«Цифрлық Қазақстан»: Интернет пайдаланушылардың саны артты

«Цифрлық Қазақстан»: Интернет пайдаланушылардың саны артты

«Цифрлық Қазақстан»: Интернет пайдаланушылардың саны артты
ашық дереккөзі
Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру барысы, электронды коммерцияны дамыту, VII азаматтық форумның ұсынымдарын іске асыру мәселелері кезекті Үкімет отырысында талқыланды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жиында менингококк инфекциясының таралуына байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та баяндама жасады. 2014-2017 жылдарға арналған «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдардың қорытындысы жайында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндады. Министр келтірген мәліметтерге сүйенсек, былтыр шамамен 1,1 млрд кВт/сағат «жасыл» энергия өндірілді. Ал биыл қуаттылығы шамамен 138 МВт жаңғырмалы энергия көздерін қосу жоспарланған. Бүгінде елімізде жалпы қуаттылығы 352 МВт балама энергия көздерін пайдаланатын 58 нысан жұмыс істейді. Жылдың соңына дейін жаңғырмалы энергия қуаттылығы 490 МВт-ға жеткізілмек. «Келешекте жаңғырмалы энергия көздерінің құнын төмендетуді біз аукциондық механизмді ендірумен байланыстырып отырмыз. Бұл өз кезегінде инвесторлармен жобаларды іріктеу процесін ашық əрі түсінікті етуге, екінші жағынан тарифтерді азайтуға ықпал ететін технологиялар мен жобаларға басымдық береді», – деді Қанат Бозымбаев. Еліміздегі «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес табиғи экожүйелерді, оның ішінде орман шаруашылығының дамуы жайында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев баяндама жасады. Вице-министрдің сөзінше, елімізде жасыл желектерді көбейту мақсатында жасыл аймақтар құру жұмыстары қолға алынған. Соңғы 7 жылда мемлекеттік орман қоры аумағында орман өсіру көлемі 453 мың гектарды құрады. Ал биыл 68 мың гектар аумақ жасыл желекке айналдырылмақ. Бүгінге дейін Астана қаласында 78 мың гектарлық жасыл аймақ құрылды. Оның көлемін 2023 жылға дейін 100 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Ал күн тәртібіндегі екінші мәселе – электронды коммерцияны дамыту бойынша Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндама жасады. Ұлттық экономика министрі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен электронды сауданы дамытудың жол картасы бойынша атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Статистикалық деректерге жүгінсек, өткен жылы электронды сауда нырығының көлемі 106,9 млрд теңгеге жетті. Бұл бөлшек саудадағы тауар айналымы жалпы көлемінің 1,2 пайызын құрайды. «Қазпошта» АҚ жедел деректеріне сәйкес, 2018 жылдың 5 айында электронды сауда нарығының көлемі 101 млрд теңгені құраған. Жыл басынан бері 110 жаңа электронды сауда субъектілер тіркелді. Бүгінде нарықта жұмыс істеп жатқан интернет-дүкендердің саны – 1658. Өткен жылмен салыстырғанда сатып алушылардың саны да 5 пайызға артқан. Сонымен бірге, электронды сауда нарығы арқылы 71,6 мың адам жұмысқа орналасқан. Ақпарат жəне коммуникациялар министрі Дəурен Абаев ұсынған деректер бойынша, елімізде интернетті пайдаланушылар саны 2017 жылы 78,8 пайызға жеткен. 2021 жылы тұрғындарының саны 50-ден асатын 6 мың ауылдық мекен интернетпен қамтылады. Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендердегі тапшылықты оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасы іске қосылған. Министр өз сөзінде электронды сауда-саттықты реттеуде, электронды төлемдер қабылдауда халық пен кәсіпкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыруға, инфрақұрылым мен логистиканы дамытуға бағытталған шаралар жайында айтты. Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және оның жекелеген бағыттарын ақпараттық қолдау бойынша отандық телеарналарда 18 телехабар таратылып, электронды коммерцияны енгізу, интернет-дүкен ашу алгоритмін, онлайн-бизнесті дамытуды ақпараттық қолдау мақсатында «Қазпошта» АҚ 2018 жылға арналған медиажоспар дайындаған. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Қазақстанның VІІ азаматтық форумының ұсынымдарын іске асыру туралы баяндады. Министрдің сөзінше, 2017-2018 жылдарға арналған VІІ азаматтық форум ұсынымдарын орындау бойынша іс-шаралар жоспары үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстарын негізінде дайындалған. Қазіргі уақытта жоспардың 53 тармағының 18-і орындалып, 35-і жүзеге асырылуда. Былтыр 12,8 млрд теңгені құрайтын үкіметтік емес ұйымдардың 2333 әлеуметтік жобасы іске асырылды. Биыл мемлекеттің әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 19,3 млрд теңгені құрап, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі де артпақ. Күн тәртібіндегі мәселелерден бөлек менингококк инфекциясының таралуына байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасады. Министр келтірген деректерге сүйенсек, жыл басынан бері менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен 593 адам қаралып, 213-і емдеуге жатқызылған. Оның ішінде 58 науқастан менингококк инфекция расталды. Бүгінге дейін емханадан он адам емдеп шығарылса, 55 науқас əлі дəрігерлердің қатаң бақылауында. Бұл сырқаттан қайтыс болғандар саны 13-ке жетті: Алматы облысында − 4, Қызылорда облысында − 1, Оңтүстік Қазақстан облысында − 2, Алматы қаласында − 6 адам. Министрдің сөзінше, қайтыс болғандардың алтауы – балалар. Қазіргі уақытта менингитпен күрес бойынша арнайы штаб құрылғанын айтқан министр Үкімет басшысынан штаб жұмысына көмектесуді сұрады. Ал Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ел арасында үрей тудырмас үшін менингококк инфекциясының жағдайына қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, құрылған штабтар жұмыстарының толық ашықтығын қамтамасыз етуді, өңірлердегі вакцина бағаларын реттеу мəселелерін тез арада шешуді тапсырды.