Украина НАТО-ға мүше бола ма?

Украина НАТО-ға мүше бола ма?

Украина НАТО-ға мүше бола ма?
ашық дереккөзі
Украина мен Ресей арасындағы ұзақ жылға созылған шиеленіс мүлдем күрделеніп барады. Жақында Ресей президенті Владимир Путин Донбастағы қақтығыстарды Шешенстандағы соғыспен салыстырды. Ол Украинаның шығысындағы кикілжіңді шешу үшін Киев сепаратистер аумағына ерекше мәртебе беру керек, кезінде Мәскеу де Шешенстан республикасына осындай мәртебе берген деп мәлімдеді. Оның бұл сөзінің астарында не жатқанын кім білсін, бірақ Қырымды Украинаға қайтару мүмкіндігін жоққа шығарды. «Ондай жағдай болуы мүмкін емес», – деп мәлімдеді. Ресейдің ішкі жағдайына қатысты сұрақтарға жауап берген Путин өзі басқарып келе жатқан жылдары Ресейді ​авторитарлық мемлекетке айналдырды деген пікірге келіспейтінін жеткізді. «Бұл әрине, ешқандай шындыққа жанаспайды. Өйткені біз демократиялық мемлекетпіз, Конституция аясында өмір сүреміз», – деді ол. Ал Украина тарапы Ресейге қарсы позиция ұстанып отырған бұрынғы посткеңестік бірқатар елдермен ортақ мәмілеге келуде. 9 маусымда Киевте өтетін Украина, Польша, Молдова, Грузия мен Литва мемлекеттерінің парламент басшыларының кездесуінде НАТО ұйымына мүше болуға ниеттеніп отырған аталған елдер парламентаралық ассам­­блея құрып, өзара татулығын дәлелдей түспек. Ресми Киевтің де асығып отырғаны сол. Себебі 10-12 шілде күндері  өтетін НАТО ұйымының саммитінде жоғарыда аттары аталған посткеңестік елдердің тағдыры шешілмек. Олардың бәрі НАТО ұйымына мүшелікке өтпесе де, алғашқы қадам жасалатыны сөзсіз. Ал бұған Ресей қалай қарайды? Бір айта кетерлігі, біраз жыл бұрын Петербургте өткен экономикалық халықаралық форумда Ресей президенті Владимир Путин: «НАТО әскери одағының шекарамызға жақын келгені былай тұрсын, ертең олар Украинаны да ұйымға мүше етуі мүмкін. Сөйтіп олардың территориясына радар орнатып, ракетаға қарсы қорғаныс жүйесін әкеліп орнатуы да кәдік. Ескертемін, қызыл сызықтан бері қарай өтуге болмайды», – деп мәлімдегені есте. Одан бөлек Путин Украина президенті Петр Порошенконың «Украина Еуродақ пен НАТО әскери ұйымына толыққанды мүше болуға ұмтылады. Бұл – басты мақсатымыз», – дегенін ұмыта қойған жоқ. Сондықтан Путин Еуродақ елдеріне қалай да ескерту жасап бағуда. Тіпті, АҚШ және өзге шетел мемлекеттерінің санкциясына жауап ретінде мамыр айында Федерация кеңесі қабылдаған қарсы санкцияға қол қойды. Атап айтқанда, қарсы санкцияның нысаны болып табылатын белгілі бір саланың, сауда мен қызмет көрсетудің нақты тізімдерін алып тастады. Бірақ Украина алған бетінен қайтар емес. Көздегені – Ресейдің ықпалынан құтылу. Ол ол ма, ресми Киевтің ТМД-ға қатысты бүкіл құжатын жойып, мүшеліктен шығуы да көп жайтты ескертсе керек. Парламентаралық ассамблеяға аталған үш елден басқа Польша мен Литва парламентінің төрағалары да қатыспақшы. Соңғы екі ел Украинаның Батыстағы қорғаушы әрі қолдаушы серіктестерінің бірі болып отырғанын айта кетуіміз керек. Бұл ғана емес, Андрей Парубий «2019 жылы Украинада НАТО ұйымына мүше елдердің парламентаралық ассамблеясы өтуі мүмкін» екенін мәлімдеді. Елде басталып жатқан реформаға сәйкес Украинаның қарулы күштері НАТО-ның әскери талабына сәйкестендірілуі тиіс. Содан кейін ғана Украина НАТО-ға мүше болуға талап-арыз бере алады. Осыдан бір жыл бұрын Жоғары Радада қабылданған заңда «аталған ұйымға мүше болу – Украинаның жақын уақыттағы стратегиялық мақсаты» деп атап көрсетілді. Таяу уақытта Украина тағы да «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заң қабылдамақ. Президент Петр Порошенконың айтуынша, «бұл заң елді НАТО ұйымына бұрынғыдан да  жақындата түседі». 2013 жылы халықтың 13 пайызы НАТО-ға кіруді жақтаса, ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 53 пайызға жеткен. Ал Украинаның бұл қадамына әскери одақтағылар қалай қарайды? НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг те «Украина жоспарлы түрде әскери реформа жасауы тиіс. Сонда ғана олардың НАТО-ға  мүше болуға мүмкіндіктері артады» деп жауап берді. Алайда Ресей президенті бұған түбегейлі қарсы екенін емеурінмен танытқан. «Бұл мәселені Украина мемлекеті өзі шешеді. Ең бастысы, Украина аймағында біздің қауіпсіздігімізге нұқсан келтіретін әскери нысан пайда болмауы керек», –  деді Путин.