Тұма жырдың тұнығы еді
Тұма жырдың тұнығы еді
Ғажап жырларымен халықтың жүрегінен орын алып, өзінен үлкендерге «Тұмаш», кішілерге «Тұмаға» болған Тұманбай Молдағалиев өн бойынан өлең құйылып тұратын өзгеше дарын иесі еді. Бірыңғай өлеңге берілген, өлеңмен өмір сүрген ақын күн сайын жыр жазбай отыра алмайтын еді. Бір күнде үш-төрт өлең жазатын, кейде тұтас толғау, дастандарды да бітіріп қоятын кездері де кездескен. Жазғандарының көркемдігі де көпшіліктiң көңіл шуағына бөленгенін бәріміз білеміз. Шынайы сезімге, ыстық махаббатқа, жастық жалынға толы ақын жырлары ерекше жылылық қуатымен елді елең еткізді. Ақын университет қабырғасында жүргенде-ақ 22 жасында алғашқы «Студент дәптері» деген жыр жинағын шығарып үлгерді. Бұл жөнінде ақынның «Бiр асудан асқанда» кітабына жазған алғысөзінде көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев былай деп атап көрсетті: «...Өңшең шеңгелдің ортасына шыққан жалғыз жауқазындай сол кітапша қазақ жыр алқабының жаңаша көктеп, жаңаша құлпыруының басы сияқты болды...» Студент дәптерінен» соң тап соған ұқсаған жұқалтаң кітапшалар көбейді. Сырттарында жаңа есімдер тұрды. Еркеш Ибраһим, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, Өтежан Нұрғалиев. Із соңынан із түсті. Кітап соңынан кітап шықты. Жыр арнасы айдынданып сала берді. Ақжарма күйдей ағыл-тегіл төгіліп Төлеген Айбергенов келді. Аспан астын жырға қалқытып Мұқағали Мақатаев шықты. Тұңғиықтан сыр тартып, жыр Байкалы – Жұмекен Нәжімеденовтің мөлдір айдыны тұнған үстіне тұнып бақты... Соншама рухани шалқуға бастау болған тұма бұлақ – Тұманбай Молдағалиевтің әлгі балауса кітабы сияқтанады да тұрады маған». Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғы, алпысыншы жылдарының басында әдебиетке келіп, қазақ поэзиясын, жаңа биікке көтерген қуатты топтың ақын Тұманбай көшбасшысы, із ашары болғандығы осыдан-ақ айқын аңғарылады. Ақын содан кейінгі жарты ғасырдан астам шығармашылық ғұмырында осы биігінен төмен түскен жоқ. Көпшіліктің көңіл төрінен орын алып, асыл қазынасына айналған елуден астам жыр жинақтарын шығарды. Әрбір жанның жүрек қылын шертер нәзік сезімнің ақыны, махаббат жыршысы атанды. Оның өлеңдері әр көңілде әсем саз боп толқыды, ән боп шалқыды. Сазгерлеріміздің бес жүзден астам әндерінің мәтінін жазды. Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов және басқа ондаған таңдаулы сазгерлеріміздің ең жақсы әндері ел арасына Тұмағаның тұмадай мөлдір жырлары арқылы тарады. ...Құстар, құстар сызылтып ән салады, Сол әнімен жаңғыртады даланы... немесе ...Құрбым, жан құрбым, бала кезіңнен, Бақыт таптым ғой қара көзіңнен... немесе: ...Кел билейік, кетпе менің қасымнан, Қызғалдақтай таң нұрымен ашылған... Әсем ән мәтініндегі шынайы сезімге, шуаққа толы сөздер әркімнің жүрегінен өшпестей орын алды. Аса адал, ақжарқын, мейлінше қарапайым, жомарт жүректі, таза тілекті жан еді Тұмаға. Қолынан келгенінше жабыққанға жігер, қамыққанға қамқор болып, біреуге көмек қолын созуға әзір тұратын. Мектеп қабырғасында жүргеннен атына танық, ақындығына қанық болып, жырларын жаттап өскенімізбен Тұмағамен жақын танысудың сәті 1974 жылы түсті. Осы жылғы қазан айында еңбек демалысымды пайдаланып, алғашқы жыр жинағымды баспаға тапсыру мақсатында Алматыға келдім. Бұл жөнінде қайда барып, кімге жолығуым керектігі жайлы жерлес ақын Ибрагим Исаевпен ақылдастым. Ибрагим бірден «Тұмағаңа барайық» деді. «Бұрын кездеспеген үлкен ақынға желпілдеп, жетіп барғанымыз ыңғайсыз емес пе?» – дегенді айттым. Ибрагим «Ешқандай қобалжымаңыз. Тұмағаң Сіз ойлағандай емес, мейлінше қарапайым жан. Қолынан келгенінше көмегін беруден де аянбайды?» – деп мені ақын қабылдауына алып келеді. Ол кезде жаңадан ашылған «Жалын» баспасы мен баспа жанынан ашылған «Жалын» альманағының редакциялары Жазушылар одағы ғимаратының бірінші қабатында болатын. Тұманбай аға осы баспаның да, альманахтың да бас редакторы екен. Үлкен ғимараттың сол қанатындағы алғашқы бөлме – ақын кабинетіне қысыла, қымтырыла кірдік. Айтса айтқандай Тұмағаң жүзінен шуақ, мейірім төгілген мейлінше қарапайым, ақжарқын жан екен. Бізді жылы жымиып күліп қарсы алды. Ибрагим мені таныстырып жатыр. Келген жұмысымды да айтты. Мен дайындап әкелген бес-алты өлеңімді алдына қойдым. Тұмағаң асықпай оқып шықты. Ұнатқанын да бірден айтты. – Өлеңдерің ұнады. «Жалын» альманағының келесі санына саламын. Ал кітабыңның келесі жылдың жоспарына енуіне көмектесейін, – деді. Үлкен ақынның бізді осыншалық жылы қабылдап, жұмысымызды бірден бітіргеніне қатты риза болып қалдым. Жағдай біз күткендегіден де артық болды. Ақынға шынайы ризашылығымды, рахметімді айттым. Әрі қарап отырмай: – Тұмаға, түскі үзілістің кезі болып қалды ғой, мүмкіндігіңіз болса мейрамханада бірге тамақтансақ қайтеді, – дедім. Тұмағаң сәл ойланып отырды да: – Жоқ, болмайды. Сендерге шынымды айтайын. Қазір екі бірдей қызмет тізгінін ұстап отырмын. Екеуі де жауапты. Орталық комитет номенклатурасындағы жұмыстар. Басқа кезде ойланбай-ақ барар едім. Қазіргі жағдайымда мейрамхана жағалап жүргенім ыңғайсыз болады, – деді күліп. Екеуміз ақын ағаға рахметімізді айтып шығып кеттік. Мейрамханаға өзіміз бардық. Асықпай тамақтанып әрі бүгінгі кездесу жайын әңгімелеп ұзағырақ отырып қалыппыз. Мейрамханадан түс ауа шықтық. Осы кезде Ибрагим тосын ұсыныс айтты. «Сіздің осында қарындасыңыздың үйі бар емес пе? Тұмағаны сонда шақырсаңыз қайтеді. Ол кісі үйге шақырсаңыз барады» – деді. Мен ойланып қалдым. Қарындасым бары рас. Жолдасы өз ауылымыздың азаматы. Министрліктердің бірінде жауапты қызметте. Қаланың оңтүстік жағындағы шағын аудандарда 2 бөлмелі пәтері бар. Бұл жаққа келгендегі түсетін үйіміз де сол. Қазір ауылдан бірге келген әйелім де сонда жатыр. Не де болса әуелі Тұмағаның келісімін алғаннан кейін ғана үймен хабарласқанды жөн көрдім. Ибрагимге: – Тұмағаңа қайтадан барғанымыз қалай болар екен, ыңғайсыз емес пе, – дедім. – Ешқандай да ыңғайсыздығы жоқ, бәрі де дұрыс болады, – деп ол сенімді айтты. Сонымен екеуміз Тұмағаңа қайта келдік. Бұл жолы да ақын ағамыз айрықша жадырап, күліп қарсы алды. – Өзім де сендерді қайта соғатын шығар деп отыр едім. Келіңдер, отырыңдар. Енді не айтасыңдар, – деді. Біз ұсынысымызды айттық. Тұмаға бірден келісімін берді. – Ибрагим біздің үйді біледі. Кешкі жетілерге жақын келіп, жеңгең екеумізді алып кетсін, – деді. Осыдан кейін ғана үймен хабарласып, қонақ күту дайындығына кірісіп кеттік. Айтылған мерзімде Тұмаға мен Күлтай жеңгемізді алып Ибрагим де келді. Тұмаға үйдегілермен бұрыннан таныс, біліс адамдай ашық, жарқын амандасып, айрықша көңілді отырды. Отырысымыз басталмай тұрып, ойындағы ұсыныс, тілегін де жеткізді. – Кейінірек айтсам, басқаша ойлап қаларсыздар. Ертең кешкі жетіде осы отырған бәріңіз біздің үйдің қонағы боласыздар. Соны ертерек айтып қойғанды жөн көрдім, – деді ол. Өзі айтқандай ертеңіне әйелім екеуміз, қарындасым күйеуімен, Ибрагим Тұманбай ағаның үйінде қонақта болдық. Бір көрген, кездескен адамды үйіне шақырып, осынша сый, құрмет көрсетуі тосын жағдай еді. Біз қонақтан ақ жайлау ақын көңіліне айрықша ризашылықпен марқайып, мақтанып қайттық. Асыл ағамен алғашқы кездесуден кейін-ақ ағайын-туыстай араласып, туған інісіндей болып кеттім. Алматыға келе қалсам болды, алдымен ағаға соғамын. Ол да сол күнгі бар шаруасын жиып қойып, менімен бірге болады. Үйіне барамыз. Тауға шығамыз. Саяжайына апарады. Кейде туған жері Ақши ауылына ат басын бұратын кездеріміз де бар. Бір кезде өзі туған, тұрған үйін көреміз. Таудан асып, ақынның балалық шағы өткен Асы жайлауына барғанымыз айрықша есімде қалыпты. Ақын балалық шағы өткен, қозы бағып, қой қайырған жерлерін көрсетті. Осындағы қойшы туыстарының үйінде қона жаттық. Шүйгін шөбі тізе қағатын жасыл жайлау ортасында төңкерілген тақиядай болып жатқан атақты Аралтөбені қызықтадық. Бұл ақынның алғашқы жыр жинағы «Студент дәптеріндегі» «Жайлауда» өлеңіне енген Аралтөбе ғой. Жадымызда жатталып қалған жыр жолдары ойға оралады. Жайлау ғой мынау жарасқан, Аралтөбе бауыры. Төбеден неге әрі асқан, Сәулешімнің ауылы. Тілегім неткен көп еді, Жүрегім тұр ғой от алып. Осынау тұрған төбені, Тастар ма еді қопарып... Иә, ақынның жастық шағы осы Аралтөбе бауырында өткен. Аралтөбенің арғы жағындағы жылқылы ауылдың ай маңдайлы тал шыбықтай талдырмаш аруына ғашық болған. Осында оянған алғашқы сезім үлкен махаббатқа ұласып, Аралтөбе баурайындағы атақты Қасым жылқышының қызы Күлтаймен бас қосып өрімдей өнегелі ұл, қыздарын өсірді, өркенін жайды. Күлтайдың әкесі Қасым мен анасы Насиха ерекше тағдырлы жандар деуге болады. Өткен ғасырдың елуінші жылдары бар көрсеткіші жоғары, аймақтағы ең озат жылқышы Қасымның үйіне облыс басшысы малшыларды аралауға шыққан сол кездегі республика басшысы Л.Брежневті ертіп барса керек. Леонид Ильич озат жылқышының көп жылғы үздік көрсеткішіне, шаруа жағдайына, әсіресе қарапайым адами қалпына қатты риза болыпты. Әрі шай құйып отырған жұбайын меңзеп: «Бұл кісі не істейді?», – деп сұраған көрінеді. Облыс басшысы: «Бұл кісі де жылқышы, Қасыммен бірге қызмет істейді», – депті. Республика басшысы екеуіне де сүйсіне қарап: «Міне бұлар нағыз еңбек ерлері ғой» деп риза болып, көмекшісіне олардың аты-жөндерін жазып алуды тапсырыпты. Осыдан кейін көп ұзамай ерлі-зайыпты екеуіне де Социалистік Еңбек Ері атақтары берілген екен. Әрі мұндай жағдай бүкіл одақ көлемінде тұңғыш рет болса керек. Күлтайдың әкесі Қасым ауыр науқастан ертерек қайтыс болған. Анасы Насиханы көзіміз көрді. Көп сөйлемейтін, мейлінше салмақты, сабырлы, ірі денелі кісі еді. Тоқсанның үстіне шығып дүниеден озды. Қашанда бар адамға қамқорлық жасауға дайын тұратын Тұмаға Насиха апаны қарттық жеңе бастаған соңғы жылдарында қолына алып, баласындай мәпелеп күтті, шынайы алғысын, ақ батасын алды. Ақырғы сапарына да ақ жуып арулап аттандырды. Кімге де болса адал көңілі, ақ тілегі дайын ақын арнау өлеңдерді көп жазды. Менің өзіме арнап жазған 4-5 өлеңі бар. Олардың бірқатары мерзімді баспасөзде жарияланып, жеке жыр жинақтарына енді. Менің де Тұмағаңа арнап жазған бірнеше өлеңдерім бар. Бірақ ақын арнауындағыдай шынайы сезімге, көркемдік қуатқа жеттім деп айта алмаймын. Ақынның біз әңгімелеп отырған «Көне дәптерлерден» кітабына «Ұстаздарым қонаққа келгенде» деген арнау еніпті. Мұнда да ақынның өз үйіне арнайы шақырған ұстаздарына деген алғаусыз көңілі, адал, ақ тілегі атойлап тұр. ...Сол баяғы ізгі күйде, Қасиетіңді ұғамын. Қош келдіңдер, біздің үйге, Қош келдіңіз, мұғалім. Барады өтіп өмір, өмір, Адамдардың арманы. Шәкіртіңнің төрінде бір, Төре болып көр кәні. Көңіл-жүйрік, көздерің-нұр, Сол баяғы күйінде. Демалыңдар өздерің бір, Шәкірттерің үйінде... Әрине, кезінде білім, тәрбие берген ұстаздарын құрмет тұтпайтын шәкірттер кем де кем. Бірақ мектепте сабақ берген көзі тірі ұстаздарын үйіне арнайы шақырып, сый-құрмет жасаған ақынды бірінші рет біліп отырмын. 31 шумақтан тұратын осы өлеңнің соңына жазылған «23 октябрь 1983. Ертеңгі сағат 7-9» деген жазулар ерекше назар аударады. Шамасы ақын өлеңді қонақ келетін күні таңертеңгі сағат 7-9 аралығында жазған сияқты. Сол күні қонақтарына оқып та берген болуы керек. Бізді таңдандыратыны 2 сағатта ақынның 31 шумақ 124 жол өлеңді жазып шыққандығы. Бұл жазба ақын үшін рекордтық көрсеткіш. Кеудесінен жыр саулап, өлең төгіліп тұратын айрықша талантты ақын ғана осылай жаза алатын шығар. Ақын қаламы осынау шабытты шақта еш тоқтаусыз, кідіріссіз жазып отырды деуге болады. Көңілі ашық, өмірге ғашық, жанынан нұр, жүрегінен жыр төгілген, бар жанды бауырындай көретін аяулы ақын 2011 жылдың 10 қазанында дүниеден озды. Ауыр қазаны теледидардың кешкі хабарынан естідім. Таңертеңгілік ұшақпен Алматыға барып, ақынды ақтық сапарға шығарып салу шараларының барлығына да қатыстым. Сөзімнің соңын осы шаралар кезінде оқылған өлеңіммен аяқтағанды жөн көрдім. Ауыр қайғы көкірекке сыя ма, Асыл жанды ажалға ел қия ма. Жыр тұлпары дүбірлеткен тына ма, Жыр сұңқары құлады ма қияда. Алатауым аза тұтпай тұра ма, Қаратауым қайғыға бас бұра ма. Әбділданың бауырындай боп кеткен, Балам еді деп толқиды Сыр ана... Нұр бейнесі ұмытылмас сірә да, Жылы жүзі көңіліңнен шыға ма. Туған елдің биігі едің, Тұмаға, Тұма жырдың тұнығы едің, Тұмаға. Өмір көші өтпей тыныш тұра ма, Алла ісіне арта алмаймыз кінә да. Жыр көгінде жанып, мәңгі сөнбейтін, Жарық жұлдыз боп қаласың, Тұмаға.
Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қызылорда