Қазақ болсаң, көкпарды айт!
Қазақ болсаң, көкпарды айт!
Қазақ баласы «көкпар», «бәйге» десе, делебесі қозып, атойлап кететіні бесенеден белгілі. Әсіресе, атқұмарлық қанында бар халықтың ұлттық ат спортына деген құрметі ерек. Бұл күн ауылда – мереке, үлкен той.
Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз тілінде «көк бөрү», «улак тартыш», тәжік тілінде «бузкаши» деп аталады. Бұдан бөлек көкпар тарту шығыс елдерінде кең тараған. Сондай-ақ, Ауғанстанда танымал «бузавиш» ойыны қазақтың ұлттық ойынына өте ұқсас.
Көкпар ойынының атауы – «көк бөрте» (лақ) сөзінен шыққан. Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Орташа салмағы 20-30 келідей болады. Ұлттық ойын жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Қысқасы, көкпарды жігіттің жігіті тартады. Себебі ұландарын қаршадайынан төзімділікке, ептілікке, батылдыққа, батырлыққа баулитын өнер түрі тек қазақта ғана бар. Сонымен қатар, көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарға өзі иелік етуге тырысады. Ал дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде марта тарту деп те атайды.
Бүгінде елімізде көкпар ойыны ерекше дамуда. Әр өңірде жастардың ұлттық спорт түріне деген қызығушылығы басым. Бұл сонау 1949 жылы көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілген күннен бастау алған десе де болғандай. Осыған сәйкес, көкпар жарысын арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді. Ал 1958 жылдан бері көкпар бәйге алаңдарда өткізілуде. Міне, сол кезден өрісін кеңейткен спорт түрін «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы әлемдік деңгейге көтермекке күш салды. Елішілік жарыстарды айтпағанда, Астана төсін дүбірлеткен тұңғыш рет көкпардан Азия ашық біріншілігінің өтуі, халықаралық чемпионаттардың ұйымдастырылуы ұлттық ойын түрінің дамуға бағыт алғанын аңғартса керек. Тіпті, былтыр ЭКСПО көрмесі қарсаңында Астанаға көкпар тартуға келген АҚШ-тың Вайоминг штатынан келген команданың өзі қазақ еліне алғыс айтып, бұл ойынды дамытуда қазақтан үйренеріміз көп дегенді жеткізген еді. «Бұл жарыс аттарды жақсы көретін, сыйлайтын жерде өтті. Көкпар біз үшін ортақ тіл – достық және сүйіспеншілік тіліне айналады» деген АҚШ командасының капитаны Крид Гарник қазақ жылқысының өзінде тектілік бар екенін айтқан.
Бір өкініштісі, «Көкпар біздікі! Көкпар қазақтікі!» деп қанша жерден кеуде соққанымызбен, ұлттық ойынның тасқа басылған тарихы жоқ. ҚР Ұлттық спорт түрлері осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қазақ көкпарының тарихын қамтыған, әрі әдістемелік-методикалық құрал ретінде пайдалануға болатын алғашқы еңбекті шығаруды қолға алған-ды. Бұл ұлттық ойынды терең түсініп, зерделегісі келген ұрпаққа қажет екені сөзсіз.