Жаңалықтар

«Менің атым Қожа» – түрік тілінде

ашық дереккөзі

«Менің атым Қожа» – түрік тілінде

Түркия астанасы Анкарада қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың түрік тілінде жарық көрген «Менің атым Қожа» кітабының тұсауы кесілді.  Бұған дейін әлемнің 67 тіліне тәржімаланған айтулы шығарма бауырлас түрік тіліне тұңғыш рет аударылып отыр. Бұл игі шара «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы және Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазақстан күндері» аясында өтті. Сондай-ақ, осы хикаят желісімен режиссер Абдолла Қарсақбаев түсірген «Менің атым – Қожа» фильмі көрсетілді. Туындыны түрік тілінде сөйлеткен Гази университетінің оқытушысы, ғылым докторы Жамилə Кынажы. Салтанатты рәсімде Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кечиөрен муниципалитеті мэрінің орынбасары Мұстафа Арач, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуп Омароғлы, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірəлі құттықтау сөз сөйледі. Елші А.Сапарбекұлы өз сөзінде қазақ халқының біртуар перзенті, классик жазушының өз қолтаңбасы арқылы ұлттық әдебиетімізге тың туындылар мен соны жаңалықтар әкелгенін айта келе, қазақ қаламгерінің түркі әлемі әдебиетінен де алар орнына тоқталды. «Шығармалары әлем тілдеріне ең көп аударылған Бердібек Соқпақбаевтың  Түркия төрінде танылып жатқаны біз үшін айрықша мақтаныш. Түрік оқырмандары Қожа арқылы автордың өзге де шығармаларына қызығушылық танытып, ден қояды деп ойлаймын. Фильмді тамашалаған көрерменнің де қазақ жазушысына деген құрметі арта түсері сөзсіз. Картинаның көрсетілуіне қолдау білдірген «Қазақфильм» киностудиясына жəне фестиваль ұйымдастырушысы Кечиөрен муниципалитетінің мэриясына зор ризашылығымды білдіремін», – деді А.Сапарбекұлы. Қазақстаннан арнайы келген Бердібек Соқпақбаевтың қызы, жазушы-аудармашы Самал Соқпақбаева əкесінің кітаптары осыған дейін алпыстан астам тілге аударылғанымен, алғаш рет түрік оқырманына ұсынылып отырғанын тілге тиек етіп, қуанышымен бөлісті. «Менің атым – Қожа» –  əкемнің халыққа ұнаған, ең көп оқылған шығармаларының бірі. Бұл хикаяда өз басынан өткен қызықты оқиғаларды суреттеген. Осы туынды негізінде «Қазақфильм» киностудиясы фильм түсіріп, Францияда өткен Канн фестивалінде жүлдегер атанды. Енді, міне, араға жылдар салып, түрік тіліне аударылып отыр. Егер əкемнің көзі тірі болғанда бұл тарихи сәтке шексіз қуанар еді. Дегенмен қызы әрі мұрагері ретінде əкем үшін жүрегіме ерекше мақтаныш сезімі ұялап тұр», – деп, осы шараға атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтты. Шығарманы түрік тілінде сөйлеткен аудармашы Жамилә Кынажы: «Менің атым – Қожа» түрік руханиятын байытып, көпшіліктің сүйікті кітабына айналатынына нық сенімдімін. Соқпақбаев ұлттық бейнесі күшті адам. Ол бір баланың көзі арқылы тұтас ұлттың бейнесін береді. Кейіпкер Қожа кішкентай болғанымен, оның дүниетанымы кең. Ол үнемі әділдік пен адалдықты ту етеді. Біз бір-біріне қатты ұқсайтын бауырлас халықпыз. Түріктің баласы мен қазақтың баласында айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Сондықтан қазақтың Қожасы – біздің де Қожа», – дейді. Кітаптың таныстырылымында хикаят желісімен түсірілген Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмін тамашалаған түрік жастары Қожа бейнесін кітаптан оқуға мүмкіндік туып отырғанына бек қуанышты. Алдағы уақытта Қазақстанның Түркиядағы елшілігі филімді түрік тілінде дубляж жасатып, Түркияның басты арналарында көрсетуді жоспарлауда.