Бала – бақыт, бала – байлық 

Бала – бақыт, бала – байлық 

Бала – бақыт, бала – байлық 
ашық дереккөзі
«Өмірдің бір қызығы – бала деген». «Балалы үй – базар». «Бала – болашағымыз». Бұл әрбір жанның жүрек түкпірінде, көңіл қалтарысында жүретін өмірлік қағида кілті. Себебі адам өмірінің мәні мен сәні де – бала. Бала – отбасының мызғымас тірегі, ертеңге деген сенімінің кепілі. Барша адамзат үшін ең маңызды мереке – 1 маусым – балаларды қорғаудың халықаралық күні. Бұл – жадыраған жаздың алғашқы күніндегі ең көркем, ең мейірімді мейрам. Өйткені бұл күн сыңғырлаған сәби күлкісі мен балдырғандардың былдыры арқылы ерекшеленеді. Бұл мереке сонау 1949 жылдың қараша айында өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. БҰҰ бұл бастаманы қызу қолдап, балалардың құқықтарын, өмірін және денсаулығын қорғауды өз қызметінің басым бағыты деп жариялады. Бала – басты байлығымыз, ал ең асылы – оның тәрбиесі. Ал отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол. Бала тәрбиесі ұлт таңдамайды, тәрбие барлық ұлтқа қызмет етеді. Алайда әр елдің балаларының бала тәрбиелеу ісі бір-біріне ұқсай бермейді. Әр ұлттың тәрбие беруі әрқилы болса да, бала атаулыға ортақ құндылықтар бар. Олар – туған отбасы, ұядай жылы үй, ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігі. Жас ұрпақ тәрбиесінде еңбекке баулудың маңызы жоғары. Қазақ ерте кезден-ақ жас баланы еңбексүйгіштікке, жалқаулықтан ада болуға үйреткен. Ұлы ойшыл әл-Фарабидің өзі «Тәрбиенің негізі – еңбекте» дейді. Тіпті, білім алудың өзі еңбек арқылы келеді. «Тайдың – мінілгені, баланың – жұмсалғаны білінбейді» десек те, егемен елдің ертеңі болар бүгінгі өрендерге жан-жақты тәрбие беріп, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз етіп, толыққанды білім алуына жағдай жасау Қазақ елінің басты міндеті. Бұл ретте ашық қоғам, әділетті мемлекеттің атқарар рөлі зор. Сондықтан мемлекет балалардың мұқтаждығын өтеу үшін бюджеттен арнайы қаржы бөліп, олардың тиісті білім алуына, денсаулықтарын қадағалауға, жаман әдеттерге ұрынбауына, осы секілді тағы да басқа көптеген мәселелерді қамтуды мойнына алып отыр. Қазақта «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» деген сөз бар. Жас ұрпақ елдің ертеңгі алтын діңгегі болуы тиіс деген Қазақстан мемлекеті  тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ұл мен қызды білімді де білікті, озық ойлы етіп тәрбиелеу мақсатында қолдан келген бар мүмкіндікті жасап келеді. Болашақты бекемдеп, келешекті кемел ету ісіндегі мақсат-міндеттер жыл санап өз шешімін табуда. Ел дамуының басым бағыттарын айқындап берген «Қазақстан-2050» Стратегиясында Нұрсұлтан Назарбаев: «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек», – деген болатын. Шынында да, өркениет жолына әлемдік дамудың биік белесіне көтерілу үшін білім мен біліктің қашанда орны ерекше екені анық. Осындай игілікті істі жүйелі жүзеге асыру үшін Арқа төсіндегі Астанада Назарбаев университеті ашылды, еліміздің түкпір-түкпірінде Назарбаев зияткерлік мектептері бой көтерді. Қазақ еліндегі білім мен ғылыми-зерттеу қызметінің дамуына мол мүмкіндік беруді, сонымен қатар, Еуразия кеңістігінде зерттеу және оқу ісінің мықты орталығын қалыптастыруды мақсат еткен бастама бүгінде өз жемісін бере бастады. Ұрпақты ұлттың жалғасы деп қараған бабаларымыз өзге жұрттан ұрпақ тәрбиесіне деген ынта-ықыласы мен ниеті арқылы озық тұр. Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, солай өседі» дейді. Иә, атам қазақ сәбиін бесік жырымен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен елітіп, жыр-дастанмен құлақ құрышын қандырған. Ел қорғаған батырды, сал-сері мен ақынды өнеге еткен. Міне, осындай мейірім мен даналықты бойына сіңірген қазақтың қай ұрпағы болмасын ұлттық намысты жоғары қоятын, көргенді, көпшіл болып өскен. Бұл мәселе, яғни ұрпақ тәрбиесі қай кезде де күн тәртібінен түспеуі тиіс. Себебі ұлт келешегі сапалы, саналы тәрбиеде жатыр. Қазақ жетімін жылатпаған халық. Тіпті, сонау алмағайып заманда балалар үйі болмаған дейміз. Бір қуантарлығы, соңғы кезде елімізде жәутеңдеген қаракөздер саны кеміген. Мұны ҚР Білім және ғылым министрлігі де растайды. Министрлік мәліметіне сенсек, жыл сайын Қазақстанда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар саны азаюда. Бұл – өз отбасында бала тәрбиелеуге ықылас білдірген ата-аналар санының өсуінен туындап отырған нәтиже. Елімізде көп жылдан бері алғаш рет жетім балалар санының төмендеуіне байланысты балалар үйі жабыла бастады. 2015 жылдан бастап 48 жетімдер үйі жабылды (жалпы саны 188-ден 140-қа дейін азайды). Отбасылық форма тәжірибесін кеңейту мақсатында 2016 жылдың 9 сәуірінде еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі нәтижесінде жетім және қамқоршысыз қалған балалармен қарым-қатынас жасаудың жаңа мүмкіншіліктері – асырап алушы отбасы, сондай-ақ, балаларды демалыс және мереке қүндері жанұяға тартатын – қонақтық отбасы сияқты жаңа формалар енгізілді. Бұл қазақстандық отбасылардың қамқоршылық белсенділігін арттыруға басты себеп болды. Сонымен қатар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар туралы, балаларды асырап алғысы келетін жанұялардың республикалық мәліметтер базалары құрылып, өз жұмысын белсенді атқаруда. Нәтижесінде биылдан бастап Қазақстандағы барлық жетімдер үйі қиын жағдайда қалған отбасылар мен балаларды қолдау орталықтарына айналады. «Отбасыларды қолдау орталықтарында балалар жанұяға қайта оралғанға дейін болады. Онда балалар үйінің тәрбиеленушілері болмайды. Балалар тек белгілі бір уақытқа, олардың құжаттары рәсімделіп біткенше, асырап алушылар құжаттарын реттеп жатқанға дейін қалады», –  деген-ді ҚР Білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Ержан Ерсайынов.  Комитет мәліметтері бойынша, баланы қайта тапсыру оқиғаларының үлесі 16 пайызды құрайды. Жалпы балалар үйлеріндегі жеткіншектер саны жыл сайын 1 мыңға азайып келеді. Жаңа отбасын тауып жатқан балалардың саны артуда. Былтыр Астана мен Алматы қалаларында сынақ ретінде ашылған Отбасын қолдау орталықтары өз нәтижесін бере бастаған. «Қазір енді осы орталықтарды өзге де балалар үйлерінде ашуды көздеп отырмыз. Біз оның заңнамалық жағын реттеу бойынша жұмысты бастадық. 2018 жылдан бастап бұл тәжірибені республика бойынша енгіземіз. Осындай орталықтар ашылса, Қазақстанда жетімдер үйі болмайды», – министрлік өкіл. Жақында Қызылорда облысына жол түскен. Сонда әкімдіктегілер облыс көлемінде балалар үйінің азайып жатқанын айтты. Жалпы, облыс бойынша, 917 жетім бала бар.  Оның 45-і 2015 жылы ашылған отбасылық үлгідегі «Атамекен» балалар ауылында тәрбиеленіп жатыр. «Жетімдер үйі» деген сөздің өзі баланың психологиясына жақсы әсер ете қоймаса керек. Жаңадан ашылған балалар үйін қызылордалық мамандардың балалар ауылы деуінің сыры осы арада жатса керек. Балалар ауылында әкімшілік ғимарат, спорттық алаң, 8 екі қабатты үй салынған. Онда бір немесе екі отбасының балалары 7-ден 10 балаға дейін тәрбиеші-анасымен орналасқан. Балалар ауылының отбасында балаларды күтіп-бағуды және тәрбиелеуді жүзеге асыратын тәрбиеші аналар да үлкен сұрыптаудан өтіп барып қана қызметке қабылданды. Қысқасы, мұнда балалар отбасының тәрбиесін алып, жылуын сезініп өседі. Балаларға ең керегі – көңіл екен. Тәрбиеші-анасымен бір шаңырақтың астында тұрып, кәдімгідей бауыр басады. Әдеттегідей ерекше көңіл-күймен өтетін мереке күні балалар үшін бәрі тегін болады. Балалар арасында түрлі байқаулар ұйымдастырылып, бүлдіршіндеріміз көптеген аттракциондар мен кинотеатрларға тегін кіргізіледі. Алайда балаға бір күн ғана назар аударған жеткіліксіз. Оның болашағының жарқын болуы үшін өмір бойы жұмыс істеген абзал. Дүрбелеңге толы дүниеде болып жатқан көптеген келеңсіз оқиғалардың бел ортасында жазықсыз, бейкүнә сәбилер жапа шегуде. Қаншама бала босқын санын көбейтіп, бөгде елдің босағасын сығалап жүр. Бала – бақытты болуы үшін жаралған. Сондықтан да балаларды саясатқа араластырмаған жөн. Бала – бақытты балалық шақты сезініп өссе екен...