдің бір бөлігі болмақ», – деген еді Елбасы. Алматының үлкен айналма автомобиль жол құрылысы туралы концессиялық келісімге биылғы 7 ақпанда қол қойылды. Келісім бойынша жобаны жүзеге асыруға түріктер мен корейлердің бірлескен «Alarko-Makyol-SK-Korea Express Way» консорциумы іріктеліп алынды. Бұл халықаралық жол алдағы уақытта ақылы болады деп жоспарланып отыр. Концессиялық келісімге сәйкес Инвестициялар және даму министрлігі ұсынған баға бойынша, айналма жолға кірудің бастапқы құны жеңіл автокөліктер үшін – 200 теңге, ал жүк көліктеріне – 280 теңге болып белгіленген. Ал пайдалану ақысы 16 жылға жобаның негізгі инвесторлары – түріктік және корейлік компанияларға беріледі. Концессиялық келісім өз күшін жойғаннан кейін ғана жолды пайдалану қазақстандық құрылымдардың еншісіне өтеді. Үлкен Алматы айналма автожолы қаланың сыртын орай Талғар, Іле және Қарасай аудандарын басып өтеді. Шығыс пен батысты жалғайтын жолдың инвестициялық құны 180 млрд теңгені құрайды. Инвестициялар және даму министрлігінің деректері бойынша, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы іске асқан жағдайда 25 жыл ішінде ел бюджетіне 570 млрд теңге пайда әкеледі. Күре жол Алматы облысының үш ауданын басып өтетіндіктен, оған қажетті 721 жер телімі бөлініп, инфрақұрылым тартылған. Жобалаушылардың сөзіне сенсек, айналма жол заман талаптарына толық сай болмақ. Ал заманауи технологиямен салынатын жол 2044 жылға дейін ешқандай күрделі жөндеуді қажет етпейді. Жол құрылысын түркиялық және кореялық компаниялар жүргізеді. Жобаны жүзеге асыру мақсатында 3 мың жаңа жұмыс орны ашылып, оның 90 пайызын жергілікті тұрғындар құрайды. Ал құрылысы аяқталғаннан кейін 2 мыӊға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Жалпы, жобаны жүзеге асыруға 300 млрд теӊгеге жуық инвестиция тарту көзделген. Айналма жол бойында 8 жолайрық, 13 көпір салынады. Айналма жол көлденең жатқан 19 автожол мен 2 теміржолды кесіп өтеді. Сол арқылы Алматыдағы көлік нөпірі 40 пайызға дейін азаятын болады. Сондай-ақ, шаһардағы кептеліс мәселесі шешімін тауып, қала мен өңірдің экологиясы мен экономикасына, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы туризмнің дамуына да оң ықпал етеді дейді мамандар. Жол Алматының батысындағы Қырғауылды ауылының тұсынан басталып, шығыс жағында Алматы-Талғар трассасының 22-ші километрінен аяқталады. Саяжайлар, шаруа қожалықтары орналасқан аймақпен өтеді. Үлкен Алматы айналма жолын салу үшін 724 жер учаскесін сатып алу көзделген болатын. Оның 714-і сатып алынды. Жоба бойынша Алматы қаласын айналып өтетін 6 жолақты, ұзындығы 66 шақырым болатын автомобиль жолы І техникалық санат бойынша салынады. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы Алматы қаласындағы қозғалыс ағынын азайтуға, транзиттік көліктер санын төмендетуге, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға, көлік құралдарының жұмыс жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары жоба құрылысын 2021 жылы тәмамдау туралы тапсырма берді. Ал Алматы облысының әкімі Амандық Баталов: «Бүгін біз Елбасыныӊ тікелей тапсырмасымен аса ірі жобаны бастап отырмыз. Бұл жобаныӊ Алматы облысы үшін де маӊызы зор. Елбасы саясатыныӊ арқасында және «Нұрлы жол» бағдарламасыныӊ нәтижесінде облыс аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Алматы – Талдықорған» сияқты халық­аралық стандарттағы ірі автокөлік жолдары салынды, ҮАААЖ осы көлік дәліздерініӊ жалғасы болмақ. Айналма автожолы аяқталғаннан кейін бұл өз кезегінде облыстағы шағын және орта бизнестіӊ, жол бойындағы қызмет көрсету мен көлік-қойма терминалдарыныӊ дамуына әсер етіп, мультипликативті тиімділігін көрсететін болады. Сонымен қатар өнеркәсіп орындары үшін нарыққа жол ашуға мүмкіндік жасайды», – деді. Сонымен, 31 мамыр күні Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылыс жұмыстарына сәттілік тілеген Асқар Мамин, Жеңіс Қасымбек, Амандық Баталов және шетелдік іскер топ өкілдері арнаулы түймешені басып, құрылыстың алғашқы жұмыс күнін бастап берді.