Қарт Каспий+Қара теңіз = ?

Қарт Каспий+Қара теңіз = ?

Қарт Каспий+Қара теңіз = ?
ашық дереккөзі
Ертең, яки 8 маусым – Дүниежүзілік мұхиттар күні! Желөкпеге күнде той екеніне сәт сайын көзіміз қапысыз жетіп жүргенмен аталмыш айтулы мерекенің жүдә жөні бөлек, мәні басқа. Жер ғаламшарының 75 пайызын тұңғиық терең сулар тұтаса жауып жатқанын, ол ол ма, жер бетіндегі судың 97,6 пайызы әлемдік төрт мұхит – Тынық, Атлант, Үнді, Солтүстік мұзды мұхит пен телегей теңіздерде жинақталғанын біз жазбай-ақ жақсы білетін адамзат сол шетсіз-шексіз су айдындарындағы сан алуан тіршілік иелері аяулы алақанды, көздің қарашығындай қорғаштауды талап ететінін мойындауға керенау. Сонымен... шетсіз-шексіз су айдындары мен мұхиттардың мәңгі жасыл жағалауларында күн кешіп, бұйырған нәсібін теріп жеп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстар ықылым заманалардан сақталып қалған салт-дәстүрлері, діни наным-сенімдеріне сай сан түрлі жоралғыларды жасайды: теңізшілер мен балықшылар жалаңаш балтырларын жарқылдата жанған от пен мөлдір суды шыр айналып билер-дүр; табиғат қорғаушылары талай тың жобаны жүзеге асырдық деп мақтанбақ-дүр; экологтардың біразы шалқар сулардың сан түрлі түйткілдерін сапырып, екпіндей әрі ежіктей сөйлеп, көгілдір экранның алдына талай жұртты жіпсіз байлап қоймақ. Бәрі орынды, бәрі дұрыс. Бірақ бұл айтулы мереке мұхиттардан алыс жатқан, телегей теңізге шығар жолы жоқ талай елдерді, әсіресе, көлемі жағынан әлемде 9-орын алатын қияндағы Қазақстанды сырт айналып өтетіні өкінішті-ақ. Сайын дала елінің ұлы мұхиттардың айтып тауыса алмайтын түйткілдеріне көкірегі қарс айрылып, онша күйзеле қоймайтыны неліктен? Алыс Атлант мұхитының жағасында ат шалдырып, дулығасымен су ішкен айбарлы Атилла (Еділ батыр), ХІІІ ғасырда далалық салт аттылардың қалың қолын бастап, соңынан түйдек-түйдек шаң қалдыра Тынық мұхит жағасына жетіп, тұлпарларының ауыздығын бір-ақ тартқан Мұқалай (Мұқали) болмаса, ақ бас толқындары тулаған алып мұхиттардың суына бетін жуған бар ма екен? Біздің ғасырымыздан 1150 жыл бұрын өмір сүрген арабтың әйгілі жазушысы әл-Жахиздің (775-868)  кең жазирада тұлпарларын ойнатқан түркілер туралы: «Түркі қорықпайды, бірақ қорқыта алады. Бір нәрсені қаласа, алмай тынбайды. Болмашы нәрсеге қол созса да, міндетті түрде табысқа жетеді. Түркілер – адал. Оларда көңілге қонымсыз пікірлер, шектен тыс жаулық ойлар жоқ. Сымбатты денелері мен дауыстары секілді сөйлеген сөздері де әдемі естіледі. Әрбір түркі өзін – арыстан, жауын – аң, астындағы сәйгүлігін – елік деп есептейді. Түркілер жалтақтауды, жалынуды, жылтыр сөзді, опасыздық, сатқындықты, өтірік айтуды, сенген адамдарына тәкаппарлық көрсету мен жамандық жасауды, арам ойларды білмейді. ...Түркілер ат үстінде туғандай берік отырады. Шайқаста өз жауларын оп-оңай аударып-төңкеріп кете алады. Он ұлттан шыққан он жігіттің күшін бір кісіге жинасаң да, жалғыз түркінің күшіне тең келмейді. Түркілер әрқашанда ар-намысына өте берік. Соғыста да, бейбіт өмірде де айлакерлік пен арамдықты білмейді. Арам пиғылдан туған мүмкіндіктерді өз пайдасына бұруды намыс санайды. Өздері де, сөздері де келісті. Араларында бір-біріне жала жабу деген әсте болмайды. Олардың басқа біреудің дүние-мүлкіне көз алартуы, екіжүзділігі, біреуді жамандауы, тәкаппарлық көрсетуі жайлы ойлаудың да қажеті жоқ. Олар Отансүйгіштікті бәрінен де жоғары қояды. Жер жаулап алу үшін емес, үстемдік құру үшін соғысуды ұнатады. Ең көп сөз ететіні – ұрыс, жеңіс. Ермектері – ат, қару. ... Өйткені олардың жаратылысы қозғалысқа, өне бойы іс-әрекетке негізделген. Тыныштық атаулыда үлесі жоқ. Рухани күштері дене күштерінен әлдеқайда артық», – деп шынайы ризашылықпен қауырсын қалам тербегеніне қалай сүйсінбессің, кеудеңді баба түркілерге деген мақтаныш қалай кернемесін? Беу, біздің далалықтардың да басында бақыт құсы тынбай айналған небір алтын ғасырлар өткен ғой. Ал ерте ғасырларда жел жетпес сәйгүліктерінің ұшқан құспен жарысқан шабысымен дүниенің дөңгелек екенін дәлелдеген түркілердің құрамдас бөлігі – қазақ халқының ұлы арманы орындалуы мүмкін бе? Асқақ арман орындалу үшін не істеу қажет? Мұхитқа шығудың қандай төте жолы бар? Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев биыл 14 мамырда Сочи қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Ұлы дала елі үміт етіп отырған кеме жолының жобасын әріптестерінің есіне қайта салды. «Келешегі зор жобаның бірі – Қара теңіз бен Каспийді су жолымен байланыстыратын «Еуразия» каналының құрылысын жүзеге асыру қажет. Сонда Еуразиялық экономикалық одақ инфрақұрылымы Азия мен Еуропаның, Шығыс пен Батыстың, Тынық және Атлант мұхиттарының арасында көпір бола алады», – деді Елбасы. Бұл мегажобаның көпшілік назарын, білікті ғалымдар мен сарабдал зерттеушілердің назарын аударғаны тек биыл ғана емес. Бұл ұсыныс осыдан 11 жыл бұрын, 2007 жылы маусым айында Санкт-Петербург қаласында өткен Халықаралық экономикалық форумда әлемдік деңгейде алғаш рет көтерілген болатын. Кейбір деректерге сенсек, мұндай аса ауқымды әрі тиімді жоба ең алғаш рет Кеңес Одағы кезінде, 1936 жылы көтерілген-мыс. Мейлі, кім, қашан көтерсе де, бұл жобаның таяу жылдарда жүзеге асырылуы Ресей үшін де, Қазақ­стан үшін де аса тиімді болатынына күмән келтірмейтіндердің саны жыл санап ұлғайып келеді. Санкт-Петербургте Ресей президенті Владимир Путин де осы тың идеяны бірден қолдап: «Бұл канал Каспий маңы елдерінің геосаяси жағдайын өзгертіп, теңіз державасына айналдырар еді», – деп қалғаны бар-ды. Өкінішке қарай, Ресей президенті қарт Каспийдің айналасындағы елдің бәрі бір күнде теңіз державасына айналып кетер деп сескенді ме, әлде басқа да геосаяси жағдайлар көлеңкесін түсірді ме, әйтеуір «Еуразия» каналы мәселесін кейін қозғай қойған жоқ. Ал жиі қозғауы керек-ақ еді... Тиімділік мәселесі бір басқа, жалпақ жұрттың алды болып Ресей экологтары өре түрегелген. Қарсылық білдіріп. Олар ә дегеннен: «Канал аймақтың гидрологиялық жүйесін бұзады. Жаңа су кеңістігінің пайда болуы жауын-шашын режіміне әсер етіп, микроклимат өзгереді. Каналға теңіздің ащы суы толуы да қауіпті. Бұл топырақтың, жер қыртысының азып-тозуына әкеліп соқтырады», – деп байбалам салған еді. Айта кету керек, жалпы ұзындығы 700 шақырым, ені 70-80 метр, тереңдігі 5 метр болатын «Еуразия» каналы Дағыстанды, Қалмақ Республикасын, Ставрополь өлкесі мен Ростов облысының аумағын кесіп өтеді деп жоспарланған. Турасын айтсақ, әлгі байбаламшыл экологтар аса қуаң қалмақ даласының бірер түп қияғы мен Ставрополь көлдеріндегі қара бауыр қасқалдақтар мен шүрегей үйректерді қорғау үшін қиқуға басты дегенге илана қою, әй, қиын. Ресей экологтары табиғаттың өзін-өзі қалыпқа келтіре алатын қуаты барын, канал кесіп өткен аймақта тез арада, 5-10 жыл көлемінде жаңа экожүйе қалыптасатынын бәрімізден артық біледі. Суэц каналының тарихын білмей оларды не қара басыпты? Айта кетейік, 1869 жылы 17 қарашада ашылған Суэц каналы 160 шақырымға созылып жатқан, жаңа замандағы ең алып канал. Арнасы 350 метр, тереңдігі 20 метр. Ал осы Суэц каналы қоршаған ортаға әсерін тигізбеді (зиянын емес) деп кім айтар? Ең бастысы, қазір Египет осы каналдан орасан зор пайда тауып, Мысыр халқы кейінгі 70 жылдан астам уақыт бойына майлы жілікті беймарал мүжіп отыр. 1914 жылы салынған Панама каналының тарихы да орыстың әсіре патриоттарына сабақ болар емес. Атлант және Тынық мұхиттарын тар қылта арқылы қосқан бұл каналдың жалпы ұзындығы 81 шақырым, ең таяз тұсының тереңдігі 12 метр. Осы канал арқылы жылына 14-15 мың кеме өтеді және олардан түскен пайда Панама мемлекетінің бюджетін құрайтын басты табыс көзі болып табылады. Мұндағы алып 3 шлюз канал суын 26 метрге көтеріп немесе түсіріп тұрады. Халықаралық транзит, туризм ел экономикасына елеулі табыс әкелсе, тағы бір қызығы, осы канал бойында өсіру қолға алынған креветкалар (сірә, су шаяндарының бір түрі болар. Қалталы қазақтар қымбат мейрамханаларда дәмін татқан шығар – Ж.Ш.) Панама экспортында табыстылығы жағынан екінші орынды алады. Шынын айтуға тиіспіз, Ресей экологтарының басым бөлігі саяси, психологиялық қысым, идеологиялық қару ретінде қолданылып келе жатқаны бір бүгін емес. Өткен ғасырдың 80-жылдарында-ақ олардың көпшілігі өздерінің шынайы бет бейнесін, көкірегіндегі зымыстан ойларын байқатып алған. Естеріңізде болса, Сібір өзендерін Арал теңізіне бұру туралы ой алғаш айтылған күннен бастап әлгіндей «табиғат қорғаушылары» қалың түмен болып өріп шыға келген. Табанды қарсылық білдіріп. Әлдебір АҚШ ғалымының болжамдарын негізге алып, көбі: «Сібір өзендері Қазақстанға бұрылса, бітті, адамзат басына Нагасакиге түскен атом бомбасынан қауіпті нәубет төнеді. Сібірдің мәңгі мұз тоңы күрт жібіп, қалың батпаққа айналады, Жер шарының табиғи өкпесі, тынысын ашып тұрған қалың тайга тып-типыл болып қурайды. Солтүстік мұзды мұхиттағы ақ аюлар аштан қырылады, морждар мүрдем кетеді, альбатростар ақыл-естен айрылады, мәңгі мұздар мен қарлар күрт еріп, Арктика тыржалаңаш, жадағай боп қалады» – деп, гөй-гөйлеген. Әрине, аз-маз қарабайырландырып отырғанымыз рас, бірақ сол жылдары Ресей Ғылым академиясының қорытындысы да (қанша түсініксіз ұғымдарды тықпаласа да) дәл осындай пікірге сайған еді. Сайын даладағы қайран жұрт, аңқау қазақ: «Қап, әттеген-ай, сондайы бар ма еді мұның? Арктика ерісе, адамзат Һарап болады екен ғой. Құрысын, өйтіп-бүйтіп амалдап күн көрерміз», – деп қашанғысындай қанағатшыл қалыпқа түскен. Содан бері Сібірде қаншама мұнай кеніштері ашылып, күндіз-түні сұйық алтынды сыртқа бұрқылдатып сорып жатыр, қаншама газ ұңғымасы көгілдір отынды қияндағы Қытай мен алыс Еуропаға тоқтаусыз айдауда дерсіз. Қазір де күндіз-түні тоқтаусыз ағызып жатыр. Әттең, әлгі «табиғат жанашырлары», әйгілі экологтардың үні естілетін емес. Тайгаға қауіп төнбеген сияқты, ендігі мәңгі тоң ешқандай эрозияға ұшырамаған іспетті бәрі тым-тырыс. Міне, мәселе қайда?! Расында, біз осы біртүрліміз. Өзге ұлттардың өңеші зор, өктем өкілдерінің аузынан шыққан сан қилы ұсыныстарды «Ләппай, тақсыр!» деп қолдай, қолпаштай кетуге әманда дайын болсақ та, өзіміз айтқан қисынды ұсыныс, тың ойға тосырқай қарап, тасыр мінез көрсететін қисық мінезден кейбір қандастарымыз арылмай-ақ қойды. Өмір сүру салты сондай ма, әлде тірлік арбасының тертесін бұра тарту сүйексіңді әдеті ме, әйтеуір, мұндайда аң-таң қалмастан басқа амал жоқ. 2007 жылы-ақ Қазақстан Президентінің тосын ұсынысын жақтырмағандар өз ішімізден көптеп табылды. «Мұндай каналдар қазу техникалық жағынан күрделі. Өйткені жер бедеріне байланысты суды әр жерден айдап отыруға тура келеді. Каналдың экономикалық жағына келетін болсақ, мен осы канал арқылы тасымалданатын мол тауар түрін көріп отырғаным жоқ. Бұл идея әзірге фантастика сияқты», – деді экономист Қанат Берентаев қабырғасы шындап қайысқандай болып. Ол ол ма, «Табиғат» экологиялық қозғалысының төрағасы Мэлс Елеусізов: «Каспий теңізі мұхит деңгейінен төмен. Оның суын көтеру қиын болады. Ол үшін көптеген шлюздер керек, қаншама насос станцияларын қою керек. Ол сұмдық қымбатқа түседі. Қазір оны жүзеге асыра қоямын деу, жәй сөз, популизм ғана», – деп пайым қылған. Осы біз өз-өзімізге неге сенімсізбіз? Елімізге пайдасы тиетін, экономикамызды серпілтіп, қарыштап дамуға септігін тигізетін жобаларды неге жатырқаймыз? Ресей Өңірлік мәселелер институтының бас директоры Дмитрий Журавлев бір сөзінде: «Қазақстан әлемдік мұхитқа шығатын жолға ие болады. Ондай жағдайда Қазақстан Қытайға транзит болса да, болмаса да ұтылмайды», – деп қалғаны бар еді. Білікті ғалым бұл сөзді білместікпен айтпағаны айқын. Өйткені жаңа канал салынар болса, онымен 8-10 мың тонна жүк көтеретін «өзен-теңіз» класындағы кемелер жүзе алмақ және бұл жыл сайынғы тасымалды 45 миллион тоннаға жеткізбекші. Қытайдан Еуропаға тауар жеткізуді 7-10 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік жасалады. «Еуразия» каналының тиімділігі баршаға айқын, бірақ... P.S: Биыл Дүниежүзілік мұхиттар күні жылдағыдан да дүркіреп, ерекше сән-салтанатпен қызықты аталып өтпек деседі. Ең өкініштісі, бұл тойға дала жұрты тағы да қатыса алмайды. Бірақ қазақ жұрты қатыспаған тойда қандай қызық болушы еді?! Еһе-һей, осыдан «Еуразия» каналы салынса...

Жаңабек Шағатай