"Астана" плей-офф кезеңіне шықты

"Астана" плей-офф кезеңіне шықты

"Астана" плей-офф кезеңіне шықты
ашық дереккөзі

Кеше Астана қаласындағы «Астана Арена» стадионында «Астана» футбол клубы финляндиялық ХИК командасын қабылдады. Чемпиондар лигасының іріктеу сыны бойынша өткен қарымта кездесуде жерлестеріміз жеңісті қолдан бермеді.

Ойынның алғашқы таймында қонақтар батыл қимылдап, «Астана» қақпасына екі гол салды. ХИК командасының ойыншысы Осман Джаллоу ойынның 4-ші минутында алғашқы голды салып, есеп ашты. Осыдан кейін 42-минутта астаналықтар қақпасына тағы бір доп жолданды. Гидеон Баахтың тепкен добы қақпаға еніп, қонақтар есепті еселеді. Тек бірінші таймның соңғы минуттарында «Астана» ойыншысы Патрик Твумаси алғашқы допты қонақтар қақпасына енгізіп, есепті 2:1-ге жеткізді. Осылайша, алғашқы тайм қонақтардың басымдығымен аяқталды.

Ал екінші тайм басталысымен, 47-минутта ХИК қақпасына 11 метрлік айып добы белгіленді. Мұны сәтті пайдаланған Рохер Каньяс есепті теңестірді. Содан кейін 56-минутта «Астаналық» Дмитрий Шомконың добы голға айналып, есепті 3:2-ге жеткізді. Ал соңғы допты «Астана» командасы ХИК қақпасына 90-минутта енгізді. Ойынның соңғы сәтіндегі голдың авторы – Евгений Постников. «Астана» мен ХИК командаларының ойыны 4:3 нәтижесімен аяқталып, елордалық футбол командасы жеңіс жалауын желбіретті. Осылайша, «Астана» футбол командасы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Айта кетейік, бұл ойынды тамашалауға "Астана Арена" стадионына боксшы Геннадий Головкин де келді. Бүкіл стадион сүйікті боксшыларын ерекше құрметпен қарсы алды. "Астана" футбол клубының кезекті ойынын тамашалауға келген жанкүйерлерді қарасы қалың болды бұл күні.