Жаңалықтар

Ұлт саулығы бәрінен қымбат

ашық дереккөзі

Ұлт саулығы бәрінен қымбат

Ел ішінде менингококк инфекциясына байланысты алаңдаушылық көбейді. Көпшілікті мазалаған сауалдарға жауап беріп, аурудың бетін қайтару амалдарын талқылау мақсатында «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында осы дертке байланысты барлық өңірмен бейнеконференция өтті. Жиында Денсаулық сақтау министрлігінің жіберген кемшіліктері сыналып, мәселені қалай шешу керектігі айтылды. «Нұр Отан» партиясы менингококк инфекциясының ары қарай таралмауы үшін «жедел желілерді» іске қосатын болды. Бұл жайлы «Денсаулық сақтау» бағытының «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратында өткен кезектен тыс отырысында партия хатшысы Тамара Дүйсенова хабарлады. – Бұл жерде біздің партия филиалдарының бірінші орынбасарлары қатысып отыр, әріптестер, сіздердің телефон нөмірлеріңіз бүгін БАҚ құралдары арқылы жедел түрде таралуын сұраймын. Call-орталықтар 24 сағат жұмыс істеп тұратын болады. Азаматтар барлық сұрақтар бойынша хабарласа алады. Сонымен қатар біз, Денсаулық сақтау министрлігі, жергілікті атқарушы органдар барлығымыз бірлесе отырып, осы жұмыстардың ұйымдастырылуын бақылауға алатын боламыз, – деді ол. Тамара Дүйсенова осы жағдайға байланысты әр күн мониторинг жасалып отыратынын атап өтті. Оның айтуынша, учаскелік дәрігерден бастап, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығына дейін осы жұмысқа жұмылдырылуы тиіс. Сонымен қатар «Нұр Отанның» барлық филиалдарының бірінші басшылары жұқпадан қаза тапқандармен байланыста болғандардың жіті тексерілуін назарда ұстауы қажет. – Сіздер науқаспен байланыста болғандармен жан-жақты жұмыс жүргізгендеріңізді қалаймыз. Әрбір өңірде тетіктері айқындалған. Аулаларды аралайтындықтарыңызды немесе ұйымдастырылған топпен үйлерге баратындықтарыңызды білесіздер. Қазір біз дерттің салдарымен күресіп жатырмыз. Ең алдымен, себебін анықтауымыз қажет еді. Науқастанғандармен байланыста болғандар еліміз бойынша – 4 мың адам. Оларды тексеру қалай жүріп жатыр және қажет болса ауруханаға жатқызылуын қамтамасыз ету қажет. Дәрі-дәрмек қоры мен резервтік төсек-орынға қатысты мәселе шешілген деп ойлаймын. Дәрігерлерге кеңес беру үшін республикалық деңгейде барлық телекоммуникациялық технологияларды іске қосқан жөн болар. Медицина қызметкерлеріне нұсқаулық беріп, халықты жаппай ақпараттандыру қажет, – деді партия хатшысы. Тамара Дүйсенова менингококке шалдыққандардың барлығын бір антибиотикпен емдеуге болмайтынын айтады. Ол Алматы қаласы мен Алматы облысы және Астана қаласы мен Ақмола облысы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуі тиістігін баса айтты. – Республикадағы бірнеше жұқпалы аурулар ауруханасына арнайы қоңырау шалдым. Барлығы да бірдей антибиотик қолдана бастапты. Әріптестер, штаммды теңдестіру қажет. Әр өңірде, әр адамда ол әртүрлі болуы мүмкін. Барлығына бірдей бір ғана антибиотикті пайдалануға болмайды. Әрқайсысының антибиотикке сезімталдығы әртүрлі. Егер біз қазір бір антибиотикті ғана қолданатын болсақ, оның салдары мұнан да жаман болуы ықтимал. Сондықтан да антибиотикке сезімталдығын анықтап, дұрыс шешім қабылдауды өтінемін, – деді Тамара Дүйсенова. Жиын барысында партия хатшысы денсаулық сақтау ұйымдарында жұқпалы ауруларға қатысты сақтық жоқтығын айтты. Тап осы кемшілік денсаулық сақтау саласының жұмысына нұқсан келтіріп отыр. Ұзын сөздің қысқасы, ол менингококктің таралу себебімен емес, салдарымен күресіп жатқанымызды ескертті.