Жаңалықтар

Шетелде демалатындардың инфекциядан сақтану жолы

ашық дереккөзі

Шетелде демалатындардың инфекциядан сақтану жолы

Шетелде демалатын қазақстандықтар инфекциядан сақтануы үшін нені ескеруі керек. Жаз басталғандықтан, еліміздегі кейбір азаматтар демалыс уақытын шетелде өткізуді қолай көреді. Алайда әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі ауруларды тарататын инфекциялар қазақстандық туристерге қауіп төндіруі әбден ықтимал. Осы ретте шетелде демалуды жөн көретін қазақстандықтарды түрлі инфекциялардан қорғау, ескерту бағытында Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті қандай жұмыс атқарып жатыр? Комитет шетелде түрлі инфекциялардың таралуына байланысты талдау жүргізе ме? Шетелде демалатын қазақстандықтар инфекциялар мен аурулардан сақтануы үшін нені ескеруі керек? ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшинге ресми түрде осындай сауалдарды жолдап едік. Жандарбек Бекшиннің жауабына сүйенсек, республика аумағында  карантиндік және аса қауіпті инфекциялардың  сырттан келуі мен таралуын болдырмау мақсатында Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті келесі іс-шараларды жүзеге асырады. Атап айтқанда, мемлекеттік шекара арқылы санитариялық-карантиндік өткізу пункттерінде, республиканың халықаралық әуежайларында келген адамдарды байланыссыз термометрмен қадағалау жүргізіледі. Сондай-ақ, әуе және теңіз кемелерінің жолсеріктеріне, жолаушылар тасымалдайтын жүргізушілерге, жолаушылар мен туристерге арналған жадынамалар дайындалады. Бұған қоса Қазақстан азаматтарының инфекциялық аурумен сырқаттанушылығы жағымсыз елдерге баруын ұйымдастыратын туристік фирмалар арасында жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, комитетке бағынысты ұйымдар зертханаларының  диагностикалық зерттеулер жүргізуге дайындығы қамтамасыз етіледі. «Сонымен бірге, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және Комитеттің сайттарында саяхаттаушыларға арналған әлемдегі эпидемиологиялық жағдай туралы ақпарат жүйелі түрде жарияланады. Жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша халық арасында санитариялық-ағартушылық жұмыстар (брошюралар, буклеттер, бейнероликтер, бұқаралық ақпарат құралдары,  әлеуметтік желілер арқылы дәрістер) тұрақты түрде жүргізіледі. Қазақстанның халықаралық әуежайларында және теміржол станцияларында оқу-жаттығулар жүргізіледі», - делінген жауапта. Жандарбек Бекшин ҚР Сыртқы істер министрлігі инфекциялық аурулардың эпидемиологиялық жағдайы бойынша,  сондай-ақ сырттан келген жағдайларды тіркеу кезінде өзара ақпарат алмасу  іс-қимылын жүзеге асыратынын атап өтті. «Қазақстанда 2018 жылдың ағымдағы кезеңінде 9 жұқпалы аурудың тіркелгені анықталды: олардың 3-і денге безгегі, 5 тырысқақ және 1 безгек оқиғасы. Көптеген жағдайларда жұқпалы және паразитарлық аурулар ластанған су мен тамақ арқылы тасымалданады, бірақ науқас адаммен қатынаста болғанда немесе жыныстық қатынаста болған кезде қан сорғыш жәндіктер арқылы жұғуы да мүмкін», - дейді Жандарбек Бекшин. Айта кетерлігі, әрбір елде басқа мемлекеттердегі қалыптасқан  эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, қажетті профилактикалық екпелердің бекітілген тізімі болады. «Мысалы, бірқатар африкалық елдерге барар алдында сары қызбаға қарсы міндетті вакцинацияның болуы қажет. Сонымен қатар, А және В вирустық гепатиттеріне, полиомиелитке, дифтерия мен сіресуге қарсы екпе алу ұсынылады. Сауд Арабиясы Корольдігіне сапар шеккендер үшін, meningококк инфекциясына қарсы вакцинация алу қажет. Осыған байланысты белгілі бір елге барар алдында алдын-ала қажетті вакциналардың тізімін нақтылаған дұрыс. Шетелге барған кезде сақтандыру полисі міндетті болып табылады», - деп ескертеді Жандарбек Бекшин. Осыған байланысты  инфекциялық және паразитарлық аурулардың алдын алу мақсатында Комитет шет елге шыққанда мыналарды есте сақтауды ұсынады: - тек бөтелкедегі немесе қайнаған суды ішу, қайнамаған судан дайындалған мұзды пайдаланбау; - тек белгілі және тексерілген қоғамдық тамақтандыру орындарына бару; - жемістерді, көкөністерді қайнаған немесе бөтелкедегі сумен жақсылап жуу; - ет, балық теңіз өнімдерін термиялық өңдеуден кейін тұтыну керек; - ас ішер алдында қолды сабынмен мұқият жуу, қолға арналған антисептикті  (санитайзерлер) пайдалану керек; - бассейндерде немесе арнайы су айдындарында ғана шомылу қажет; - орналасқан жеріне (қонақ үй нөмірі, бөлмесі, және т.б.) масалар кірмеуі (масаға қарсы торлар, инсектицид заттары, репелленттер болуы) тиіс; - таза ауаға шыққанда жеңі ұзын ақшыл түсті киім, шалбар, ұзын көйлек кию керек. Дененің ашық жерлеріне репелленттер жағу керек; - сапар кезінде немесе сапардан оралғаннан кейін денсаулық жағдайы нашарласа, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.