Сансызбай Есілов: Ендігі жастар «біз астаналықпыз» дейді

Сансызбай Есілов: Ендігі жастар «біз астаналықпыз» дейді

Сансызбай Есілов: Ендігі жастар «біз астаналықпыз» дейді
ашық дереккөзі
Сансызбай Есілов есімі астаналықтарға жақсы таныс. Елорда Алатаудың баурайынан Ақмолаға көшкен уақытта Сансызбай Сейітжанұлы қала әкімінің орынбасары болатын. Астанадағы көп құрылыс ол кісінің көз алдында салынды. Кейін Парламент Мәжілісінің депутаты болғанда да елорда өміріне етене араласты. Қазір Астана қаласы Ардагерлер кеңесі мен Қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде бас қаланың өсіп-өркендеуіне үлес қосып отырған Сансызбай Сейітжанұлы Астананың өсіп-өркендеуі туралы айтқанда жүзі нұрланып кетеді. – Сансызбай Сейітжанұлы, сол жа­ға­лаудың құрылысы сіз Астана әкімінің орынбасары болғанда басталыпты. Осы туралы айтып берсеңіз. – Ғасырлар тоғысында, 2000 жылы «Миллениум» өткеннен кейін әкім бәрімізді лездемеге жинайтын. Ол уақытта лездеме кешкі сағат 9-10-да өтетін. Өткен күн жұмыстарын қорытындылап, алдағы күндердегі жоспарлармен бөлісетінбіз, түйткілдерді талқылайтынбыз. Асқар Мамин, Фарид Галимов, Төлеген Мұхамеджанов және мен – төрт орынбасармыз. Бір күні әкім Әділбек Жақсыбеков: «Елбасының қабылдауынан келдім. Президент маған: «Есілдің сол жағалауын игеруді бастайық. Жаңа қала салайық. Қалай қарайсың?» деді», – деп, осы мәселені алдымызға қойды. Ол уақытта жаңа қала түгіл, ескі қаланың түйткілі бастан асатын. Бәріміз әкімнің ұсынысын құптамай, оған кемінде 2-3 жыл керектігін айттық. Мәселен, Республика даңғылының оң мен сол жағында асфальт та жоқ еді. Екінші күні Әділбек Рыскелдіұлы Елбасы сол жағалау құрылысына қатысты нақты шешім қабылдағанын, тиісті жұмысты бастайтынымызды айтты.Сонымен, сол жағалауда алдымен жол инфрақұрылымын, су, жылу құбырларын, электрэнергия жүйесін салуды бастадық. Әкімнің әр орынбасарына бір-бір учаскеден бөлініп берілді. Бастапқыда бұрынғы Көлік және коммуникация министрлігі ғимараты, «Бәйтерек» монументі салынды. Ол үшін сулы-нулы желекжолда инфрақұрылым салынып, құбырлар тартылды. Есіл мен Нұраның екі ортасында тұрған жер ғой, су көтеріледі, маңайды су алып кетпеу үшін құбырларды салдық. Таңертең және кешке әкімдікте жиналамыз. Басқа уақытта резеңке етік киіп, жұмысшылар арасында жүреміз. Қазір бұл тарихқа айналды. Астана көз алдымызда жайнаған қала болып шыға келіп, бізді ғана емес, бүкіл әлемді таңғалдырып отыр. Әкімнің орынбасары болып 10 жыл жұмыс істегенде бастапқыда жылу мен суға, қала тазалығына, кейіннен экономикаға, қаржыға жауап бердім. Бұл қызметті атқару мен үшін үлкен мәртебе, мақтаныш болды.  – Қазіргі таңда Астана аяққа нық тұрды ма, қалай ойлайсыз? – Екі мыңыншы жылдардың басында Елбасы Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуға тапсырма берді. Астанада да бұл жұмыс қолға алынды. Елордада шағын және орта бизнестің үлесін ішкі өңірлік өнімде 30 пайызға дейін жеткізу мақсаты қойылды. Қазір оның дамуы арқасында бюджетіміз асыра орындалып отыр. Кіріс артқаннан кейін әкімдікке жұмыс атқару да оңай. Бүгіндері шағын және орта бизнестің ішкі өңірлік өнімдегі үлесі 60 пайызға жуықтады. 20 жылдың ішінде Астананың осылай өркендейтінін кім ойлады?! №1 өндірістік паркте ірі-ірі кәсіпорындар ашылуда. Теміржол вагондарын, құрылыс материалдарын өзіміз шығарып отырмыз. Алтын өндіріп жатырмыз. Оптикалық құралдар шығып жатыр. 1994 жылы Елбасы Жоғарғы кеңеске астананы көшіру туралы ұсыныс айтқанда, негізінен, оң шешім қабылданғанымен, көпшілігі астананың жуық арада көшетініне сенбеді. «Халықтың жағдайы қиын. Кәсіп­орындар тұралап жатыр. Қаржы жетпейді. Елорданы көшіруге неге қаржы жұмсауымыз керек?» деген қарсы пікірлер де айтылмай қалған жоқ. Соған қарамай, Елбасы астананы көшірді. Бастапқыда, әрине, көп қаржы қажет болды. Енді үш жыл болды, Астана Атырау, Алматы, Маңғыстау облыстарымен бірге республикалық бюджеттің донорына айналды. – Дағдарысты қала салу арқылы жеңуге болатынын, Елбасы осы принципті ұстанғанын оқығаным бар еді. Осы тұрғыдан алғанда, Астана құрылысы өзге қалаларға да үлгі болғанын, яғни өзге өңірлерде де қызу құрылыс жұмыстары басталғаны белгілі. Маман ретінде осыған не айтасыз? – Бұл пікірмен келісемін. Өйткені Астанада басталған құрылыстың арқасында елорданың маңайындағы облыс тұрғындарына, жалпы қазақстандықтарға жұмыс табылды. Қала маңындағы аудандардан, ауылдардан қаншама адам Астанаға ағылғанын көзіміз де көрді. Олардың біразы жұмыс тапқан соң отбасын асырап, бірте-бірте елордаға көшті. Мысалы, 1997 жылы Ақмолада 260-280 мың халық тұрса, қазір Астанада 1 миллионнан астам тұрғын бар. Қалада құрылыс басталғаннан кейін, әрине, құрылыс материалдары қажет. Елде зауыттар салына бастады. Бұл жағдайдың ел аймақтарының экономикасының көтерілуіне көп пайдасы тиді. – Былтыр Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесі дүрілдеп өтті. Сіздің ойыңызша, «ЭКСПО» Қазақстан халқына, Астанаға не берді? – Менің пікірімше, «ЭКСПО», біріншіден, Қазақстанды бүкіл әлемге кеңінен таныстырды. Екіншіден, халықаралық көрме әлемдегі озық технологиялармен танысып, оны елімізге тарту үшін өткізілді. Осыдан бірнеше жыл бұрын күн батареялары, жел электрстансалары туралы ойламаған да едік. Бірте-бірте оны да қолға алдық. Ал жаңа технологияларға бүкіл әлем біраз жыл бұрын бет бұрған. Бізге де сол жолмен жүру керек. Себебі қашанға дейін көмір жағып, мұнайды пайдаланамыз?! «ЭКСПО» біраз мәселеге көзімізді ашты. – Астананы «ақылды» қалаға айналдыру жобасы бірте-бірте жүріп жатыр. Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында оның мән-маңызы туралы тағы да айтты. Бұл жобаға сіздің көзқарасыңыз қандай? – Жаңа айтқанымдай, бүкіл әлем пайдаланып келе жатқан үздік технологиялық бағыттардан қалмауымыз керек. Робототехника, цифрландыру сол үшін де қажет. Осыдан қалар болсақ, болашақта соңдарынан ере алмай қалуымыз мүмкін. Елбасының Жолдауында бұл туралы ашық айтылды. Егер жаңа технологияны игермесек, шығарған өнімдеріміз де сапасыз болып, бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Өзге түгіл, оны өзімізге өткізе алмаймыз. Астанада «Смарт Астана», «Смарт Сити» қанатқақты жобалары жүзеге асып отыр. Бұл жобаларды қолдап, игеріп, пайдалану керек. – Жаңашылдықтан қорықпау керек дейсіз ғой… – Иә, әсіресе, жастар қорықпауы қажет. Өйткені болашақ – солардың қолында. Қарттарға жаңа технологияны меңгеру, әрине, қиындау, бірақ олар да қазір ұялы телефон, смартфон ұстайды, арасында компьютерді меңгергендер де бар. Мәселен, Ардагерлер кеңесі аудандардағы филиалдарға қарттарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету жөнінде тапсырма берді. Қазір тегін үйретіп жатыр. – Қала тұрғындары 1 миллион адамнан асқанын айттыңыз. Қазір енді 2 миллионға арналған қаланың жоспары жасалу үстінде. Бұл санға қашан жетеміз, қаланың әлеуеті оған жете ме? – Осыдан 20 жыл бұрын Астана миллион тұрғыны бар қалаға айналады деген сөзге ешкім сенбейтін. Ондай жоспар да болған жоқ. Қала дамығаннан кейін жұмыс орындары ашылып, тұрғын үйлер салынған соң, елге жағдай жасалынып жатқаннан кейін халық Астанаға ағылды. Қазір елордаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар жиналды. Бүгіндері Астанада туған балалар «Біз астаналықпыз» дейді. Ертең бұл балалар Астананың нағыз патриоттары болады. Өйткені көз алдарында жаңа қала өсіп, гүлденіп келеді. – Қоғамдық кеңеске халық шағымданбай тұрмайтын шығар. Астаналықтарды қазір қандай мәселелер толғандырады? – Халықты толғандыратын әлі біраз мәселе бар. Мәселен, Қараөткел, Ильинка халқы жол мәселесі туралы айтады. Сосын электрэнергиясы, сумен қамтамасыз ету жайын қозғайды. Бірақ әкімдіктің бағдарламалары бар, жылдан-жылға көшелер абаттандырылып, асфальт төселіп жатыр. Тұрғындар жанындағы көше жөнделіп жатқанын көргенде, көшесінің мәселесін көтереді. Алайда бәрі бір күнде жасалмайды ғой. Кезінде «Көктал» тұрғын алабын көктемде су алып кететін. Жол да болмайтын, автобус та жүрмейтін. Қазір «Көкталда» бүкіл жағдай жасалған. Балабақша, мектеп, емхана салынды. Сосын бізге денсаулық сақтау жүйесіне қатысты арыздар көп түседі. Медбикелер, тар бейінді мамандар жетіспейді. Мәселен, Астанада соңғы жылдары үлкен медициналық нысандар бой көтерді. Оларға неше түрлі жаңа заманғы қондырғылар сатып алынды. Бірақ, дәрігерлер бір жағынан аз жалақы алады, екінші жағынан мамандар жетіспеген соң екі ставкамен жұмыс істейді. Содан жұмыс сапасы да төмендейді. Астанада экология проблемасы да бар. Бұрын Целиноград-Ақмолада 1-жылу энергия орталығы әбден құлдырағанда Сарыарқа ауданында, яғни ескі қалада қар қап-қара болатын. Бұл орталықта бір мұржа бар еді, 2-ЖЭО-да да бір ғана мұржа болды. Қазір біріншісінде екі мұржа, екіншісінде алты мұржа бар. Олар тазарту технологиясын да пайдаланып жатыр. Бұрынғыдай түтін болмаса да, қаланы әлі де мұнар басады. Ал қаланың маңайындағы Талапкер, Қараөткел, Қоянды ауылдарында, қаланың Оңтүстік-Шығыс аумағында халық көмір жағады. Жел соқпағанда қаланы көк түтін алып кетіп, жағымсыз иіс шығады. – №1 Индустриалды паркте жылу инфрақұрылымы мәселесі де шешілмеген… – Бұл аумаққа жылу құбырын тарту жоспарланды. Бұл жұмыс бюджетке байланысты. Алдымен қала тұрғындарының мәселесін шешу керек. Басында «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы ашылғанда, осы мәселені көтердік. Бүгіндері №1 Индустриалды парк аумағы кәсіпорындармен толып қалды, №2 Индустриалды парк ашылып жатыр. Оған көп қаржы керек. Қазір бұл аумақта жолдар, электрэнергиясы жүйесі, су құбыры бар. Шешілмеген мәселе – жылу ғана.  – Кәсіпкерліктен бюджетке біраз кіріс кіріп жатқанын айттыңыз. Әкімдікте Меценаттар клубын ашу мәселесі көтерілді. Кәсіпкерлер тек салық төлемей, халыққа игіліктер жасауы керек. Тек сауда үйлерін салмай, әлеуметтік нысандарды да салу қажет. – Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында кәсіпкерлерге өз туған жерлерінде, тұрғылықты мекендерінде балабақша, басқа да халыққа керек нысандарды салуды ұсынды. Біз Астанада меценаттармен жұмыс істеп отырмыз. Мысалы, «BI Group» компаниясының вице-президенті Бауыржан Исабаев бірнеше жыл бұрын маған келіп: «Біз жылда 20 игілікті қоғамдық іс жоспарлаймыз. Соның ішінде мүгедектерге, өзге де адамдарға көмек береміз. Сіз қандай ақыл қосасыз?» – деді. Кезінде Мәжіліс депутаты болғанымда, сыйлы кісілер Астанада Рақымжан Қошқарбаевтың атына көше беру, батырдың ескерткішін тұрғызу туралы хат жіберді. Мен оны сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовке жеткіздім. Қала басшысы мұны қолдады. Соның арқасында Рақымжан Қошқарбаевқа елордада даңғыл берілді. Ал Бауыржанға Қошқарбаевтың ескерткіші туралы айтып едім, ол ұсынысты қабылдады. Компания басшылары кейіннен өз қаржысына ескерткіш орнатты. Туған қаламның қайта түлеп, гүлденгеніне қатты қуанамын. Өткен жылы Астана күні мерекесі қарсаңында қала әкімі Әсет Исекешевтің ұсынысымен, қалалық мәслихат депутаттарының шешімімен Астананың Құрметті азаматы атандым. «Құрмет», «Достық», «Парасат» ордендерінің иегерімін. Қазір зейнеткермін. Сонда да қоғамдық жұмыстан қалмай, Ардагерлер кеңесін басқарып, Қоғамдық кеңеске төрағалық етіп жүрмін. Қалалық әкімдік пен мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыстамыз. Қоғамдық кеңеске 22 адам мүше. Басты мақсатымыз – халықтың мүддесін қорғау. – Әңгімеңізге рахмет! Абыройыңыз артып, туған қалаңыз үшін қуанатын сәттеріңіз көп болсын!  

Сұхбаттасқан

Аманғали ҚАЛЖАНОВ