Жаңалықтар

«100 жаңа оқулық»: Сананың ашықтығы һәм тіл тұғырын нығайту

ашық дереккөзі

«100 жаңа оқулық»: Сананың ашықтығы һәм тіл тұғырын нығайту

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында, қоғамдық ғылымдарға айырықша тоқталып, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының қолға алынатынын мәлім еткен болатын. Жобаның аясында биылғы жылы 18 кітап жарыққа шығып үлгерді. Қалған аудармалардың да кезең-кезеңімен жарыққа шығып, қазақ қауымымен жақын уақытта қауышуы үшін тынымсыз жұмыс жүріп жатқанын көріп-біліп отырмыз. Мемлекет тарапынан берілген осынау мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалу үшін аударма жұмысына қоғамның әр саласындағы білікті азаматтардың белсене араласып жатқаны қуантады. Осы орайда, аталмыш жобаға өз тарапымыздан біз де лебіз арнап, оның әкелер пайдасын саралап көрген едік.

Сананың ашықтығы

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты бағытын ұсынды. Соның бірі – сананың ашықтығы. Яғни, сана жаңғыру үшін оның ашық болмағы керек. Сананың ашықтығы дегеніміз не? Ол – қоғамның әр мүшесі өзінің мұрнының асты, көзінің жетер жерімен шектеліп, өз ойымен ғана тұмшаланып қалмай, әлемдік ой-сананың дамуына ілесіп, оған үн қоса алуы. Қазіргі жаһандану қарқын алған тұста, бәсекеге қабілетті болу үшін осы ашық сана ауадай қажет.

Жастармен көп араласып, оларға жиі құлақ түретін жан ретінде, бір мысал айтайын. Шетелге шығып, озық елдердің білім-білігінен дәм татқан азаматтардың көкжиектері кеңіп келетініне бірнеше рет көзім жетті. Мұны Елбасымыз 25 жыл бұрын түйсініп, «Болашақ» бағдарламасын бастаған екен. Мына 100 кітап жобасы да сол мақсаттың бір парасы секілді. Елдің бәрін шетелге жібере алмайсың, бірақ таңдамалы білімді олардың оқу үстелінің үстіне әкеп беруге болады.

Таңдамалы білім

Осы күні не көп – ақпарат көп. Не көп – кітап көп. ЮНЕСКО-ның Статистика институтының 2010 жылғы мәліметтеріне қарағанда, бір ғана АҚШ-тың өзінде жылына 300 мыңнан, Ұлыбританияда 200 мыңнан астам кітап жарыққа шығады екен. Одан бөлек 1 млн 200 мыңдай кітап ағылшын тілінен өзге тілдерге, 150 мыңға жуық кітап өзге тілден ағылшын тіліне аударылады. Демек, ақпараттың таудай-таудай толқындары түрлі жағалауларды соққылап жатыр. Ағылшын тілін білетін адамның өзіне осыншама ну жыныстың арасынан ең керегін тауып, қажетке жарату – қиын іс. Әр саланың ғалымдары мен кітапқұмарлардың талқысынан өткендіктен, 100 кітап жобасы оқырманды біздің қоғамға, біздің азаматтарға ең қажетті дүниелерге қарай нұсқай алады деген сенімдеміз. Мысалы, егер сіз түпнұсқадан, яки, орысша аудармасынан оқығыңыз келді делік. Не оқу керегін миллион кітаптың арасынан таңдаған жақсы ма, жүз кітаптың ішінен таңдаған оңай ма?

Арзан бағаға –қымбат білім

Бірде әлемге әйгілі amazon.com сайтының кітаптар бөліміне кіріп көрдім. Бұл бір алып кітап дүкені іспетті дүние. Басқа жерден таппағанды осы жерден табасыз. Онлайн тапсырыс берсеңіз, есігіңіздің алдына жеткізіп беретін бір керемет. Көшедегі кітап дүкендеріне қарағанда бағасы да арзандау келеді. Енді біздің 100 жаңа оқулық жобасына енген кітаптардың сол Амазондағы ақысына назар аударсақ. Биыл алғашқы лекпен аударылған Дональд Ф. Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика» атты кітабы 189 АҚШ доллары тұрады екен. Эллиот Аронсонның әлеуметтік психологияға арналған құнды еңбегі – «Көпке ұмтылған жалғыз» кітабының жаңа басылымы 102 доллардан сатылуда. Айтылған сомаларды теңгеге шағып, ол кітаптардың қаншалықты қымбат тұратынын бағамдай беріңіз. Жоба аясында бұл кітаптар аударылып басылып, кітапханаларға тегін таратылады. Екінші кезеңінде электронды нұсқасы жарыққа шығады. Аудармалар кітап дүкендеріне түскеннің өзінде шетелдің түпнұсқаларына қарағанда әлдеқайда арзан бағаға сатылатыны анық.

Мемлекеттік тіл мәртебесі

 Өткенде ұшақта мынадай бір қолайсыз жайтқа куә болдым. Біз мінген айырплан аяғын жиып, керекті биіктігін бағындырған соң, салондағы жарықтар жанып, стюардесса қыз орындарға жағалай газет тарата бастады. Жұрт қандай басылымға қол созар екен деген қызығушылықпен әлгі процесті көз қиығыммен бағып отырдым. Жолаушылардың жартысы (ескерте кетейін, сөз эконом кластағы қарапайым қазақтар туралы болып отыр) орысша газеттерге қол созды. Қалған жартысы мүлде газет алмады. «Қазақтілді қазақтар да орыс тілінде оқи ма, әлде, мына орысша газет алғанның бәрі орыстілділер ме?» дегенге бас қатырып мен отырдым. Ондай жағдайда, қазақтілді жұртшылық мүлде ештеңе оқымайды деген қисын туындап кетеді. «Дәу де болса, жұрттың миында әлі де орыс тіліндегі ақпарат қазақ тіліндегі ақпараттан артық» деген сана салтанат құрып тұр деген ойға тоқтадым. Енді әлемнің үздік деген кітаптарын маңдайынан шертіп жүріп тәржімалауды қолға алдық. Бұл – сөзсіз мемлекет тіліне жасалған үлкен қамқорлық. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдырудың алғашқы сәтті қадамы. Күн сайын әлеуметтік желілерде «Ұлттық аударма бюросының» жұмысына тартылған қыз-жігіттердің «мына терминнің баламасы қандай, мына бір тіркесті қалай береміз» деп, басқаларды ойталқыға шақырған жазбаларын көзіміз шалып жүр. Яғни, ұлттық аударма ісіне қан жүгірді және ол қалың бұқараның көз алдында өтіп жатыр деген сөз. Осы жоба сәтті жүзеге асса, жатық аударма, сапалы мазмұнға қол жеткізе алсақ, ол тіліміздің қолданыс аясына да оң ықпалын тигізіп, қазақ тіліне қырын қарайтын кембағалдық комплексімізді жоюға жәрдем болары анық.  

Бекболат ТІЛЕУХАН,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісінің депутаты,

«Нұр Отан» партиясы Фракциясының мүшесі