Шәкәрімнің «Сырлы қобдишасы» қайда екен?
Шәкәрімнің «Сырлы қобдишасы» қайда екен?
Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев, 1957 жылы өз қолымен толтырылған төлқұжат бойынша, 1900 жылы 10 шілдеде Семей облысы, Шыңғыстау (Абай) ауданында дүниеге келген.
Ұлы Абай атамыз:
Әкеден алтау, шешеден төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп, айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар бір жан жоқ,
деген өлеңінде үлкен атамыз Құнанбайдың төрт әйелінен алты ұл болғандығын айтып берген. Үлкен әйелі Күңкеден – Құдайберді. Екінші әйелі Ұлжаннан – Тәңірберді, Абай, Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі Айғыздан – Халиолла, Смағұл. Төртінші әйелі – Нұрғанымнан бала болмаған. Құнанбайдың тұңғыш баласы Құдайбердінің бірінші әйелі Төлебикеден – Омар, Мұртаза, Шаһмардан, Шәкәрім. Екінші әйелі Ботантайдан – Әмір, Жылқыайдар, Ырзықбай тарайды. Абайдың өзінен кейін тетелес інісі Ысқақтан – Кәкітай, Кәкітайдан – Әрхам. Әрхамның кенже ұлы – Азаттан – Әлішер. Әлішерден мен тараймын.
Абай мен Ысқақ атам Ұлжан анамыздан туған. Бірақ Ысқақ атам Құнанбай атаның үлкен әйелі Күңкенің қолында тәрбиеленген. Бір үйде өскен Құдайберді мен Ысқақ өте тату болған. Ысқақ ерте дүниеден озған ағасы Құдайбердінің балаларына – Шәкәрім бастаған інілеріне ерекше қамқорлық көрсеткен.
Ахат атам басынан қаншама азапты өмір өткізсе де, бойынан тектілігі кетпеген, болмысы мықты кісі екенін дәлелдеп өткен жан. Сақалы мен шашын ақ қырау шалса да, кәрілікке бой бермейтін, сөзі айқын, сыпайы, қимыл- әрекеті ширақ болыпты.
Шәкәрім ақынның «Ғибрат алар артына із қалдырса, шын бақыт осыны ұқ, мәңгі өлмейсің!» деген ғибратты сөзі бар. Шәкәрімдей ерек тұлғадан туған Ахат атаның өмірі тұнып тұрған тарих. Ол кісі «байдың тұқымы», «халық жауы», «бандиттің баласы» деген жалған жаламен қамауға алынып, адам айтқысыз азапты күндерді басынан өткізді. 1931-32 жылдары «бидай салығын төлей алмағаны үшін» деген айыппен сотталды. Түрме қабырғасында отырғанда бірге туған бауырлары және ардақты әкенің жантүршігерлік аянышты қазасын естіді.
1937 жылы Ахат ата «халық жауы» деген атпен тағы да ұсталып, итжеккенге айдалды. Әбден қиналып, қалжырап шаршаған, қорлыққа шыдамай өлгісі келген Ахат ата 37 жасында өзіне қол жұмсап, жүрегіне ине қадайды. Бірақ кейін тексерілген кезде иненің жартысы сынғандығын, зиянсыз жерге қадалғанын айтады. Өйткені бұл ине талай жылдардан бері беріш болып қалған екен. Сол ине жарты ғасыр бойы, өле-өлгенше өзімен бірге өмір сүрді. Атам 1939 жылдың 13 қазанында НКВД-нің Ресейдің Қиыр Шығысында орналасқан Бурейнск (Бурлаг) теміржол құрылыс лагерінен босап шықты.
Ахат ата 40 жыл ұстаздық қызмет атқарып, 1968 жылы құрметті демалысқа шықты. Сол жылы Алматыдан туған еліне оралып, 1976 жылға дейін Семейдегі Абайдың музейінің қорын толықтырып, реттестіруге барлық күш-жігерін жұмсады. 1976 жылдан 1978 жылға дейін ғылыми қызметкері болды.
Ахат ата талайлы тағдыр жолымен жер ауып жүрсе де, әкесінің асыл мұрасын көзінің қарашығындай сақтауды перзенттік парызы санаған. Қайткен күнде де әке мұрасын жойылып кетуден аман-есен сақтаудың бірден-бір жолы оларды мұрағатқа өткізу деп шешкен. Сол мақсатпен қолында қалған мол әдеби мұраны – асыл қазынаны (183 беттік 2 том қолжазба мен көшірме) Қазақ мемлекеттік көпшілік кітапханасының сирек қорына түпкілікті пайдалануға тапсырды.
Жауыздықтың жазықсыз құрбаны болған әкесінің адал атын халқына қайтаруды, әдеби мұрасын жарыққа шығартуды алдына үлкен мақсат етіп қойды. Бұған Ахат атаның 1957 жылы КСРО-ның басшылары Н.С. Хрущев, К.Е. Ворошиловтың атына жазған өтініштері айғақ. Онда Шәкәрім атаның ешбір кінәсі жоқтығын, ұлы ақын Абай атаның туысы, әрі ең талантты шәкірті екендігін және артына әдеби бай мұра қалдырған тамаша ақын екендігін баяндайды. Сөйтіп, 1958 жылы 29 қазанда КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздікті бақылау органының прокуроры қол қойған «Шәкәрім Құдайбердиев ақталды» деген қуанышты хабар алды. Өлген әкесі тіріліп келгендей халде болған Ахат ата ендігі жерде әкесінің асыл мұрасын қайтадан жинақтауға кірісті. Жарыққа шығарудың жолдарын іздестіріп, баспа орындарымен келісім-шарт жасаған.
Шәкәрімнің тірі қалған жалғыз тұяғы ретінде ендігі парызы – әкесінің денесін тауып, ақ жауып арулап жерлеу еді (денесі қайда жасырылғанының өзі құпия). Тек, 1961 жылы алпыстан асқан шағында Ахат ата құдықта жатқан әке сүйегін жалғыз өзі оңаша барып, түгендеп, абайлап қазып алған.
Абай атамның інісі Ысқақтың немересі Әрхамның қызы Мінәш апамның естелігінде былай делінген: «1961 жылдың 6 тамызы күні кешке көрші тұратын әкемнің үйіндегі Шағатай ағамның әйелі Сарқыт жеңгем асыға кіріп келді де: «Мінәш, Әбәт ата (балалар Ахат ағаны осылай атайтын) қасында Қабыш бар, қажы атамыздың сүйегін қазып әкеліпті», – деді. Сүйектің Бақанаста екенін білсем де, мен де сасқалақтап қайдан, қалай дей салып, Сарқыт жеңгемнің соңынан ердім.
Ахат аға өте берік адам еді ғой, сүйінші сұрағандай: «Қалқам, атаңды алып келдік»,– деп мені құшақтап, кеудесіне басымды төсегеніммен ешнәрсе айтуға шамасы келмеді. Кейін тездеп бұрылып үйден шықтым да, Ораз нағашымның үйіне келдім. Асығыс болған жайтты айтып, сол үйден туыстарға, сыйлас адамдарға телефон шалып, жүрегім орнығып үйге келдім. Үйде Ахат аға кеудесін кере, нығыз дала шәй ішуге кірісіпті. Ахат ағаның осы отырысын өзіме үлгі, өнеге тұтып, мен де нығыздала, бәрі де ойдағыдай болады деп, Ахат аға қасына отыра бере: «Қажы ата қайда жатыр?» – дедім. Сонда Ахат аға: «Арыстай атаң алақандай шамаданға сыйып жатыр» – деп, камот үстінде тұрған шамаданды нұсқады. Бұл көрініс мені орнымнан тез көтерді. Сарқыт екеуміз төрдегі кіші бөлмені жуып-шайып, тазартып, шамаданды сол бөлмедегі стол үстіне қойғыздық. Сол аралықта қасында он шақты ақсақалы бар Ораз нағашым келді. Ғажабы, ақсақалдар Ахат ағаға көңіл айтып емес, қайырлы болсын, ұл туғанға күн туар деген үмітіміз ақталды деп, күлімдей сәлемдессе де, кейбірі көздеріне жас алып, кейбірі дауысын шығара жылап, арманын айтып сәлемдесті.
«Ел іші – алтын бесік» деп тегін айтпаған ғой, сана-салттары, береке-бірліктері ерекше еді-ау асыл ағайын-туыс, көрші-қолаңдардың. Күн бата әкемнің 80-90 кісі еркін сыятын кең бөлмесі келушілерге лық толды. Келушілер тарқаған соң Ораз нағашым, Қабыш, Ахат аға кіші бөлмеге кіріп, ақылдаса бастады. Ораз нағашым жұқа тақтайдың ортасын ойыстыра үстіріктеп, жалтыратып әкелді де, сыртын ақ бұлмен қаптады. Шешем Рәбиға абдырасын ашып, сарғайған қалампырдың исі аңқыған ораулы затты Ахат ағаның қолына ұстатып: «Мынау Меккеден әкелген ахрет еді, қолымнан шәй құйып берген қажы орансын», – деді. Ахат аға өте ризалықпен қабылдап, рахмет айтты. Қажы сүйегін көрсек деген ой Сарқытта да, менде де бар еді. Бірақ шешеміз кірмеңдер деп тыйым салған. Сүйек құрастырар кезде Ахат аға: «Мінәш, қағаз, қарындаш алып, мұнда кел», – деді. Мен қолыма түскен қағазды, қалтамнан тастамайтын қара қарындашымды алып кіргенде, бас сүйек стол үстінде тұр екен. Енді өлшейтін өлшеуіш керек. Сарқыттың іс тіккенде пайдаланатын жұмсақ өлшеуіші бар еді, сылтау табылып, өлшеуіш метрді әкел деп шақырған соң Сарқыт та кіріп, қасиетті бабамыздың бас сүйегін екеуміз де көріп, өзіміз білген дұғамызды айтып, бет сипасып қалдық. Қолына өлшеуіш тиген Ахат аға:
Бас шеңбері – 53 см;
Маңдайдан қарақұсқа дейін – 31 см;
Құлақ шеке аралығы – 30 см;
Ортан жілік ұзындығы – 48 см;
Жіліншік сүйегі – 46 кейін см;
Жамбас сүйек ұзындығы – 26 см;
Бас сүйек ұзындығы (биіктігі) – 19 см, –
деп айтып тұрды, мен терезе алдында жазып тұрдым. Дайындалған тақтай үстіне кәдуілгідей өлік киім пішіліп, астына белден, үш жерден жалпақ орамал төселіп, әр мүше өз орнына тізіліп жатқанда, Ахат аға қос алақандай мүк басқан көкшіл затты маған көрсетіп: «Мінәш, бері қара, мынау төс шеміршек, екінші атылған оқ дәл төстен тиіп, омыртқаның қанатын сындырып, үгіп жіберіпті, мынау оқтың орны», – деп түсіндіріп еді. «Құдықты асықпай жалғыз барып қаздым. Қасымда кісі тұрса, көмектессе сүйекті бүлдірер және қандай жағдайда жатыр деген күдік те болды. Бас көрінгеннен аялап, топырақты шашпай алғанда қисық жаға көйлектің екі тана түймесі мөлдіреп, киім де сүйекке жабысып тұр екен. Бірақ қол тиген соң киім үгіліп кетті», – деді.
Қабыш аға мен Ахат аға сонау 90-100 шақырым Бақанастан сүйек салынған шамаданды алақандарына салғандай аялап, салт атпен алып келді. Ахат аға үстіндегі көйлегін шешіп, шамадан астына төсеп, сүйектер қажалмасын деп топырақтарын қоса салып отырыпты...»
Осылай Ахат ата әке сүйегін Қарауылға (Абай ауылына) әкеліп, Ысқақтың немересі Әрхамұлы Шағатай атамның үйінде жаназасын шығарған. Құран қатым түсіріп, Жидебайға – Абай атаның жанына жас өліктей арулап жер қойнауына тапсырады. Шағатай атамның ұл-қыздары әлі осы күнге дейін сол қасиетті қарашаңырақта тұрады. Ол кісілердің айтуы бойынша Шәкәрім атаны жерлеуге келгендердің санында есеп болмаған. Жиналған халық таза, сәнді киініп, апаларымыз жоқтау айтқанда қанша берік болса да, Ахат ата дауысы шығып, көз жасын төккенде жиналған барша адамның жыламағаны қалмаған. Асылдың сынығы – біртуар тұлғаның мәйіті 30 жыл бойы иесіз құдықта жатып қалуы тарих алдында кешірілмес күнә еді...
Бұл құтты шаңырақты Әрхам атам 1959 жылы өзі салған. Оған дейін Әрхам атам балаларымен Жидебайдағы Абай атаның үйінде тұрған. Қазіргі таңда ол Абай атаның мұражайы. Осы киелі шаңырақта Құнанбайдың Ысқақ баласынан тараған ұрпақтары өсіп-өндік.
Әке мұраларын, қолжазбаларын көзінің қарашығындай сақтап, жинақтап жүрген Ахат ата төмендегі айрықша тосын жайды жиі еске алатын болған... Сол бір темірдей тәртіп орнаған қатал заманда, 12-13 жас шамасы кезінде, әкесі Шәкәрім бірде оны Шыңғыстаудың құзына апарған. Сол жерде бір темір қобдишаның ішіне жазған қолжазбаларын салып, жасырып: «Кейін заман тынышталар, сол кезде осы қобдишаны тауып ал», – деп аманат етеді. Бұны өз әкем Әлішердің жазып қалдырған мына қолжазбасынан оқуға болады: «Сырлы қобдиша» – бұл 1979 жылдың жаз айлары болатын. Шәкәрім бабамның ұлы Ахат ата бір күні маған телефон шалды. Ол кезде Семей облысы, Абай атындағы ауданның Абай совхозында орналасқан «Шыңғыстау» орта мектебінде мұғаліммін. Ахат ата ауданорталығында тұратын Шағатай әкемнің үйіне жылдам келуімді талап етті. Мектеп директорынан сұранып келсем, Ахат атамның жанында аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Ақышев Әлібек ағай шопырымен, немере інім Серікжан бар екен. Үйден қос арқан алып, Шыңғыстауды бөктерлеп жүріп кеттік. Бағытымыз Шәкәрім қыстағы. Жолға шығысымен Ахат ата қыстақ төріндегі құздардың біріндегі құс ұясына Шәкәрім бабамыздың өзі жасырып кеткен темір қобдишасын табу керек екенін түсіндірді. Қыстақ төңірегіндегі бірнеше құзды қыраттарды аралап келіп, Ахат ата көрсеткеніне тоқталдық. Тау етегінде тұрып, құздың бірнеше тұсын мөлшерлеп белгілеп алдық. Құз шыңына Серікжан, шопыр ағай үшеуміз шықтық. Серікжанды белінен, кеуде тұсынан қос арқанмен байлап, төмен түсірдік. Ол болса, темір таяғымен түртіп, мөлшерленген жерлерді қарап шықты. 4-5 сағатқа созылған әрекетіміз нәтижесіз болды. Келесі айда келеміз деген едік, Ахат ата ауырып қалды да, бұл ісіміз жүзеге аспады. Содан бері 30 жылдай уақыт өткен екен. Тек Серікжан ғана тыным таппай өткен жылы жазда өзі барып, тағы да іздеген екен. «Шәкәрім бабамның қобдишасында қандай сыр жатыр? Сол сырды ашсам екен» деп армандайды. «Келесі барғанда жарылғыш заттарды (мина) іздейтін құрал болса тезірек табылар еді, өйткені қобдиша темірден жасалғанын Ахат ата айтқан» дейді. Бүкіл өмірі, шығармалары толық зерттелмеген сырға толы Шәкәрім бабамның қобдишасы табылар күн туар ма екен?!
Алишер Азат ұлы Ысқақ ұрпағы. 11 қаңтар, 2010 жылы. Алматы қаласы»
Бұл қолжазба ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің қорында сақтаулы (КП 27357/2).
Ахат ата 1984 жылға қараған қыста, Ресейде тұратын баласы Фзулиді мезгілсіз қара жер қойнына беріп келе жатқан кезде, Қостанай аэропортында тайып құлап, жамбас сүйегін сындырып алған. Алты жарым айдай үйде төсек тартып, құса-қайғылы күй кешіп жатып қалған. Ақырында қан құсып, бұ дүниеден мәңгілікке көшерінде: «Қажы әкемнің қасына қойыңдар!» – деп соңғы тілек аманатын айтады.
Әке мұрасын, әке тауқымет-қайғысын жарты ғасырдай ғұмыр бойына «арқалап өткен» қайыспас қайратты, рухани қайсар күрескер, шалқар білімпаз әрі кеңпейіл, табиғи талант-қабілеті ерекше жан бір кезең, бір мезетте осылайша күрт сынып, жалғанның жарығынан өтіп жүре берген еді.
Сөзімді түйіндей келе, барша көзіқарақты зиялыларға, халқымыздың асыл қазыназасын ардақ тұтар барша замандастарымызға мынандай өзекжарды ұсынысымды білдірсем деймін. Ұлы Абай атамыздың отыз жетінші қара сөзінде: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес», – делінеді. Олай болса, Алаш арысы Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы Ахат атам ұрпақтарына аманаттап кеткен Шыңғыстау құзындағы сырға толы темір қобдишасын арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып табуға күш салсақ, ұрпақ алдындағы бір биік парыз орындалар еді деген ойдамын.
Нұргүл ЫСҚАҚОВА,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік Орталық музейі