Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті отырысы белгіленді
Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті отырысы белгіленді
Астанада ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-ші пленарлық отырысы өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келесі отырыстың тақырыбы мен күнін белгіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Келесі отырысты адам капиталын дамыту мәселесіне арнау қажет. Оны 2019 жылы 6 маусым күні Астанада өткізуді ұсынамын. Үкімет болса, барлық жұмыс топтарының ұсыныстарын қарап, бүгінгі ақыл-кеңестерді сараптап шығуы қажет», - деді Н.Назарбаев отырысы соңында. Айта кетейік, бүгінгі кеңес кезінде шетелдік инвесторлар адам капиталын дамыту мәселесін көтерген болатын. «Біріншіден, адам капиталын әлі де жақсарту қажет. Әсіресе, қазіргі озық технологияларды ескере отырып, маман даярлау мәселесіне баса назар аударған жөн. Себебі сапалы жұмыс күші әлі де жетіспей жатыр. Ондай проблемаға шетелдік инвесторлар ғана емес, жергілікті компаниялар да тап болуда. Дәл осы мәселе бизнесті дамытуға қолбайлау болып отыр. Екіншіден, жаңа Экологиялық кодексті бірлесіп әзірлеу керек. Бүгінде Қазақстан қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Алайда нормативтік актілерді әзірлегенде қазақстандық өндірістің жаһандық бәсекелестігін де ескеру керек. Соның нәтижесінде экономикалық өсім де болады. Біздіңше, айыппұлдарды салған кезде нақты дәлелдер болуы қажет. Сосын экономикалық залалды жанама бағалауды алып тастаған дұрыс», - деді А.Прейманис бүгінгі отырысында. Ал ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бір жылдың ішінде атқарылған жұмыс бойынша есеп берді.