Тұма жырдың тұнығы еді

Тұма жырдың тұнығы еді

Тұма жырдың тұнығы еді
ашық дереккөзі

Ғажап жырларымен халықтың жүре­гі­нен орын алып, өзінен үлкен­дер­ге «Тұмаш», кішілерге «Тұмаға» болған Тұманбай Молдағалиев өн бойынан өлең құй­ы­лып тұратын өзгеше дарын иесі еді. Бірыңғай өлеңге берілген, өлеңмен өмір сүрген ақын күн сайын жыр жаз­бай отыра алмайтын еді. Бір күнде үш-төрт өлең жазатын, кейде тұтас тол­ғау, дастандарды да бітіріп қоятын кездері де кездескен. Жазғандарының көркемдігі де көпші­ліктiң көңіл шуа­ғына бөленгенін бәріміз білеміз. Шынайы сезімге, ыстық махаббатқа, жастық жалынға толы ақын жырлары ерекше жылылық қуатымен елді елең еткізді. Ақын уни­верситет қабырғасы­нда жүргенде-ақ 22 жасында алғашқы «Студент дәптері» деген жыр жинағын шығарып үлгерді. Бұл жөн­інде ақынның «Бiр асудан асқанда» кітабына жазған алғысөзінде көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев былай деп атап көрсетті: «...Өңшең шеңгелдің ортасына шық­қан жалғыз жауқазындай сол кітапша қазақ жыр алқабының жаңа­ша көктеп, жаңаша құлпыруының басы сияқты болды...» Студент дәпте­рінен» соң тап соған ұқсаған жұқалтаң кітапшалар көбейді. Сырттарында жаңа есімдер тұрды. Еркеш Ибраһим, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, Өтежан Нұрғалиев. Із соңынан із түсті. Кітап соңынан кітап шықты. Жыр арнасы айдынданып сала берді. Ақжарма күйдей ағыл-тегіл төгіліп Төлеген Айбергенов келді. Аспан астын жырға қалқытып Мұқағали Мақатаев шықты. Тұңғиықтан сыр тартып, жыр Байкалы – Жұмекен Нәжімеденовтің мөлдір айдыны тұн­ған үстіне тұнып бақты... Соншама рухани шалқуға бастау болған тұма бұлақ – Тұманбай Молдағалиевтің әлгі балауса кітабы сияқтанады да тұрады маған». Өткен ғасырдың елуінші жылда­ры­ның аяғы, алпысыншы жылдары­ның басында әдебиетке келіп, қазақ поэзиясын, жаңа биікке көтерген қуатты топтың ақын Тұманбай көш­бас­шысы, із ашары болғандығы осы­дан-ақ айқын аңғарылады. Ақын содан кейінгі жарты ғасырдан астам шығар­машылық ғұмырында осы биігінен төмен түскен жоқ. Көпшіліктің көңіл төрінен орын алып, асыл қазынасына айналған елуден астам жыр жинақта­рын шығарды. Әрбір жанның жүрек қылын шертер нәзік сезімнің ақыны, махаббат жыршысы атанды. Оның өлеңдері әр көңілде әсем саз боп толқыды, ән боп шалқыды. Саз­гер­леріміздің бес жүзден астам әнде­рінің мәтінін жазды. Шәмші Қалдаяқ­ов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов және басқа ондаған таңдаулы сазгер­леріміздің ең жақсы әндері ел арасына Тұмағаның тұмадай мөлдір жырлары арқылы тарады. ...Құстар, құстар сызылтып ән сала­ды, Сол әнімен жаңғыртады даланы... немесе ...Құрбым, жан құрбым, бала кезің­нен, Бақыт таптым ғой қара көзіңнен... немесе: ...Кел билейік, кетпе менің қасым­нан, Қызғалдақтай таң нұрымен ашыл­ған... Әсем ән мәтініндегі шынайы сез­імге, шуаққа толы сөздер әркімнің жүрегінен өшпестей орын алды. Аса адал, ақжарқын, мейлінше қара­пайым, жомарт жүректі, таза тіл­екті жан еді Тұмаға. Қолынан келге­нінше жабыққанға жігер, қамыққанға қамқор болып, біреуге көмек қолын созуға әзір тұратын. Мектеп қабырға­сында жүргеннен атына танық, ақын­ды­ғына қанық болып, жырларын жат­тап өскенімізбен Тұмағамен жақын танысудың сәті 1974 жылы түсті. Осы жылғы қазан айында еңбек демалысымды пайдаланып, алғашқы жыр жинағымды баспаға тапсыру мақсатында Алматыға келдім. Бұл жө­н­інде қайда барып, кімге жолығуым керектігі жайлы жерлес ақын Ибрагим Исаевпен ақылдастым. Ибрагим бірден «Тұмағаңа бар­ай­ық» деді. «Бұрын кездеспеген үлкен ақынға желпілдеп, жетіп бар­ғанымыз ыңғайсыз емес пе?» – дегенді айттым. Ибрагим «Ешқандай қобал­жы­маңыз. Тұмағаң Сіз ойлағандай емес, мейлінше қарапайым жан. Қолы­нан келгенінше көмегін беруден де аянбайды?» – деп мені ақын қабыл­дауына алып келеді. Ол кезде жаңадан ашылған «Жа­лын» баспасы мен баспа жанынан ашылған «Жалын» альманағының ре­дакциялары Жазушылар одағы ғи­маратының бірінші қабатында бола­тын. Тұманбай аға осы бас­паның да, альманахтың да бас редак­торы екен. Үлкен ғимараттың сол қанатын­дағы алғашқы бөлме – ақын кабинетіне қысыла, қымтырыла кірдік. Айтса айт­қандай Тұмағаң жүзінен шуақ, мейі­рім төгілген мейлінше қарапайым, ақжарқын жан екен. Бізді жылы жы­миып күліп қарсы алды. Ибрагим мені таныстырып жатыр. Келген жұмы­сымды да айтты. Мен дайындап әкел­ген бес-алты өлеңімді алдына қойдым. Тұмағаң асықпай оқып шықты. Ұнатқанын да бірден айтты. – Өлеңдерің ұнады. «Жалын» альма­нағының келесі санына саламын. Ал кітабың­ның келесі жылдың жоспарына енуіне көмектесейін, – деді. Үлкен ақынның бізді осыншалық жылы қабылдап, жұмысымызды бір­ден бітіргеніне қатты риза болып қал­дым. Жағдай біз күткендегіден де артық болды. Ақынға шынайы риза­шы­лығымды, рахметімді айттым. Әрі қарап отырмай: – Тұмаға, түскі үзілістің кезі бо­лып қалды ғой, мүмкіндігіңіз болса мейрам­ханада бірге тамақтансақ қайтеді, – дедім. Тұмағаң сәл ойланып отырды да: – Жоқ, болмайды. Сендерге шын­ымды айтайын. Қазір екі бірдей қыз­мет тізгінін ұстап отырмын. Екеуі де жауапты. Орталық комитет номен­кла­­тура­сындағы жұмыстар. Басқа кезде ойланбай-ақ барар едім. Қазіргі жағ­дайымда мейрамхана жағалап жүр­генім ыңғайсыз болады, – деді күліп. Екеуміз ақын ағаға рахметімізді айтып шығып кеттік. Мейрамханаға өзіміз бардық. Асық­пай тамақтанып әрі бүгінгі кездесу жайын әңгімелеп ұзағырақ отырып қалыппыз. Мейрамханадан түс ауа шықтық. Осы кезде Ибрагим тосын ұсы­ныс айтты. «Сіздің осында қарын­да­сыңыздың үйі бар емес пе? Тұмаға­ны сонда шақыр­саңыз қайтеді. Ол кісі үйге шақыр­саңыз барады» – деді. Мен ойла­нып қал­дым. Қарындасым бары рас. Жолдасы өз ауылымыздың аза­ма­ты. Министрліктердің бірінде жауапты қызметте. Қаланың оңтүстік жағын­дағы шағын аудандарда 2 бөлмелі пәтері бар. Бұл жаққа келген­дегі түсетін үйіміз де сол. Қазір ауылдан бірге кел­ген әйелім де сонда жатыр. Не де болса әуелі Тұмағаның келісімін ал­ғаннан кейін ғана үймен хабарлас­қанды жөн көрдім. Ибрагимге: – Тұмағаңа қайтадан барғанымыз қа­лай болар екен, ыңғайсыз емес пе, – дедім. – Ешқандай да ыңғайсыздығы жоқ, бәрі де дұрыс болады, – деп ол сенім­ді айтты. Сонымен екеуміз Тұмағаңа қайта кел­дік. Бұл жолы да ақын ағамыз ай­рықша жадырап, күліп қарсы алды. – Өзім де сендерді қайта соғатын шығар деп отыр едім. Келіңдер, отыр­ыңдар. Енді не айтасыңдар, – деді. Біз ұсынысымызды айттық. Тұмаға бірден келісімін берді. – Ибрагим біздің үйді біледі. Кешкі жетілерге жақын келіп, жеңгең екеу­мізді алып кетсін, – деді. Осыдан кейін ғана үймен хабарла­сып, қонақ күту дайындығына кірісіп кеттік. Айтылған мерзімде Тұмаға мен Күл­тай жеңгемізді алып Ибрагим де кел­ді. Тұмаға үйдегілермен бұрыннан таныс, біліс адамдай ашық, жарқын амандасып, айрықша көңілді отырды. Отырысымыз басталмай тұрып, ойын­дағы ұсыныс, тілегін де жеткізді. – Кейінірек айтсам, басқаша ой­лап қаларсыздар. Ертең кешкі жетіде осы отырған бәріңіз біздің үйдің қонағы боласыздар. Соны ертерек айтып қой­ғанды жөн көрдім, – деді ол. Өзі айтқандай ертеңіне әйелім екеуміз, қарындасым күйеуімен, Ибрагим Тұманбай ағаның үйінде қонақта болдық. Бір көрген, кездескен адамды үйіне шақырып, осынша сый, құрмет көр­сетуі тосын жағдай еді. Біз қонақтан ақ жайлау ақын көңіліне айрықша ри­за­шылықпен марқайып, мақтанып қайттық. Асыл ағамен алғашқы кездесуден кейін-ақ ағайын-туыстай араласып, туған інісіндей болып кеттім. Алматыға келе қалсам болды, алдымен ағаға соғамын. Ол да сол күнгі бар шаруасын жиып қойып, менімен бірге болады. Үйіне барамыз. Тауға шығамыз. Сая­жай­ына апарады. Кейде туған жері Ақши ауылына ат басын бұратын кез­деріміз де бар. Бір кезде өзі туған, тұрған үйін көреміз. Таудан асып, ақынның балалық шағы өткен Асы жайлауына барға­ны­мыз айрықша есімде қалыпты. Ақын бала­лық шағы өткен, қозы бағып, қой қайырған жерлерін көрсетті. Осындағы қойшы туыстарының үйінде қона жаттық. Шүйгін шөбі тізе қағатын жасыл жайлау ортасында төңкерілген тақиядай болып жатқан атақты Арал­төбені қызықтадық. Бұл ақынның алғашқы жыр жинағы «Студент дәптеріндегі» «Жайлауда» өлең­іне енген Аралтөбе ғой. Жады­мызда жатталып қалған жыр жолдары ойға оралады. Жайлау ғой мынау жарасқан, Аралтөбе бауыры. Төбеден неге әрі асқан, Сәулешімнің ауылы. Тілегім неткен көп еді, Жүрегім тұр ғой от алып. Осынау тұрған төбені, Тастар ма еді қопарып... Иә, ақынның жастық шағы осы Аралтөбе бауырында өткен. Аралтөбенің арғы жағындағы жылқылы ауылдың ай маңдайлы тал шыбықтай талдырмаш аруына ғашық болған. Осында оянған алғашқы сезім үлкен махаббатқа ұласып, Аралтөбе баурай­ын­дағы атақты Қасым жылқышының қызы Күлтаймен бас қосып өрімдей өне­гелі ұл, қыздарын өсірді, өркенін жай­ды. Күлтайдың әкесі Қасым мен анасы Насиха ерекше тағдырлы жандар деуге болады. Өткен ғасырдың елуінші жыл­дары бар көрсеткіші жоғары, аймақ­тағы ең озат жылқышы Қасымның үйі­не облыс басшысы малшыларды ара­лауға шыққан сол кездегі республика басшысы Л.Брежневті ертіп барса керек. Леонид Ильич озат жылқы­шы­ның көп жылғы үздік көрсеткішіне, шаруа жағдайына, әсіресе қарапайым адами қалпына қатты риза болыпты. Әрі шай құйып отырған жұбайын мең­зеп: «Бұл кісі не істейді?», – деп сұраған көрінеді. Облыс басшысы: «Бұл кісі де жылқышы, Қасыммен бірге қызмет істейді», – депті. Республика басшысы екеуіне де сүйсіне қарап: «Міне бұлар нағыз еңбек ерлері ғой» деп риза бол­ып, көмекшісіне олардың аты-жөн­дерін жазып алуды тапсырыпты. Осы­дан кейін көп ұзамай ерлі-зайыпты екеуіне де Социалистік Еңбек Ері атақтары берілген екен. Әрі мұндай жағдай бүкіл одақ көлемінде тұңғыш рет болса керек. Күлтайдың әкесі Қасым ауыр нау­қастан ертерек қайтыс болған. Анасы Насиханы көзіміз көрді. Көп сөйле­мей­тін, мейлінше салмақты, сабырлы, ірі денелі кісі еді. Тоқсанның үстіне шығып дүниеден озды. Қашанда бар адамға қамқорлық жасауға дайын тұратын Тұмаға Насиха апаны қарт­тық жеңе бастаған соңғы жылда­рында қолына алып, баласындай мә­пелеп күтті, шынайы алғысын, ақ ба­тасын алды. Ақырғы сапарына да ақ жуып ару­лап аттандырды. Кімге де болса адал көңілі, ақ тілегі дайын ақын арнау өлеңдерді көп жаз­ды. Менің өзіме арнап жазған 4-5 өлеңі бар. Олардың бірқатары мерзім­ді баспасөзде жарияланып, жеке жыр жинақтарына енді. Менің де Тұмағаңа арнап жазған бір­неше өлеңдерім бар. Бірақ ақын арнауындағыдай шынайы сезімге, көркемдік қуатқа жеттім деп айта ал­май­мын. Ақынның біз әңгімелеп отырған «Көне дәптерлерден» кітабына «Ұстаз­дарым қонаққа келгенде» деген арнау еніпті. Мұнда да ақынның өз үйіне арнайы шақырған ұстаздарына деген алғаусыз көңілі, адал, ақ тілегі атой­лап тұр. ...Сол баяғы ізгі күйде, Қасиетіңді ұғамын. Қош келдіңдер, біздің үйге, Қош келдіңіз, мұғалім. Барады өтіп өмір, өмір, Адамдардың арманы. Шәкіртіңнің төрінде бір, Төре болып көр кәні. Көңіл-жүйрік, көздерің-нұр, Сол баяғы күйінде. Демалыңдар өздерің бір, Шәкірттерің үйінде... Әрине, кезінде білім, тәрбие берген ұстаздарын құрмет тұтпайтын шә­кірт­­тер кем де кем. Бірақ мектепте сабақ берген көзі тірі ұстаздарын үйіне арнайы шақырып, сый-құрмет жаса­ған ақынды бірінші рет біліп отырмын. 31 шумақтан тұратын осы өлеңнің соңына жазылған «23 ок­тябрь 1983. Ертеңгі сағат 7-9» деген жа­зулар ерек­ше назар аударады. Ша­масы ақын өлең­ді қонақ келетін күні таңертеңгі сағат 7-9 аралығында жаз­ған сияқты. Сол күні қонақтарына оқып та берген болуы керек. Бізді таң­дандыратыны 2 сағатта ақынның 31 шумақ 124 жол өлең­ді жазып шық­қандығы. Бұл жазба ақын үшін ре­кордтық көрсеткіш. Кеу­десінен жыр саулап, өлең төгіліп тұра­тын айрықша талантты ақын ғана осы­лай жаза ала­тын шығар. Ақын қаламы осынау ша­бытты шақта еш тоқтаусыз, кідіріссіз жазып отырды деуге бола­ды. Көңілі ашық, өмірге ғашық, жаны­нан нұр, жүрегінен жыр төгілген, бар жанды бауырындай көретін аяулы ақын 2011 жылдың 10 қазанында дүн­ие­ден озды. Ауыр қазаны теледидар­дың кешкі хабарынан естідім. Таңер­теңгілік ұшақпен Алматыға барып, ақын­ды ақтық сапарға шығарып салу шараларының барлығына да қатыс­тым. Сөзімнің соңын осы шаралар кезінде оқылған өлеңіммен аяқтаған­ды жөн көрдім. Ауыр қайғы көкірекке сыя ма, Асыл жанды ажалға ел қия ма. Жыр тұлпары дүбірлеткен тына ма, Жыр сұңқары құлады ма қияда. Алатауым аза тұтпай тұра ма, Қаратауым қайғыға бас бұра ма. Әбділданың бауырындай боп кет­кен, Балам еді деп толқиды Сыр ана... Нұр бейнесі ұмытылмас сірә да, Жылы жүзі көңіліңнен шыға ма. Туған елдің биігі едің, Тұмаға, Тұма жырдың тұнығы едің, Тұмаға. Өмір көші өтпей тыныш тұра ма, Алла ісіне арта алмаймыз кінә да. Жыр көгінде жанып, мәңгі сөнбей­тін, Жарық жұлдыз боп қаласың, Тұмаға.

Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшесі Қызылорда