Алматыда менигококк жұқпасынан тағы бір бала көз жұмды
Алматыда менигококк жұқпасынан тағы бір бала көз жұмды
Алматыда менигококк жұқпасынан 4 жасар бала көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қайғылы оқиға жұмадан сенбіге қараған түні болған. «4 жастағы бала менингиттің тез асқынатын түрінен қайтты. Жұма күні кешке ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірнеше сағат ішінде дәрігерлер бар шараларды қолданды. Бірақ оны аман алып қалу мүмкін болмады», - деді қалалық Қоғамдық денсаулықтың қорғау депратаментінің басшысы Айзат Молдақасымова. Оның айтуынша, бүгінде Алматыда 32 адамда менигококк жұқпасы болғаны анықталған. Оның 25-і зертханалық талдау арқылы расталған. 5 адамға клиникалық диагноз қойылды. Қаза болғандардың саны 5-ке жетті. Оның ішінде 5 және 4 жастағы балалар бар. «Бүгінде алматылықтарға антибиотик терапиясымен профилактика жасауға кеңес береміз. Бала жұқтырмаса да, ауырмаса да антибиотик қабылдағаны дұрыс», - деді Айзат Молдақасымова. Айта кету керек, Алматы облысында қауіпті дерттен 2 адам көз жұмған болатын.