Жаңалықтар

Қызылорда облысы әкіміне "Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы" атағы берілді

ашық дереккөзі

Қызылорда облысы әкіміне "Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы" атағы берілді

  Қызылорда облыстық мәслихатының кезектен тыс  XX сессиясында  Батыс Қазақстан облысының делегациясын басқарып келген облыс әкімінің орынбасары Ғабидулла Оспанқұлов Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа «Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын табыс етті. «Қырымбек Елеуұлы Батыс Қазақстан облысына басшылыққа жаңа ғасырдың басында келіп, 2000-2003 жылдары басқарды. Осы жылдар ішінде атқарылған жұмыстар туралы батыс жұрты сағынышпен айтқанына куәміз. Облыстың құрметті атағы берілгенде сол Ақжайық жұртының Қырымбек Елеуұлына деген ыстық ықыласының қаншалықты ерекше екеніне көз жеткіздік», - деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидулла Оспанқұлов. Батыс Қазақстан облысын басқарған жылдары Қырымбек Елеуұлы облысқа инвесторлар тарту, өңірдің инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік жағдайын көтеру, облыс орталығынан бастап, алыс-жақын елді мекендердің жолын жаңарту, газбен қамтамасыз ету жұмыстарын аяқтау сияқты күрделі жұмыстардан бастады. Үш жылда әрбір ауылға дейін газ тартылды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Күлтегіновтың құттықтау хатында – «Облыстың «Құрметті азаматы» атануыңыз – өңірімізде қалған «Көшербаев қолтаңбасының» қоғамдық мойындалуы. Жаңа мыңжылдықтың бас кезінде Орал өңірінің гүлденуіне қосқан үлесіңіз үшін Сізге өңір тұрғындарының атынан алғыс білдіремін!» - деп жазылған. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Абат Есенғалиевтің айтуынша, Қырымбек Көшербаев Ақжайық өңірінде рухани құндылықтарды ұлықтап, мәдениет саласында да қыруар істер атқарды. Сол жылдары Бөкей ордасы тарихи кешені, тәуелсіздік тарихында жаңадан театр ғимаратын салып берді. Педагогикалық институтқа Махамбеттің, ауылшаруашылығы институтына Жәңгір ханның есімдерінің берілуіне ұйытқы болды. «Қырымбек Елеуұлының тынымсыз еңбегінің нәтижесін қазір Сыр елі де көзбен көріп, ойға түйіп отыр», - деді делегация мүшелері. Өз кезегінде, аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Батыс Қазақстан облысының азаматтарына көрсеткен құрмет пен жұмысына берген баға үшін алғысын білдірді. Мұнан соң, Ғабидулла Оспанқұлов, еңбек ардагерлері Абат Есенғалиев, Рахметолла Сүйербаев, Батыс Қазақстан Мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі Қ.Бозымовтан құралған делегация қаланың сол жағалауында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарында және «Рухани жаңғыру» орталығында болды. Мұстахым Ықсанов атындағы политехникалық колледжде болып, Ықсановтың бюстіне гүл шоғын қойды. «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінде болып, басқа да әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысымен танысты.