Жаңалықтар

Дардай еркек декретке шықса...

ашық дереккөзі

Дардай еркек декретке шықса...

Отбасылық құндылықтарға баса мән беретін қазақ халқы үшін бала тәрбиесі өте маңызды. Сондықтан болар, өмірге сәби әкелетін аналар декреттік демалысқа шығып, бауыр еті – баласын өмірге әкеліп, оның тәрбиесімен айналысады. Ал әкелер ше? Көбіне ер азаматтар балаларының тәтті қылықтары шығып, қаз-қаз қадам басқанша бүлдіршіндеріне көп көңіл бөле бермейтіндей көрінеді. Бірақ бүгінде алғашқы күннен бастап бала тәрбиесіне араласатын әкелердің қатары артып келеді. Бұл сөзімізге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған деректер дәлел.

Жәрдемақы алу үшін декретке шығатындар бар

Министрлік келтірген мәліметтер бойынша, елімізде 72 мыңнан астам әке декреттік демалыста жүр. Яғни, әйелінің орнына бала бағатын ерлердің саны көбеюде. Министрлік өкілдері декреттік демалысқа шыққан әкелер санының артуын туу көрсеткішінің өсуімен байланыстырады. Соңғы бір жыл ішінде елімізде 400 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Кей жағдайда ерлердің декретке шығуына ана өлімі себеп болады. Жалпы, декреттік демалысқа шығып, бала тәрбиесімен айналысамын деген ер азаматтарға заң бойынша ешқандай кедергі жоқ. ҚР Еңбек кодексінің талаптарына сай бала күтіміне байланысты демалысты анасының да, әкесінің де алуға құқығы бар. Жанұяда әрбір ата-ана, әйел не әкесі бала 3 жасқа толғанға дейін ақысыз демалысқа шыға алады. Бірақ Еңбек кодексі бойынша берілетін бұл құқықты пайдалануға ер адамдардың көбі намыстанады. Бала туған әйеліне көмектесу үшін де ерлер демалысқа шыға берсе болады. Алайда ай сайынғы мемлекеттік жәрдем­ақы ерлі-зайыптылардың біреуіне ғана беріледі. Негізінен, зайыбының жалақысы жоғары болса, ерінің декреттік демалысқа шығуы экономикалық тұрғыдан тиімді. Сол себеп болды ма екен, соңғы жылдары бала күтіміне байланысты демалысқа шығып, әлеуметтік жәрдемақы рәсімдеген әкелердің саны күрт көбейді. Мысалы, 2016 жылы 5326, ал былтыр 23054 әке бала күтіміне байланысты жәрдемақы рәсімдеген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2018 жылдың қаңтар айындағы мәлімдемесінде: «2016 жылы аталған әлеуметтік төлем алушылардың жалпы санының 98 пайызын әйелдер, тек 2 пайызын ғана еркектер құраған. Ал 2017 жылы 1 жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты кірісінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алуға өтінім бергендердің жалпы санының 8 пайызын еркектер құрады» делінген. Айта кетейік, бала дүниеге келгенде төленетін төлемақының бірнеше түрі бар. Біріншісі, жұмыс істейтін әйелге тиесілі декреттік төлемақы. Ол бір-ақ рет беріледі. Оны есептеудің өзіндік үлгісі бар. Табыс мөлшері нақты жұмыс істеген мерзіміне қарамастан бала туғанға дейінгі соңғы жылдағы әлеуметтік аударымдар бойынша анықталады. Бұл жәрдемақы бала күтімімен отырған әйелге немесе ер адамға беріледі. Бір жыл көлемінде ай сайын берілетін жәрдемақының мөлшері бекітілген. Бірінші балаға 5,76 АЕК – 13 853 теңге, екінші балаға 6,81 АЕК – 16 378 теңге, үшінші балаға 7,85 АЕК – 18 879 теңге, төртінші және одан көп балаға 8,90 АЕК – 21 405 теңге беріледі. Ал бала туғандағы біржолғы жөргекпұл мөлшері заңмен бекітілген. Бірінші, екінші және үшінші балаға 30 АЕК, ал төртінші, бесінші, алтыншы балаларға 50 АЕК төленуге тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2017 жылдың 9 айында Әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілік пен бала туғаны үшін 48 млрд теңге, 1 жасқа дейін бала күтімі үшін 53 млрд теңге төленген. Заң бойынша әкелердің де декреттік демалысқа шығып, жәрдемақы рәсімдеуіне мүмкіндік берілгелі, заңды белшесінен басуға тырысатындар қатары да арта түсуде. Яғни, елімізде күйеуінің атына жәрдемақы рәсімдеп, оған қоса оның жұмысынан жалақы алуға тырысатындар көбейген. Ал жәрдемақы тағайындалғаннан кейін жұмысты жалғастыра беру заңсыз. Мұндай заңсыздыққа жол бермеу үшін Мемлекеттік сақтандыру қоры әркез бақылау жүргізіп отырады. Егер қызметкердің бала күтіміне байланысты жәрдемақыны рәсімдегеннен кейін де жұмысын жалғастырып жүргені белгілі болса, бұл мәселемен құзырлы мекемелер айналысады. Бала тәрбиесі үшін емес, мемлекет беретін жәрдемақыға бола әйел орнына декретке шығып, барлық ауыртпалыққа нәзік жандыларды қарсы қойып, олардың көлеңкесін сағалау қазақи қалыпқа мүлдем жат.

Ана сүтін бере алмайтыны болмаса...

Бала тәрбиесі – әке мен анаға ортақ іс. Сондықтан «бала тәрбиесімен әйел адамдар ғана айналысуы тиіс» деген қате түсінік. Бірақ қазақ халқында әйел адам баланың тәрбиесі мен шаңырақтың берекесіне жауапты болса, ер адам жанұяның асыраушысы, түздің адамы деп қабылдау әдетке айналған. Ал бала күтімі үшін ер адамның декреттік демалысқа шығуы қазақ үшін тіптен жат құбылыс. Өйткені көптің санасында декреттік демалыс әйел адамның жүкті болған кезінде немесе баланы дүниеге әкелгеннен кейін жұмысынан босап, демалысқа шығуы деген ой қалыптасқан. Ер азаматтың бала тәрбиесімен айналысу үшін демалысқа шығуы қазақи қалыпқа сыймайды дегенімізбен, ғалымдардың айтар уәжі басқа. Ғалымдардың зерттеуінше, ер азаматтардың сәбиге ана сүтін бере алмайтындығы болмаса, бала күтімін әйелдерден де артық орындайды екен. Ал психологтар ер адамдарда бала туғаннан кейінгі депрессия, стресс болмайтындықтан, олардың кез келген жағдайға төзімді келетіндігін айтады. Өз кезегінде әкеге қарап өскен бала тәртіпке, ұқыптылыққа үйренеді. Сәби күнінен негізінен әкесінің тәрбиесін көрген бала сыртқы ортаға да тез бейімделеді. Соған қарамастан, біздің елде ерлердің декреттік демалысқа шығуына қарсылық білдіретіндердің қатары көп-ақ. Олардың ойынша, ер азаматтарды отбасының асыраушысы деген рөлінен айырудың қажеті жоқ. Ықылым замандардан бері бала тәрбиесімен негізінен аналар айналысқан. Алайда бүгінгі заманның талабы басқа. Бүгінде ер мен әйелдің теңдігі, әке мен ананың мойнындағы жауапкершіліктің тең бөлінуі қажеттігі жайында жиі сөз қыламыз. Ерлердің декреттік демалысқа шығу мәселесі де осы құбылыстың жалғасы емес пе? «Қазан-ошақ, бала-шағаның айналасында жүрген еркектің оңғаны жоқ» дейтін еді көнекөз қариялар. Бұл күні ақсақалдардың бұл сөзінің мазмұны мүлдем өзгерген секілді. Өйткені қазіргі уақыттың талабы басқа. Десек те, нәресте үшін ананың тәрбиесі ешнәрсемен өлшенбейтін қазына. Ал түздегі шаруасын жиып тастап, үйде отырған әке баласына дәл сондай тәрбие бере ала ма? Анасының таңнан қара кешке дейін жұмыста, ал әкесінің үйде бала тәрбиесімен айналысып отырғанын көріп өскен ұрпақтың көңілі пәс болмасына кім кепіл?! Оның үстіне, қазақ даналығында «Күреп тапқан әйелдің табысынан, аз да болса еркектің табысы берекелі» деген сөз бар. Кейбір ерлердің табысынан гөрі әйелдердің жалақысы еселеп артып, ерлер кір жуып, тамақ пісіріп, нәзік жандыларға тәуелді бола бастағандай. Бір жағынан, ер адамның бала күтіміне атсалысуы бүгінде төмендеп кеткен әке рөлін жоғарылатуға септігін тигізіп, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік тек әйел адамның мойнында деген біржақты пікірден арылуға әкелер деген үміт те бар. Статистикалық деректер елімізде декреттік демалысқа шыққан ерлердің саны артқанын көрсеткенімен, олардың бәрі бірдей қазақ азаматтары деу де орынсыз. Ер азаматтың декретке шығуы қазақи қалыпқа сыймайтын құбылыс десек те, қанша қазақ азаматының мұндай қадамға барып жатқаны бізге беймәлім. Расында да, жанұяда денсаулығы нашар, себепті жағдайлары болмаса, үйде отырған еркектің тірлігі көзге ерсі көрінеді. Бірақ бүгінгі қазақ жастары үшін мұның бәрі ескіліктің сарыны. Қазір ер мен әйелдің міндеті де, құқығы да тең. Сондықтан, ерлердің декреттік демалысқа шығып, бала тәрбиесімен айналысуы қалыпты құбылысқа айналып келеді. Тіпті, мамандар әйелдердің ғана декреттік демалысқа шығуы дискриминацияға себеп болатындығын алға тартады. Яғни, жұмыс берушілердің көпшілігі ұзақ декреттік демалысқа шығуы мүмкін әйелден гөрі ер азаматтарды жұмысқа қабылдауға тырысады. Ал ұзақ уақыт декретке шыққан әйелдер еңбек күшінің санын азайтады. Бұл мәселенің шешімін табу үшін еліміз әлемдік тәжірибеге жүгінді. Сөйтіп, шведтік жүйеге сүйене отырып, бала күтіміне байланысты демалысқа шығуға ер азаматтарға да мүмкіндік беру мәселесі заңға енгізілді.

Батысқа бас ұрудың қажеті бар ма?

Қазақ үшін ер азаматтардың декреттік демалысқа шығуы санаға сыймайтын құбылыс болғанымен, шет мемлекеттерде бұл – қалыпты жағдай. Мысалы, Ұлыбритания, Қытай, Бельгия, Финляндия, Австрия, Франция сынды мемлекеттерде қамқор әкелер ақылы демалыс алады. Швецияда баланың әкесіне кемінде бір айға декреттік демалыс алу міндеттелсе, Финляндияда әкелердің 66 пайызы бала күтімі үшін уақытша жұмыстан босатылады. Испанияда әкелерге жалақысының 100 пайыз сақталуы кепілдігімен он апта көлемінде бала бағуға демалыс берілсе, Исландияда баланың әкесіне жылдық орташа жалақысының 80 пайызына дейін көлемде үш ай мерзімге, жәрдемақы қысқартылып тағайындалады. Ал Ұлыбританияда қамқор әкелерге тиісті өтемақыдан бөлек 100 фунт стерлинг көлемінде қосымша ақы төленеді. Австрия, Польша мен Чехияда декретке шығатын ер кісілердің үлесі тек 3 пайызды ғана құрайды. Ал Швеция, Норвегия, Франция мен Германия декреттік демалысты тең бөліп алатын ерлі-зайыптыларға қосымша төлем қарастырған. Бүгінде шведтік ерлердің 20 пайызы, әр үшінші неміс пен жетінші норвегиялық еш қымсынбастан декреттік демалысқа шығуда. Чили, Италия мен Португалия болса, ер азаматтарына декреттік демалыс алуды міндет еткен. Айта кетейік, әлем бойынша АҚШ пен Папуа Жаңа Гвинеяда ғана декреттік демалыс мүлдем қарастырылмаған. Ал Скандинавия мен Балқан түбегі елдері және Канада болса, жаңа босанған әйелдерге 1 жыл бойы төленетін декреттік демалыс береді. Тіпті, әйел босанған кезінде жұмыссыз болса да мемлекеттен қаржылай көмек алады. Мұның бәрі батыстықтарға жарасатын-ақ болмыс. Ал біздің батыс елдері құп көрген әдістерге жүгінуіміз қаншалықты орынды? Мұндай бастама бізге қажет пе? Бұл сауалдарға біз нақты жауап бере алмаспыз. Десек те, қандай жағдай болса да, бала тәрбиесінің бірінші орында екенін ұмытпағанымыз абзал. Ұрпағымыздың келешегін ойласақ, оларға бесіктен дұрыс тәрбие беруге барымызды салғанымыз жөн. Бұл ретте әкенің де, ананың да орны ерек. Сондықтан, бала тәрбиесінің ата-анаға ортақ жауапкершілік екенін жадымызда сақтайық. Мейлі әкесі, мейлі шешесі баланың тәрбиесіне көбірек көңіл бөлсе де, қазақ ұрпақтары ұсақталмаса болғаны...