Екі ел орнатқан естелік-белгі
Екі ел орнатқан естелік-белгі
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағына Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Корея елдерінің біріккен «Ұлы Жібек жолы бойындағы достық және әріптестік» естелік-белгісінің ашылу салтанаты болып өтті.
Бұл естелік-белгі Корея Республикасы тарапынан 2013 жылдан бастап Корея, Қытай, Иран, Өзбекстан, Түркия, Үндістан сынды Ұлы Жібек жолы бойындағы елдерде қойылған. Қазақстанда тұңғыш рет қойылған естелік-белгіні орналастыру мәртебесі ежелгі Жібек жолының бойында жатқан «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің еншісіне бұйырды.
Бұл шараны Алматы қаласында 2018 жылдың 1 маусымы күні Корея Республикасының Кенсанбук-до аймағы экономиканы дамыту ұйымының ұйымдастыруымен өткен «Ұлы Жібек жолы және солтүстік бағыттағы әріптестік» атты халықаралық форумның салтанатты жалғасы деуге болады.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Корея Республикасының Кенсанбук-до аймағының губернаторы Ким Кван Ен, Алматы қаласындағы Корея Республикасының бас консулы Жон Сын Мин, Кенсанбук-до аймағының халықаралық қатынастар елшісі Жо Зуң Чоль, Өркениеттер алмасуы институтының директоры Зон Су Ил, Кенбук университетінің профессоры Пак Чон Су, Кенхи университетінің профессоры Кан Инук, Зунан университетінің оқытушысы Зон Инпен, Кемен университетінің оқытушысы Со Зон Су және Сыртқы саясат институты қызметкері Мин Зи Ен және басқа да шетелдік делегация өкілдері қатысты.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Ұлы Жібек жолы адамзаттың экономикалық тұрғыдан ғана емес, ең бастысы мәдени қарым-қатынас тұрғысынан да бір-бірімен араласуына зор ықпал жасады. Халықаралық сауда және дипломатия жолы ретінде қызмет еткен бұл сауда жолы, сондай-ақ, мәдениеттің таралуына, өркениеттің дамуына және қалалар мен елді мекендердің өрлеуіне септігін тигізіп отырған. Әрине, өркениеттер мен мәдениеттің алмасуларына мән берген Ұлы Жібек жолының әсіресе, қазақ жері арқылы өткен тармақтары біздің қызығушылығымызды тудырады. Өйткені анағұрлым тыныш әрі қауіпсіз саналған бұл тармақтағы сауда жолы әсіресе, түркі дәуірінде ерекше сұранысқа ие болды. Бұл алдымен түркі қағандарының осы аймақтарда жүргізіп отырған саясатының нәтижесінде орнаған тыныштық пен қауіпсіздік факторы деп санаймыз», – деді.
Корея Республикасы Кенсанбук-до аймағының губернаторы Ким Кван Ен: «Бүгін өте маңызды күн. Себебі осыдан мыңдаған жылдар бұрын ата-бабамыз негізін салған «Жібек Жолын» бүгінде жаңаша жаңғырту бақытына ие болып отырмын. Ең әуелі қонақжайлылығы мен қазақ мәдениеті тарихын жеке өзі түсіндіргені үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне, осынау байланыстарға ерекше еңбек сіңірген, «Есік» қорық-музейінің директоры Гүлмира Мұхтароваға алғыс айтқым келеді. Дәл осы жерде Силла патшалығының тарихи-мәдени мұралары мен осындағы тарихи-мәдени мұралардың өте қатты ұқсас екеніне көзім жетіп отыр. Сондықтан да «Алтын адамның» бір мүсіні мен көшірмесін арнайы тапсырыспен жасатып, Силлаға апарып қоямын деп шештім. Корея Республикасының жаңа президенті жақын арада «Жаңа солтүстік саясат» атты жоба ұсынды. Яғни, екі ел арасында әсіресе, Силла мен Есік мәдениеттері арасында болашақта біріге отырып атқаратын зерттеу жұмыстары көп деп білемін және атқарамыз деп сенемін», – деді ағынан жарылып.
Іс-шара барысында құрметті қонақтар «Есік» қорық-музейінің экспозиция залдары, «Есік» қорық-музейі мен Оңтүстік Корея ғылыми мекемелері арасындағы қарым-қатынастарға арналған фотокөрмені тамашалады. Мұнымен қоса «Арқайым» этно-фольклор-тобы мен «Торпи» көркемөнер тобы сынды екі елдің ұлттық дәстүрдегі ән-күй өнері өкілдерінің шеберлігін дүйім жұртқа паш етті.