Нұрсұлтан Назарбаев:Біз  білікті мамандар дайындауды мақсат еткенбіз

Нұрсұлтан Назарбаев:Біз  білікті мамандар дайындауды мақсат еткенбіз

Нұрсұлтан Назарбаев:Біз  білікті мамандар дайындауды мақсат еткенбіз
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың мақсат-мұратына дөп келетін, көптің көкейіндегі «Бес әлеуметтік бастама» көтерген еді. Соның бір тармағы ілім-білім іздеген жастарға мемлекеттік қолдау көрсету екендігін айтқан: «Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр. Бұл да жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі. Сонымен бірге, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек. Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл – жалпы әлемдік тренд». Жалпы, Қазақстанда жастардың заман талабына сай терең білім алып, бәсекеге қабілетті маман болуы үшін еліміз тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап, экономикалық қиындықтарға қарамастан, мүмкіндігінше жағдай жасалып келе жатқаны белгілі. Бұл мәселені Мемлекет басшысы бір сәт те назардан тыс қалдырған емес. Өйткені еліміз алға қойып отырған асқаралы биіктерді бағындыру үшін бәсекеге қабілетті білімді мамандар өте қажет. Елбасының бастамасымен «Болашақ» халықаралық бағдарламасы ашылып, мыңдаған қазақстандық жастар шет мемлекеттердің іргелі жоғары оқу орындарында білім алды. Олар бүгінде Қазақстанның өсіп-өркендеуі үшін өнімді еңбек етіп жүр. Бұл бағдарлама әлі де жалғасын табуда. Сонымен бірге қазір Қазақстанда да шетелдегі атағы алысқа кеткен жоғары оқу орындарының деңгейінде мамандар даярлауға мүмкіндік бар. Сондай жоғары оқу орындарының бірі де бірегейі – Назарбаев университеті. Биыл Қазақстанның жоғары оқу орындарын 140 мыңнан астам жас бітірген. Енді олар әр түрлі салада еңбекке араласады. Алған білімдерінің нәтижесін көрсетеді. Мемлекет басшысы Назарбаев Университетінде болған кезінде олардың барлығына сәттілік тіледі. – Бүгін біз Қазақстанның ең үздік оқу орнының түлектеріне ақ жол тілеу үшін жиналып отырмыз. Назарбаев университетінің төртінші жылғы бітірушілерін және еліміздегі барлық оқу орындарының түлектерін шын жүректен құттықтаймын! – деді Қазақстан Президенті. Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында Назарбаев университетінің шоқтығы биік. Жастардың көбі осында білім алғысы келеді. Бірақ бұл білім ордасына оқуға түсу оңай емес. Өйткені талап күшті. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан» мектеп түлектері ғана Назарбаев университетінде білім алуға мүмкіндігі бар. Осындай іріктеу мен сүзгіден өткен жастардың бір легі биыл іргелі оқу орнын тәмамдап отыр. Оқу орнында білім сапасы өте жоғары. Студенттер тек білім алумен ғана шектеліп қалмайды, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де жан-жақты айналысады. Бұл жас мамандарға өте қажет. Өйткені инновациялық жаңалық ашу үшін ізденіс керек. Биыл бұл жоғары оқу орнын бакалавриат, магистратура және РҺD бағдарламалары бойынша 811 студент бітіріп отыр. Оның ішінде бакалавриат бағдарламасы бойынша 506 студент, магистратура бойынша 302 түлек және докторантура дәрежесі бойынша 3 студент диплом алды. «Бүгінде бұл университетті бітіруші әрбір түлек Қазақстанның әлеуетін арттыруға тың қуат екеніне сенемін. Біз Назарбаев университетін алғаш ашқанда жаһандық технологияның даму жағдайында елді алға бастайтын білікті мамандарды дайындауды мақсат еткен болатынбыз. Сол мақсатымызға бүгін жетіп отырмыз. Білім ордасынан бұған дейін қанат қаққан 800 жас маман бүгінде Қазақстанда, жер жүзінде, дамыған елдерде сан алуан салада қызмет етіп жүр. Жүздеген түлек әлемнің ең әйгілі оқу орындарында шақырумен білімін жалғастыруда. Осының бәрі университет білімінің ең жоғары сапада екенін көрсетеді. Біз жастарды жылдар бойы, тоқсаныншы жылдардан бері қарай «Болашақ» бағдарламасына қыруар ақша жұмсап, шетелге жіберіп дайындадық. Қазірде дәл сондай жоғарғы деңгейдегі білімді өзіміздің елімізде, Астана төрінде оқытатын мүмкіндік туып отыр», – деді Президент Н.Назарбаев. Университетті бітіріп отырған түлектердің барлығы да түрлі салаларға аса қажет мамандық иелері. Олардың ешқайсысы жұмыссыз қалмайтыны айдан анық. Себебі Назарбаев университеті сұранысқа қарай жұмыс істеп отыр. Мәселен, қазір жаңа технологиялар бойынша мамандар ауадай қажет. Бұл оқу орнын осы бағыт бойынша биыл 195 түлек бітіріп отыр. 156 түлек инженер мамандығы бойынша өнімді еңбек етуге тас-түйін дайын. Бір айта кететін жай, Назарбаев университеті уақыт талап етіп отырған мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлген. Айталық, «Ғылым және технологиялар», «Инженерия», «Жоғары бизнес», «Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар», «Медицина» мектептері бойынша мамандарды оқытып жатқаны осы сөзімізге айқын дәлел. Тек бұл ғана емес, басқа да салалар үшін қажетті, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлап отырған оқу орнында биыл «Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар» мектебін бакалавриат бойынша 155, магистр бағдарламасы бойынша 33 студент бітірген. Сонымен бірге «Жоғары бизнес», «Жоғары білім беру», «Жоғары мемлекеттік саясат», «Ғылым және технологиялар», «Инженерия», «Медицина» мектептерін магистр бағдарламасына сәйкес бітіріп отырған түлектер де жеткілікті. Олардың мамандықтары сан түрлі. Әсіресе, «Электрлік және электронды инженерия», «Робот техникасы», «Биологиялық ғылымдар», «Саясаттану және халықаралық қатынастар», тағы да басқа мамандық иелері еліміз үшін өте қажет. Медицина саласында да білікті мамандардың жеткіліксіздігі жиі айтылып жүр. Осы мәселені шешуге де Назарбаев университеті мән беріп, биыл денсаулық сақтау саласына алғашқы түлектерін қанаттандырды. Оқу ордасын бітірушілерге арналған салтанатты шарада оқу орнының осындай жетістіктері әңгіме өзегі болды. Мұнда студенттерге терең дәріс беретін білікті ғалымдар мен оқытушылар шоғырланған.Университет білім саласын жаңғырту мен дамытудың, инновация мен ғылымның үлкен орталығына айналған. Оны Елбасы да тілге тиек етті. – Назарбаев университетінің ғалымдары халықаралық рейтингі жоғары басылымдарда 1700-ден астам мақала жариялады. 36 патент алынды. Корпоративті демеушілер ғылыми зерттеулерге 40-тан астам грант бөлді. Университет инновациялық кластерді табысты қалыптастырудың негізі болды. Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру аясында 21 жоба қолдауға ие болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Университеттің алдағы жоспарлары да жоғары. Бұл оқу ордасының Қазақстан ғана емес, Орта Азия аумағындағы шоқтығы биік университетке айналуына толық мүмкіндік бар. Ол үшін зияткерлік және ғылыми жұмыстарды одан әрі жақсарту, уақыт ағымы мен талабына сай оқу бағдарламаларын дамыту, қашықтықтан білім беруді жетілдіру қажет. – Университет еліміздің ғана емес, сондай-ақ, алыс және жақын шетелдердің оқымыстыларын тартатын орталыққа, жастардың жобаларын бірлесе жүзеге асыратын орынға және Гарвард, Корсер, Хан академиясының онлайн-курстары үлгісімен білім берудің интернет-платформасына айналуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті. Елбасы Астана экономикалық форумында жаһандық жаңғыруға жол ашатын бес мегатрендті атап айтқан болатын. Назарбаев университеті түлектері алдында осыны тағы бір мәрте ортаға тастап, бұл мақсатқа жету білімді жастардың қолында екенін жеткізді. – Жаңарған Қазақстанның келбеті де, жаңа формацияның ұрпағы да және мұны өмірде іске асыратын да сіздер боласыздар. Сіздердің күш-қуаттарыңыз, бастамашылдықтарыңыз, ақыл-ойларыңыз бен креативті ұстанымдарыңыз Отанымыздың табысты дамуының кепілі саналады. Сіздер өздеріңіздің қайталанбас өмір жолдарыңызды жүріп өткелі тұрсыздар. Мен сіздердің әрқайсыңызды мақтан тұтамын, – деді Қазақстан Президенті. Назарбаев университетін бітірген түлектерге жол даңғыл. Олардың біразы Отандық компаниялар мен үлкен өндіріс орындарында еңбекке араласса, оқуын жалғастыратын жастар да бар. Тіпті, шет мемлекеттерден де сұраныс жеткілікті көрінеді. Оны университет президенті Шигео Катсу мырза айтып өтті.«Түлектердің жартысынан көбі бірден жұмысқа орналасады. Олар қаржы қызметтерін көрсету, инженерия, робот техникасы секторларында жұмыс істейді, ірі консалтингтік компанияларға жұмысқа орналасады. Біз көпшілігінің өз бизнесін ашу үрдісін көріп қуанамыз. Біздің студенттеріміз негізінен Қазақстан аумағында жұмыс істейді, ал сыртқа кеткендер өз білімдерін ары қарай жалғастыруды көздейді. Студенттердің бір бөлігі халықаралық компанияларға табысты жұмысқа орналасады», – дейді Ш.Катсу.

Ғалым Орынбасарұлы

Астана