БРИТАНДЫҚ ЮМОР: БОРАТ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР
БРИТАНДЫҚ ЮМОР: БОРАТ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР
«Borat: Cultural Learnings of America for Make Benefit Glorious Nation of Kazakhstan» («Борат: Америка мәдениетін зерттеуді Қазақстан атты ғажайып елдің қажетіне жарату») фильмін көрген адам Қазақстанда көп емес. Әйтсе де, Борат туралы естігендер қарақұрым. Мұның себебі фильмнің айналасындағы дабыра-шудың көптігінен болса керек. Он сегіз жылдан аса «Бораттың Қазақстаны» деген пародиясын жалғастырып, әуелі телешоу жасап, қазақ журналисінің рөлін сахнада емес, өмірде ойнап жүрген, одан соң арнайы фильм түсіріп, ара-тұра ақпарат құралдарына «Борат Сағдиев» атынан сұхбат беріп жүрген комедиялық актердің ұпайы түгел екені түсінікті. Мәселенің анығы – қаласақ та, қаламасақ та, Қазақстанның сыртқы имиджінің бір ұшығы қалай болғанда да Боратқа барып тіреледі. Ағылшын тілінде шығып, дүние жүзіне тарап кеткен «Борат-пародияның» бейнесінен енді қашып құтыла алмасымыз анық. Білімі озық елдерге оқу үшін барғанда, іскерлігі басым елдерге келісімге қол қою үшін сапарлатқанда, ел мен жер танып, жиһан кезуге шыққанда, Бораттың бейнесі алдымыздан шығады да тұрады. Ендеше, бұл пародияның бізге қатысы бар ма, бар болса – қандай және біз бұдан не қорытынды жасауымыз керек деген сұрақтарға толық жауап болуы шарт. Істің мәнісіне бойламайтын құр дабыра аттанмен абырой жинай алмаспыз. Енді бұл мәселеге салқынқанды, салиқалы жауап табу керек сияқты.
КҮЛКІ – КҮШТІЛЕРДІҢ ҚАРУЫ
Фильм жарыққа шыға салысымен, Қазақстанда және Ресейде оны көрсетуге тыйым салынды. Бірақ ағылшын тіліндегі әлемде оған еш тыйым да, тосқауыл да жоқ. Британияға келгелі осы фильмнің әр түрлі телеарналардан көрсетіліп, таспаға жазылып, тіпті дүкендерде CD табақшасына жазылған түрде өз көрерменін тауып жатқанына куә болдым. Бұл фильм танымал деуден аулақпыз, бірақ іздеген адам ғаламтордан болсын, не таспаға жазылған нұсқасын болсын, оп-оңай табады. Оның үстіне, фильмдер топтамасын ұсынатын «Ең жақсы 115 заманауи комедия» сияқты кейбір рейтингтерде тізімнің бел ортасында тұр. Әдетте, белгілі бір ой түюге немесе тұжырым жасауға қоршаған орта, яғни сол ортадағы ақпараттардың сапасы мен мазмұны әсер ететіні белгілі жайт. Британдық өлшеммен қарасақ, дәл осы кинотуындыға қатысты шу көтеріп не оны таратуға тыйым салатындай себеп жоқ. Бір көріп – бір күліп қоя салатын дүние. Бүгін көріп, ертең ұмытатын арзанқол туынды. Ұмытылатыны – тақырып пен нысан Қазақстан болғанымен, сюжет желісі, оның мазмұны шынайы өмірге қатыссыз, кейде тіпті қисынсыз жайттарды баяндайды. Ал күлкілі болатыны – сайқымазақ пен әжуаның өте қарабайыр, тіпті, тұрпайы берілгені сонша, егер «Қазақстан», «қазақ халқы», «қазақтар» деген сөздерді алып тастаса, көп қазақтың өзі қарқылдап күліп отырып көретін нәрсе. Әлбетте, бұл жерде британдық юмордың талғамы бөлек екенін есте ұстау керек. Шамасы, әр халықтың дүниетанымы, ұлттық мінезіне сай қалжыңы да өзгеше болады. Шығыстық қалжыңның шыңы – Қожанасыр бейнесі болса, ел аузында жүрген «Қожанасыр айтыпты-мыс» дейтін кейбір әжуа сөздің астарында қара нарға жүк болар пәлсапалық ой жататыны бар. Ащы шындықты астарлап, ауыр сынды әдемі қалжыңмен жеткізе білу – үлкен өнер. «Күлкінің күштілер қаруына» айналар кезі сол. Бірақ естіген сәтте қарқылдаған күлкі шақырып, ертеңіне ұмыт болатын жеңіл юмор да бар. Нысанасының намысын қайрап, қытығына тиетін жабайы әжуа бар. «Борат-пародияны» қайсысына жатқызу көрерменнің өз еркінде, бірақ әркім өз танымы, білімі, өресі тұрғысынан және – сөз Қазақстан туралы болғандықтан – қазақтығы не қазақ еместігі тұрғысынан саралайды.ҰЛТТЫҢ «МЕНІ» ЖӘНЕ ҰЛТТЫҢ СЫНЫ
Осы орайда, киноөнердің ұлттық «менді» аспандатып немесе мысын басып тастайтын, кейде намысын қайрайтын пәрменділігі бар екенін есте ұстаған ләзім. Әлбетте, көркем туындыдан тарихи шындықты іздеу – қателік, бірақ өнер халықтардың ұлттық «менін» өсіріп не өшіре алатын қасиетке ие болғандықтан, қандай да бір ұлтқа қатысты киноның сюжетіне байланысты дау-дамайдың туындауы заңды сияқты. Мысалы, Ирак президенті Саддам Хусейн өлтіріліп, халқы босып, мемлекет соғыс ошағына айналғаннан кейін, 2011 жылы «Әзәзілдің сыңары» атты фильм жарыққа шықты. Дәл сол туындыны Алматыдағы кинотеатрдан көрудің орайы келді. «Сәті түсті» деуге келмес, себебі егер оның нысанасы мен мазмұнынан алдын-ала хабардар болғанда, көруден бас тартатыным анық еді. Себебі фильм бастан-аяқ Иракты билеген отбасының жиіркенішті іс-әрекеттерін сипаттауға құрылған. Егер авторитарлы билік жүйесін әшкерелеу, мемлекет байлығын талан-таражға салудың сұмдықтарын ашу, қару-жарақ саудасы немесе саяси шешім қабылдаудың қат-қабат астарына қатысты ой саларлық сюжетке құралса да мейлі дерсің. Жоқ, аталмыш туынды шексіз биліктен азып-тозған, әбден зеріккен, азғындықтың шыңырау түбіне түскен, адами болмыстан жұрдай болған пенделердің күнделікті тұрмысын барынша жиіркенішті, неғұрлым жүрек айнытарлық оқиғалармен суреттейді. Бұдан бөлек, Голливуд 2004 жылы «Александр» атты кино түсіріп, оны барлық әлемдік кинотеатрлар прокатқа шығарғанда, гректердің ұлттық намысты ұрандатып, шеруге шыққаны еске түседі. Аталмыш туындыда атақты қолбасшыны еркекқұмар етіп көрсеткеніне наразы болған гректер режиссер Оливер Стоунды сотқа береміз деп біраз даурыққаны бар. Ақыры, ойлана келе, егер америкалық фильм Грекияның тарихи тұлғасын насихаттап жатса, дауласып неміз бар деген тоқтамға келген. Дәл осыған ұқсас жағдай ирандықтардың да басынан өткен. Олар голливудтық киноларда парсыларды өте жабайы етіп көрсететінін қынжылыспен айтады. Ендеше, Қазақстанда «Борат-пародияға» қатысты алғашқы реакция – ашу, реніш пен қынжылыс болғанына таң қалудың қажеті жоқ. Тіпті, оны ерсілік көруге болмайды. Себебі әр ұлттың өз «менін» қорғау қабілеті болмаса, ұлттық намысты жанып отыруды құнттамаса, ондай халықтың ұлт ретінде сақталып қалуы екіталай. Түптің түбінде, сырт көз сыншының айтуымен ұлт етек-жеңін жинақтайды. Ал өзін өзі сынай алған ұлт ой қорытып, іс тындырады. «Боратты» сырт көз санай алсақ, өзімізге сыни көзбен қарауды үйренуіміз де ғажап емес. Ақыр аяғы, ХІХ ғасырда қазақты жерден алып, жерге салған Абайдан асырып ешкім бізді сынай алмас. Ал Абай қазақты жақсы көрмеді деп ешкім айта алмайды. Ендеше, «естінің де ессізден үйренері бар» деп, қисық-қыңыр боратшылдықтан қажетімізге жарайтын ой түйгеніміз жөн.ОСЫ «БОРАТ» ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
Ал дәл осы Борат Сағдиев туралы пародияның негізі не? Оның астарында не бар? Бұл пародия-фильмге негізгі желі ретінде неге Қазақстан таңдалды? Бұл сұрақтарға жауап іздеп, америкалық, еуропалық академиялық зерттеулерге шолу жасадық. Иә, батыстық ақпарат құралдарының уақыт аралатып Борат тақырыбына соғып тұратыны аздай, оны батыстық зерттеушілер індетіп зерттеп, белгілі бір тұжырымдар жасаған. Себебі кез келген құбылысты не оқиғаны жете зерттеп, оның мәнісіне бойлау, пікір қалыптастыру – ойлы қоғамның ғадеті. Борат Сағдиев – Саша Барон Коэннің белгілі төрт кейіпкерінің бірі ғана. Атап айтсақ, австриялық сәнқой журналист Bruno, ағылшын рэпері Ali G, африкалық диктатор Аладин және қазақ журналисі Борат Сағдиев. Бұлардың ішінде ғаламдық деңгейде танымал болғаны және Коэнге 250 миллион доллар пайда әкелгені – Борат рөлі. Бұл рөлі үшін актер «Алтын глобус» сыйлығын алып, ал фильм сценарийі үшін «Оскар» сыйлығына ұсынылғаны тағы бар. 2000 жылдардың басында Da Ali G Show атты телешоуда «тұсауы кесілген» Борат Сағдиевтің бейнесі америкалық және британдық телеарналарда тұрақты көрсетілгенімен, анау айтарлықтай танымал болған жоқ. Тек 2006 жылы «Borat: Cultural Learnings of America for Make Benefit Glorious Nation of Kazakhstan» деген атпен фильм ретінде түсірілген сәттен бастап, Бораттың «жұлдызы жанды». Фильм прокатқа шығысымен, алғашқы аптаның өзінде Ұлыбританияда 12 миллион доллар, ал АҚШ-та 26 миллион доллардан көп пайда көрген. Ал әлемдік прокатта бұл туынды 250 миллион доллар түсім тапқан. Былайғы өмірде Саша Коэн журналистермен бетпе-бет сұхбаттасудан бойын аулақ салады. Алайда Али Джи, не Бруно, не Борат бейнесінде «сөйлесуге» әркез дайын. Осы бейнелерінің бірінде ол кез келген мәселеге орай пікір білдіріп, ойына келгенін айтып, жұртшылықты дүрліктіріп жүргенді жақсы көреді. Кілтипан мынада: дәл осындай жоқтан бар құрастырған, тұрпайы, тіпті анайы әзілге құралған киноның нысанасы ретінде неге басқа мемлекет емес, Қазақстан алынды? Осы тақырыпты 2007 жылдан бері зерттеп жүрген Роберт Сондерс Қазақстанның таңдалуының бір себебі Коэннның «сақтықта қорлық жоқ» деген ұстанымға беріктігі екенін айтады. «Buying into Brand Borat: Kazakhstan’s Cautious Embrace of Its Unwanted «Son» («Борат Брендін кәдеге жарату: Қазақстанның өзінің тілемеген «ұлын» абайлап құшағына басуы») атты зерттеу мақаласынан үзінді келтірсек: «Барон Коэн көбіне комедиялық батылдығы үшін қошеметтелсе де, ол өзінің нысанасын таңдауда ең әуелі қауіпсіздікті есепке алатын сияқты. Оның Борат-кейіпкерінің бұған дейінгі мекені Молдова мен Албания болатын. Егер ол осы екеуінің бірін немесе басқа бір «Стан»-ды таңдаса, ол құқықтық немесе саяси қиындықтарға душар болуы мүмкін еді, тіпті, өз басына күн тууы ықтимал болатын. Абырой болғанда, әлемдік беделін ойлайтын Қазақстан оған жұмсақтық танытты. Қазақстан брендін жасаушы менеджерлер лимонды жұтып, біраз қиналыстан соң одан лимонад жасауға шешім қабылдады». Қысқасы, фильм АҚШ сияқты дамыған батыстық елдерге арнап түсірілген, оларға атын өмірі естімеген, естісе де ол туралы қандай да бір ақпараттан мақұрым, яғни «жан аяғы баспаған» мемлекет керек болды. Америкалықтардың жағрапиялық сауаты нашар екені кіші Джордж Буштың кезінен анекдотқа айналған. Шамасы, Коэннің өзі «ешкім білмейтін, танымайтын» елді таңдағанда, кейін «ол елдің» Австриядағы елшісі жұрт алдына шығып, ресми мәлімдеме жасауы мүмкін-ау, ал үкімет оның киносына тыйым салып, сотқа шағым түсіреміз деп айбат шегеді-ау деп әсте ойламаған болуы керек. Обалы нешік, Борат Сағдиев басты кейіпкер болған киносының «саяси қуғынға» ұшырауынан дәл Саша Коэн еш зардап шеге қойған жоқ. Керісінше, фильмнің аты шыққан сайын, оны көрушілер саны арта түсті. Осылайша, қазақ үкіметі Қазақстанның атын жаманатты қылған киноның батыстық нарықтағы сатылымының көбеюіне үлес қосты. Дики Уоллес (Dickie Wallace) 2008 жылы шыққан «Hyperrealizing «Borat» with the Map of the European «Other» («Басқа» Еуропаның картасын қолданып, «Боратты» түсінудегі асыра сілтеу») атты мақаласында былай дейді: «Әдепкі кезде Борат Қазақстан сияқты алыс шығыста орналасқан елден болмауы тиіс еді. Барон Коэн сонау 1994 жылы ағылшын тілін шатып-бұтып сөйлейтін журналистің бейнесін ойдан шығарғанда, оның прототипі ретінде Албания немесе Молдовадан шыққан Кристо атты тележурналистің бейнесін сомдады. Кристо LWT/Канада телеарнасында және BBC арнасындағы Comedy Nation хабарында жылт етіп бір көрініп қалатын. Бірақ 4-арнадағы Eleven O’Clock Show хабарын жасау үшін Барон Коэн мен сценаристер бұл кейіпкерді Қазақстанға көшірді. Олар Қазақстанды картадан кездейсоқ таңдаған, Барон Коэн 2007 жылы қаңтарда Терри Гросқа берген сұхбатында осыны айтады: «Біз экс-Совет батпағынан таңдағанды жөн көрдік... ешкім ол туралы ештеңе естімеген болса дедік». Барон Коэннің алғашқы комедияларын жарыққа шығарған Эндрю Ньюман былай дейді: «Біз Қазақстанды еш ойланбастан таңдай салдық, ол туралы анықтап білу оңай болады деп ойламадық». Борат туралы фильмнен соң америкалық режиссер Ларри Чарльз бен Саша Коэн 2012 жылы тағы бірлесіп, ойдан шығарылған кейіпкер Аладин туралы «Диктатор» атты комедиялық фильм түсірді. Мұнда да Коэн сценарий жазуға атсалысып, өзі басты рөлде ойнайды. Бірақ бұл фильмнен түскен пайда «Борат» әкелген пайдадан асқан жоқ. Оның үстіне, «Диктатор» ойдан шығарылған африкалық мемлекеттегі оқиғаларға құралғандықтан, оның айналасындағы дабыраны Борат-пародиямен салыстыруға келмес.БОРАТТАН СОҢ...
Пародияның Қазақстанның абыройына келтірген көпе-көрнеу зардаптары да болды. 2012 жылы Кувейтте нысана көздеуден өткен Азия біріншілігінде Мария Дмитриенко алтын медаль жеңіп алған күні Қазақстанның әнұраны орнына «Бораттың» орындауындағы «әнұран» шырқалып, қазақ қоғамының наразылығын тудырды. Ал 2017 жылдың қараша айында Астанада «Борат-манкини» киген алты чехты полиция тұтқынға алды. Тым құрығанда, шілденің шіліңгірінде келмей, қарашаның қара суығында «шоу» көрсеткісі келгендеріне қарағанда, Қазақстан туралы шынымен мүлдем бейхабар адамдар. Егер ғаламтордан ауа-райын тексерсе, қараша айы Астанада қыстың басы екенін білер еді. Ақыры жергілікті полиция оларды үсік шалмай тұрып ұстап, әрқайсысына 22 500 теңге айыппұл салып, ел аумағынан шығарып жіберді. Осы жаңалық ғаламторда тарағаны сол, Саша Коэн дереу үн қосып, «Чех туристерінің айыппұлын өз қалтамнан төлеуге дайынмын» деп мәлімдеме жасады. Ол Фейсбуктағы парақшасында: «Маған өздеріңіз туралы мәліметтерді жіберіңіздер, сол туристердің дәл сіздер екендеріңіз дәлелденсе, бұл айыппұл шығынын қайтарамын» деп жазған. Бас-аяғы 400 доллардан сәл ғана асатын айыппұл шығынын қайтару Коэн үшін сөз емес, оның үстіне чех туристері оның «Боратына» одан әрі жарнама жасады емес пе? Одан да Коэн мырза осы фильмге түскен Глод қыстағындағы тұрғындардың ақшасын төлесе абзал еді. Бұл қыстақта мыңға тарта румындық өмір сүреді. Саша Коэн олардың ішінде «өздері жайлы деректі фильмге түскен» белсенділеріне 3 фунт стерлинг (1500 теңге шамасында) төлеген. Британдық Daily Mail басылымы фильм шыққан соң осы қыстақтан арнайы репортаж жариялап, ондағы тұрғындардың Коэнге деген өкпе-реніші жайлы жазған еді. Басылым журналисінің жазуына қарағанда, қыстақ тұрғындары өздерінің комедиялық фильмге түсіп жатқанын білмеген, оларға «өздері туралы, ауыр тұрмыс, кедейшіліктің ауыртпалықтары жайлы деректі кино түсіреміз» деген көрінеді. Ал кейін фильм жарыққа шыққанда, олар өздерін «жабайы адамдар кейпінде көрсеткеніне» қатты наразы болған. «Олар бізді өте қарабайыр, жабайылар сияқты көрсеткен. Олар бізге 15 лей ғана төледі, ал өздері миллиондап пайда тауып жатыр» деген глодтық тұрғындар Коэннің өтемақы төлеуін талап етті. Тіпті, осы қыстаққа келген адвокаттар Коэннен миллиондап өтемақы өндіріп беруге уәде еткені бар. Бірақ мұның бәрі дөңайбаттан әріге бармады. Қолы қысқа, тұрмысы ауыр қыстақ тұрғындары өз ашуына булығып қала берді. Олардың бар пайдасы – «деректі фильмге түскені үшін» әрқайсысына төленген үш фунт стерлинг қана. Өзіміз куә болған «Бораттың Қазақстанында» көрсетілген қисынсыз жайттардың бірсыпырасын мысалға келтірсек: Фильм Бухарестің солтүстік-батысында, Карпат тауларының етегінде орналасқан Глод (Glod) елді мекенінде түсірілген. Табиғаты Қазақстан сияқты кез келген елге ұқсайтын қыстақта негізінен румындар тұрады. Фильмде «қазақтар» болып ойнайтын «актерлердің» бәрі дерлік – шын мәнінде осы қыстақтың тұрғындары. Олардың көбісі осы фильмге не мақсатпен түсіп жатқанын білмеген; Фильмде «Құсық» деп аталған шағын ауылдың тұрғындары «өз тілінде», яғни румын тілінде сөйлейді. Ал Борат Сағдиевтің рөлін ойнаған Коэннің «қазақшасы» – шын мәнінде поляк пен иврит тілін араластырған қойыртпақ; «Борат» таныстыратын картада «Қазақстан» атты жазу «Кфяфлыефй» деп көрсетілген. Бұл шамасы, мемлекеттік тілді меңзесе керек. Шын мәнінде, дәл «Кфяфлыефй» деген сөздің қандай да бір жазу тілінде бар екені күмәнді; Фильмдегі саундтректер әлде румын, әлде балқандық, әлде түрік сазын еске түсіреді. Әлбетте, қазақ ұлттық әуеніне ұқсайтын бір нота естімейсіз; Бораттың «репортажында» «қазақтардың» «еврейді қуу» атты «ұлттық» ойыны көрсетіледі. Қазақстанда антисемитизм бар деп ешкім дау шығара алмайтыны бір бөлек, мұндай «ойын» ешбір халықта жоқ екені онсыз да түсінікті; Нью-Йорктан Калифорнияға мини-фургонмен сапарға шыққан Борат Сағдиев пен Азамат Бағатов өздерін қорғау үшін қоңыр аю «сатып алады». Қанша күлкілі болса да, «қазақтар» үшін аю үйреншікті үй жануары деп ешкімді сендіре алмас. Мысал үшін, егер «Қазақстан», «қазақтар» деп айдар тақпай-ақ, әлде Африкадағы, әлде басқа ғаламшардағы белгісіз бір халық туралы болса да, дәл осы туындыны мен «кино» деп қарамас едім. Өнерге деген талғам бар да, өлшем бар. Әркімнің талғамы – өз өресінің өлшемі.ҚАЙТПЕК КЕРЕК?
Сонда қайтпек керек дерсіз? Мұндай арзанқол әзіл, әрі қисынсыз өтірікке құрастырылған кино түсіріліп, британдық, америкалық, еуропалық тұрғындар Қазақстан деген елдің бар екенін біліп, ол туралы аталмыш фильмге орай пікір қалыптастырып жатса, оған не шара бар? Әлгі «Бораттың манкини киімін» киіп, аязды күні бүрсеңдеп, Астананың суығында жартылай жалаңаш суретке түсеміз деп жүрген алты туристі тұтқындап, елден аластатқандай, әлемдегі басқа көрермендерді қудалауға түсіре алмаймыз ғой. Немесе осы фильмді таратуға тыйым салғандай, дүниежүзіне тарап кеткен бар таспаны тәркілеп, жойып жібере алмайсыз ғой. Ендеше, қайтпек керек? Әлбетте, «бұл фильм жалпы Қазақстан туралы емес» деп, «пәлсапалық» тұрғыда қарайтын интеллектуалдар да табылар, оған күмәніміз жоқ. Бірақ «жақсының артынан сөз ереді» деп сыпайылап, өз кемшілігімізді жуып-шаюдың да реті келмес. Себебі егер қисынға салсақ, мұндай фильм басқа емес, Қазақстан туралы түсірілді ме – оған себеп бар. Кездейсоқтықтың өзі кездейсоқ болмайды. Базбіреулер топшылап жүргендей, саяси тапсырыс болса ше? Бірақ ендігі мәселе Коэн мырзаға «қазақ журналисінің» рөлін сомдауға ой салған, одан осы фильм туралы идеяға түрткі болған себепте емес. Мәселе – егер бұған дейін Қазақстан туралы әлем жұртшылығы анық құлағдар болса, Коэнның «қалжыңы» нанымсыз шығар еді әрі өтімсіз тауар болар еді. «Қайдан келдіңіз?» деген сұраққа «Қазақстаннан» деген жауапты естігенде, шетелдік азаматтардың ішінде ілуде біреуі сондай мемлекеттің бар екенін еске түсірер. Онда да саяси жаңалықтарды үзбей қарайтын сауаттысы мұнайға бай ел екенін айтар. Ал олардың Қазақстанның «жетістіктерін» былай қойғанда, қазақ деген халықтың өнері, тарихы, мәдениеті, әдебиеті, салты, тұрмысы, ұлттық тағамы жайлы ой жүгіртіп те көрмегеніне бәс тігем. Қазақ, басқа кез келген ұлт сияқты, озса, өнері, білімі, ғылымы және әдебиетімен озады. Өнері озған жұрт қана өзгелерді билейді. Біздің «боратшылдыққа» беретін жауабымыз да сол болуы керек. Әйтпесе, жығылып жатып, сүрінгенге күлген немесе кемшілігін күлкі қылған адамға кектенген ақылсыздың күйін кешеміз. Расында, біз әлі «Борат-пародияға» лайықты «жауап» берген жоқпыз. Осы аттас фильмге және Саша Коэн сияқты сайқымазақ актерге, тіпті «Бораттың» фанаттары – чех туристеріне наразы болып, ашу-ызамыз келетіні содан. Керісінше, Борат-пародиясы үшін Саша Коэнге рахмет айту керек шығар. 2011-2012 жылдары сыртқы істер министрі болған Ержан Қазыханов Парламентте сөйлеген бір сөзінде былай дегені бар: «Бұл картина жарыққа шыққалы Қазақстаннан берілген визалар саны он есе өсті. Бұл керемет жеңіс, Қазақстанға келетін туристер қатарын арттырғаны үшін Боратқа рахмет айтамын». Жоқ, оған рахмет айтсақ, туристер санын күрт арттырғаны үшін немесе манкини киіп, «I love Astana» деген жазудың алдында суретке түсеміз деп әлекке түскен чехтарды келтіргені үшін емес. «Біз кімбіз? Төрткүл әлемдегі орнымыз? Өзгелерден ерекшелейтін ұлттық «меніміз» бар ма?» деген сұрақтарды өзімізге қоюға мәжбүр еткені үшін. Әрине, оның белден жоғары көтерілмей қалған қарабайыр юморы – өзінің өресі, бірақ әлемде Қазақстан деген халық бар екеніне жұрт назарын аударып, ең бастысы, біздің өз-өзімізге сынай қарап: «Осы біз қандаймыз?» деп ойлануға, келешекте қазақты сөзбен емес, істе танытуға түрткі болса, неге рахмет айтпасқа?АШУ – АЛДЫ, АҚЫЛ – СОҢЫ
Борат Сағдиев атты қазақ журналисінің рөлін Саша Коэн 2000 жылдардың басында британдық телеарнадағы Da Ali G Show деп аталатын хабарда ойнай бастағанын жоғарыда айттық. Бірнеше жыл қатар британ және америкалық телеарналарда көрсетілген шоу айтарлықтай танымал болды деу қиын. Бірақ Саша Коэннің анайы әзілдері, «британдық» юмор, оның актерлік өнеріне ықылас танытатын өз көрермені болды. Бұл кезде Қазақстан деген ел, ондағы қазақ деген халық өзі «туралы» осындай хабар тарай бастағанынан, ал өзі сайқымазақтың нысанасына айналғанынан мүлде бейхабар еді. Тек Британиядағы, АҚШ-тағы елшілікпен байланысы бар қызметкерлер немесе іссапармен осы елдерге барған шоғырдай топ қана бұл хабарды көрген-ді. Сол жылдары Британ Кеңесінде қызмет еткен, фильмді Лондонға бір іссапары кезінде алғашқылардың бірі болып көрген Ерлан Асқарбеков 2016 жылдың қазан айында Борат туралы фильмнің шыққанына 10 жыл толуына орай BBC сайтында арнайы мақала жариялады. Сол кездегі жағдайды сипаттай келіп: «Бұл фильм Бораттың «Отанынан» гөрі америкалықтарға арналғанын қазақстандықтар тез түсінді. Саша Барон Коэннің мақсаты – АҚШ-қа сырт көз ретінде қарау және Бораттың айналасындағы америкалықтардың басты кемшілігін – өздерін АҚШ-тан басқа жақта ел жоқ сияқты ұстайтынын ашып көрсетуге ұмтылған» деген пікір айтады. 2006 жылы фильм жарыққа шыққаннан кейін «Борат Сағдиевтің Қазақстаны» жайлы төрткүл әлем құлақтанды десек, артық айтқандық емес. Обалы нешік, Қазақстанды білмек тұрмақ, бұл елдің атын естімеген америкалықтар, британдықтар фильмнің сюжетін шынға балады. Ал елге бұл кино туралы там-тұм мәлімет жетіп, ресми мәлімдеме енді жасала бастағанша, оның бар ауыртпашылығын осы жылдары сыртта оқып жүрген қазақ студенттері көтерді. Себебі сол жылдары Қазақстанның атын ести салысымен шетел азаматтары: «А, Борат!» деп ашықтан-ашық күлетін жағдайға жеткен. Мұндай мазаққа шыдамай, Британ уинверситетінде оқитын қазақ студенттердің шетелдіктермен төбелесіп қалған кездері де болған. Студенттердің айтуынша, сол кезде Болат, Мұрат атты жігіттердің жағдайы тіпті қиындап кеткен еді, себебі олардың атын естіген өзге ұлт өкілдері «Борат?» деп қайыра сұрап, күлкі етуге дайын тұратын. Тіпті, Британияға 2009-2010 жылдары оқуға келгендердің өзі жергілікті тұрғындармен Боратқа байланысты шекісіп қала беретін. Oxford, Nottingham, Bristol және басқа университтерде сол кезде білім алған қазақ студенттердің көбісі мұны растайды. Тіпті, Mirror.co.uk сайтында 2010 жылы Exeter университеттерде оқитын қазақ студентінің екі бейтаныс жігітті ұрып-соққаны үшін сотқа шақырылғаны, ал төбелеске себеп болған Борат туралы зілді қалжың екені жайлы ақпарат жарияланды. Есесіне сол кезде UCL, King’s Colledge London, Queen Mary және басқа оқу орындарында Қазақ қоғамдарының (студенттік ұйымдар – Г.О.) танымалдығы күрт артып, оған жергілікті студенттер де, шетелдіктер де топтап жазылып, әрқайсысы бес фунт жарна төлеп, мүше болған. Әр университеттегі Kazakh Society (Қазақ қоғамы) аталатын ұйымдарды олар «Бораттың фан-клубы» деп ойлағаны кейінірек анықталған екен. Дегенмен, Британияда білім алып жатқан қазақ студенттерінің бұл фильмге және Борат бейнесіне деген пікірі бүгінде өзгерген. Осыдан он жыл бұрын Бораттың атын естігенде төбелес шығаратын қазақ жастары қазір бұл фильм қазақтарды емес, америкалықтарды мазақ етуді мақсат еткен деп санайды. Олардың дені Саша Коэн америкалықтардың білімі таяз екенін, өресінің шектеулігін меңзеп, теледидардан не көрсетсе соған иланатын ойсыздығын сынаған деген пікірде. Әсел ҚАМЗА, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Глазго университетінің докторанты:«Борат» докторлық зерттеуімнің тақырыбына өзек болды
– 2006 жылы Берлин қаласына Жас демократия мектебінің сессиясына Қазақстан атынан бір топ жас сапарға аттандық. Біздің ел туралы Ұлыбританияның комедия актері фильм түсіріп, онысы Еуропаның бүкіл кинотеатрында көрсетілімге шыққан кезі еді. Ойымызда ештеңе жоқ, біз де кешкі сеансқа бардық. Хронометражы бір жарым сағатқа созылатын бұл фильмнің о бастағы мақсатын түсінбедік. Мұндай да фильмді әлемдік прокатқа шығаруға бола ма екен деп ойладым. Күлетіндей түгі жоқ. Әлде біз Еуропаның әжуа-әзілін дұрыс түсіне алмадық па? Кинотеатр залы лық толы болмаса да, біраз адам әдеттегі поп-корндарын жеп, күліп отырды. Шыны керек, намыстандым. Тыйым салынса да, фотоаппаратымызбен ақырындап кино кадрларын түсіріп алдық. Сол кезде Германияның республикалық телеарнасы Қазақстаннан жас азаматтар келгенін естіп, бізді орталық алаңына шақырып, сұхбат алды. Фильм туралы пікірімізді білгісі келген екен. Кешке қарай жаңалықтардан көрсетті. Бірақ редакторлар өзіне керегін ғана алып, маңыздысын кесіп тастапты. Сонымен не керек, Қазақстанға қайтқан соң топтағы студенттер мен мұғалімдерге кинотеатрда түсірген фотоларды көрсетсем, әлі «Бораттан» бейхабар екен. Бірнеше ай өткен соң ғана жайлап ақпарат келе бастады. Араға бірнеше жыл салып, Ұлыбританияға оқуға келгенімде, жергілікті жастардың Қазақстан десе, Боратты еске түсіретінін байқадым. Оның үстіне Amazon, Ebay сияқты сайттарда «Борат» әлі де сатылып жатыр. Иә, көзі ашық, оқыған жұрт көрсетілген оқиғалар Қазақстанға қатысы жоқ екенін түсінеді. Алайда қарапайым жұрт оны Қазақстанмен байланыстырып, ақпаратты «жұтып алды». 2017 жылы Глазго университетінің докторантурасына оқуға түсіп, «Ұлт брендингі Қазақстан мысалында» атты тақырыпты бекіттім. Бұл тақырыпқа 2006 жылғы «Борат» фильмі алғышарт болды десем, артық айтқаным емес. Фильм және Қазақстанның әлемдік аренадағы имиджін ғылыми тұрғыдан зерттей келе, керісінше, «Борат» еліміздің танылуына себепкер болды деген қорытындыға келдім. Сыртқы істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2012 жылы Қазақстан визасын алу үшін берілген өтініш саны 10 есе артқан. Әрине, «Борат» мақсаты бізге келетін туристер санын көбейту болмағаны анық. Менің ойымша, Орталық Азияның 5 елінен Қазақстанды таңдағаны бекер емес. Негізгі мақсаты – қаржысы көп елді әлемдік брендингпен айналысатын алпауыт компаниялардың көмегіне жүгіндіру болды деп ойлаймын. BBC, CNN арналарынан 1-1,5 минуттық promotion видеоларымыз көрсетілді. АҚШ пен Ұлыбританияның республикалық газеттеріне тапсырыспен Қазақстан туралы мақалалар басылды. Біз ақпараттық шабуылға дайын болмай, осылайша ақталдық. «Борат» фильмі бізге үлкен сабақ болды. Ал «АстанаEXPO 2017» халықаралық имидж саясатындағы олқылығымызды түзеткен сияқты.Әлия СЕМБАЕВА, Ливерпуль университеті Химия факультетінің докторанты:
Бұл фильмге юмормен қарасақ
– Ұлыбританияға алғаш рет 2015 жылдың күзінде табан тіредім. Сонда «Қазақстаннан келдім» деп өзімді таныстырғанда алған жауабым – әуелі «Борат» деген сөз, артынша – мысқыл күлкі. Ол кезде мен Бирмингем университетінің зерттеу магистратурасына түскен едім, осы университеттің өкілдері мені әуежайда күтіп алған болатын. Сол жылы жиі байқағаным – Қазақстанның атын естіген шетелдіктердің көбісінің ойына ең бірінші Борат түсетін. Шынымды айтсам, Борат туралы фильмнің Қазақстанның атын әжуаға айналдыруға себеп болғаны өкінішті әрі бұл фильм туралы теріс пікір өте көп болғандықтан, оны көрген емеспін. Әйтсе де, оған юмормен қарауға тырысу керек деп санаймын, ал Қазақстанның атын Боратпен байланыстырғаны үшін ешкіммен тәжікелесіп те жатқым келмейді. Қазір мен Ливерпуль университетінде механохимия саласында PhD зерттеу жасап жүрмін, бұл оқу орнында Қазақстан туралы пікір-көзқарас мүлде бөлек. Менің PhD әріптесім, итальяндық студент Мәскеу қаласында Астана-балет труппасының өнерін тамашалаған екен, олардың талантына әлі сүйсінетінін айтады. Сондай-ақ, басқа шетелдіктермен және зерттеушілермен сөйлескенде аңғарғаным, олар қазақтың талантты шахматшылары мен велосипедшілерін білетін болып шықты. Физика пәнінен дәріс оқитын профессорымыз Астанада болғанын, былтыр Қазақстанда ЭКСПО көрмесі өткенін білетінін айтты. Қысқасы, докторлық бағдарламаны бастағалы мен Борат туралы бір ауыз сөз естімедім. Меніңше, қазақстандықтар бұл фильмге юмормен қарау керек, себебі бұл бар болғаны фильм емес пе. Ал Қазақстанның шын мәнінде қандай екені біздің іс-әрекетімізден көрінетін болады.Мариям, Ланкастер университетінің докторанты:
Қазақстанды басқаларға таныстыратын бренд керек
– 2007 жылы Британияға оқуға келер алдында бұл фильмді арнайы көрдім. Алда-жалда британдықтар ол туралы сұрай қалса, айтар ойымды жұптап алайын дегенім ғой. Бірақ Оксфордта оқыған жылдары менен бұл фильм туралы ешкім ештеңе сұраған емес. Расын айтқанда, бізге бір нәрсені түсінетін кез жетті деп ойлаймын: бұл фильм Қазақстан туралы емес, бұл – батыстық қоғамның нәсілшілдік, семитизм, мизогиния, гомофобия, саяси сауаттылық, толеранттылық т.с.с. ішкі дерттерін әшкере ететін фильм-провокация. Коэннің өзі – Кембриджде тарих мамандығы бойынша білім алған маман. Өзі еврей отбасынан шыққан, олар холокост кезінде әрең аман қалған. Өз сұхбатында Коэннің бір айтқаны бар: кезінде Германияда еврейлер мен басқа ұлттардың жаппай қырылуының себебі барлық адамдардың еврейлерді жек көргендігінен емес, көпшілік өзгелердің басындағы жағдайға немкетті қарайтындығы себеп болған деп санайды. Коэн өз фильмінде осы немкеттілік жайлы идеяны одан әрі қаузайды: ол көп нәрсені әдейі істейді, осылайша басқа адамдардың қалай әрекет ететінін көргісі келеді, мысалы, біреу қара нәсілді адамдарды сыбап жатқанда, жанындағы ақ нәсілді адам жәй тыңдап тұра бере ме деген сияқты... Фильмнің продюсері Саша Барон Коэн өз сұхбаттарында біздің халықтың намысына тию немесе оны мазақ ету ниеті болмағанын талай рет айтқан. Қазақстанды олар кездейсоқ таңдаған, себебі батыс елдерінде біздің ел туралы ешкім ештеңе білмейтін. Борат туралы кино 2006 жылы жарыққа шықты, яғни Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болғанына он бес жыл толған кез еді! Сол уақытқа дейін біздің елдің атын шығаратын ұлттық бренд жасай алмаған шенеуніктеріміздің кінәсі деп ойлаймын. Мысалы, Чехияны айтқанда – чех сырасын, Болгарияны сөз еткенде – бұлғар бұрышын, Моңғолияны атағанда – моңғол кашемирін еске түсіретіні сияқты бізді айшықтайтын төл брендіміз болуы керек еді. Өз ырқымыздан тыс 2006 жылы «Борат» біздің «брендімізге» айналды. Есесіне, 2018 жылы біздің брендіміз – Геннадий Головкин! Қазір британдықтар, америкалықтар мен канадалықтар менен Борат туралы емес, Гена туралы сұрайды. Британияда енді Қазақстан туралы сөз бола қалса, ауызға әуелі осы боксшымыздың аты ілігеді. Ендеше, біздің жаңа брендіміз – Головкин!Ұлыбритания