«Әкең келе жатыр...»

«Әкең келе жатыр...»

«Әкең келе жатыр...»
ашық дереккөзі
Отбасылық өмір салтының құлдырауы жаһандық құбылыс десек, оның көшінде өзгемен бірге өзіміз де сүйретіліп барамыз. Британдық «Economist» басылымының дерегіне сүйенсек, ажырасу саны жағынан 1 миллиардтан астам халқы бар Қытайда мың адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші 1,8 болса, 18 миллион ғана халқы бар Қазақстан алғашқы ондыққа кірген (мың адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші – 2,8). Ең сорақысы, ажырасулардың салдарынан әкесіз тәрбиеленіп жатқандар көбейді. Қит етсе, баласын жетектеп, саяқ кетуге дайын тұратын келіншектер отағасыз отбасының шаруасы шатқаяқ, мерекесі мен берекесі орта болатынын қаперге алмайтыны өкінішті... Отбасындағы әкенің орны туралы сөз болса, исі қазақ жата-жастана оқыған «Абай жолы» ойға оралады. «Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, он үш жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып: «Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр... Сәлем бер», – деді. Абай жалт қарап барып, жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар – Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды». Ұлжандай ақылы мен пайымы терең аналардың отағасына деген құрметін, балаларын үнемі әкесін ұлықтауға үндеуін қазақтың қыз-келіншектеріне үлгі еткен Мұхтар Әуезов бүгінгі аналардың аузындағы «ештеңе етпес, әкесіз де қатарынан кем болмайды», «өзім-ақ өсіремін», «өзім үшін тудым» деген сөздерді естісе, қазақтықтан жеріп кетер ме еді, кім білсін? Өкінішке қарай, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы өтпелі кезең қазақ отбасына шеттен енген текті-тексіз мәдениетті қоса әкеліп, ұлттық құндылықтардың қаймағын бұзды. Бүгінгі таңда ер азаматтардың арасында отбасының иесі, асыраушысы бола алмай жүрген әкелер көбейді. Әке баладан жырақтап, бала мейірден ажырап, өз тамырынан үзілген гүлге ұқсас ұрпақ тәрбиелей бастадық. Қазір «толық емес отбасы» деген тіркеске көпшілік елең етуден қалған. Өйткені отау құра салып ажырасатын ерлі-зайыптылар, оң жақта отырып бала табатын арулар көбейді. Әлеуметтанушылардың дерегінше, еліміздегі мектеп оқушыларының арасында 70 пайызға жуық бала әкесіз, яғни толық емес отбасыларының ұл-қыздары. Әкесінің аты-жөні тіркелмеген төлқұжатқа жұрт бір кездері тосырқай үңілсе, қазір көрер көзге ерсі емес. Әке-шешесі екі бөлек кеткен және некесіз туған балалардың жағдайы әртүрлі оқиғалармен байланысты болғанымен, олардың тағдырлары ұқсас: бәрі де әке мейірімі, әке қамқорлығынан қағылған, әке тәрбиесіне мұқтаж. Психологтар әкесіз өскен ұрпақ жасық, жасқаншақ, өсекке жақын болып өсуге бейімділігін айтады. Ең өкініштісі, әр үшінші отбасының біреуінің шаңырағы шайқалған дәл қазіргі біздің қоғамда бала тәрбиесі аналардың мойнына жүктелуде. Уақтылы төленетін алимент баланың қам-қарекетсіз өсуіне жеткілікті болғанымен, жүз мектеп жабылып бере алмайтын әке тәрбиесіне өтем бола ала ма?

Отағасыз отбасындағы олқылық

Отбасы – шағын мемлекет деп жатамыз. «Шағын мемлекеттердің» уығы берік, керегесі мықты болса ғана елдің іргесі мығым болмақ. Алайда өмірдің түрлі дауыл-нөсеріне төтеп бере алмай, шаңырағы шайқалуға, керегесі сөгілуге бейім тұратын бүгінгі жас отаулардың жайын көргенде, мемлекеттің ертеңіне бейғам қарау қиын. Некенің бұзылуы, кеше ғана мәңгі бірге болуға серттескен ерлі-зайыптылардың ертең екіге айрылуы дөңгеленген дүниенің барлық бұрышына тән құбылыс болса да, отбасы берекесі мен ынтымағын, баланың бақытын тіршіліктің мәні деп білетін қазақы түсінік ата-баба дәстүрін, яғни ұлттық және мұсылмандық құндылықтарды кейінге ысырып, менменшіл қасиетке негізделген бас бостандығын жоғары қоятын жастарға есік ашты. Бірақ ақпарат құралдарынан жиі көріп, көрші-қолаңнан күнде ести берген соң, құлақ үйреніп, етіміз үйрене бастағандай. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда тіркелген әрбір 100 некенің 34-і отбасы болып қалыптасып кете алмайды екен. Яғни, әрбір үшінші шаңырақ көп ұзамай шайқалады деген сөз. Елімізде ажырасу жөнінен көш бастап тұрған өңірлердің бірі – Ақтөбе облысы. Мемлекеттік мекемелерден алынған кейбір деректер бойынша, 2016 жылы өңірде 6761 жұп заңды некеге тіркелсе, 2017 жылы 6693 жұп отбасын құрып, ерлі-зайыпты болуға ықылас танытқан. Өкініштісі, өңірде отау құрғандармен қатар ажырасқандардың саны да жылдан-жылға артып келеді. 2016 жылы 2455 неке бұзылса, 2017 жылы 2603 жұп екіге айрылған. Олардың ажырасуына не себеп деген сауалдың жауабын іздесең, материалдық жағдай, баспана, жұмыстың жоқтығы, мінез-құлықтың үйлеспеуі, туыстардың араласуы, сенімсіздік – тізе берсек, сылтау көп. Сылтау дейтініміз, жеке бастың мүддесін, жан тыныштығын биік қоятын жастар арада бала бола тұра, ажырасуға итермелеген болмашы кедергілермен күресуге, бойдағы тәкаппарлықты жеңіп, мәміле іздеуге тырыспайды. Психолог Ирина Украинцеваның айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасуынан ең алдымен бала зардап шегеді. «Әке-шешесі екіге кеткен баланың жанына өмір бойы жазылмас жара түседі. Толық емес отбасында өскен балалар қоғамға өкпешіл келеді. Олардың бойында өзін өзгелерден кем санау, өз мүмкіндіктеріне сенімсіздік таныту секілді комплекстер пайда болады. Ерлі-зайыптылар ажырасқанда кәмелетке толмаған бала көбіне анасының қасында қалатыны белгілі. Тек ананың тәрбиесін көріп өскен бүлдіршінде әкеге деген реніш, «мені тастап кетті», «өз баласын керек қылмады» деген өкпе болады, ер жете келе ол кекке ұласуы да ғажап емес. Өйткені әйелдердің дені ажырасып кеткен күйеуі жайлы жақсы сөз айта бермейді. Перзентіне әкесін әзірейіл етіп көрсететіндер көп. Алайда бөлек тұратын әке балаларына үнемі қамқорлық көрсетіп, олардың жанын жараламау үшін аналарымен жақсы қарым-қатынаста болған күннің өзінде, отағасыз отбасының балалары толыққанды отбасының перзенттерінен бөлектеу. Әйел қанша жерден ер азаматтың орнын жоқтатпауға тырысқанымен, әкенің аты – әке. Әсіресе, ұл баланың тәрбиесінде ер адамның орны ерек. Әкенің мейірімі, қаталдығы мен талапшылдығы, сүйеу, тіреу болуы балаға кішкентай кезінде ғана емес, оң-солын танып, азамат болған шағында да ауадай қажет», – дейді маман.

Оқушы аналар неге көбейді?

Әкесіз өсіп жатқан қаракөздердің саны көбеюіне әсер еткен тағы бір фактор – некесіз жүктілік. Бұрын қыз бала оң босағада балалы болып жатса, ата-ана үшін, тұтас әулет үшін одан өткен масқара болмайтын. Әке-шеше елдің бетіне қарай алмай, қарабет болдық деп жұрттан ығысып, келеңсіз оқиға әбден ұмыт болғанша ел-жұртпен араласуға ұялатын. Ал қазір отау құрмай балалы болу ешкімге таңсық емес.

Араб елдерінде өздеріне тән бір салт бар екенін естіген едік. Қай елден келгеніңізге, діни сеніміңізге қарамастан, бірге барған адамыңыз туысыңыз немесе некелі жарыңыз болмаса, қонақүйдің бір бөлмесінде тұруға рұқсат жоқ. Мұның астарында үлкен тәрбиелік мән бар. Кеше қызына қырық үйден, қала берсе қара күңнен тыйым салатын қазақы заңды бүгінде пысықайлар жабайылық көреді, адам құқығын шектеу деп халықаралық заңдарды алға тартады. Некесіз туған баланың да, баланы дүниеге әкелген шешені де қара есекке теріс отырғызып, бетіне түкіретін заман өтті. Егер 2000 жылдары некесіз туған балалар саны жалпы туу көлемінің 60 пайызын құрап, оның көп бөлігі қала тұрғындарына тән болса, қазір ауылда да некесіз жиен көбейіп барады. Ең сорақысы, мектеп оқушыларының арасында оң жақта отырып жүкті болғандардың саны артқаны. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасында 33 мыңнан астам жүктілік фактісі тіркелген. Оған қоса, 15 пен 18 жас аралығындағы қыздардың арасында 10 мыңға жуық түсік жасалған. Пайыздық көрсеткіш бойынша бұл деректер Батыс Еуропа елдерінің көрсеткіштерінен екі-үш есе артық екен. Ел жастарының 10 пайызға жуығы 15 жасқа дейiн, ал 50 пайызға жуығы 19 жасқа дейiн жыныстық қатынасқа түсiп үлгеріпті. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы ерте жүктілік бойынша есепке алынған 286 бойжеткеннің 280-i босанған. Алтауы жасанды түсік жасатыпты. Ерте жүкті болғандардың жетеуінің жасы 15-те болса, 59-ы 16 жастағылар. Мұның бәрі тек ресми деректер, ал ел сөзіне қалудан қорқып, басына түскен жағдайды жасырып жүргендер қаншама. Қыздардың балиғатқа жетпей жүктілікке бой алдыруын әлем гинекологтары олардың ер балаларға қарағанда физиологиялық тұрғыдан ертерек жетілуімен байланыстырады. «Жыныстық жетілу кезінде оң-солын танымаған қыздар өрескел қателікке бой алдырады. Себебі сол уақытта психологиялық, әлеуметтік өзгерістерге ұшырайды. Қыз баланың жыныстық жетілуі 18 жасқа дейін толық қалыптасады. Сондықтан көбіне сезімге ерік беріп, өмірін өксітіп жатады», – дейді мамандар. Сезімнің жетегінде кетіп, бар қадір-қасиетінен айырылған қыз аяғының ауырлағанын білген соң, психологиялық зардап шегетіні тағы бар. Айтайын десе, анасынан артық ауыз сөз естігісі келмейді, әкенің қаһарынан қорқады. Ал абыройсыз қып кеткен «жігіті» ізін суытқан. Бар қиындықпен жалғыз бетпе-бет қалған бойжеткен өз бетінше шешім қабылдайды. Тағдырына налып, әртүрлі қатыгездікке баруы да әбден мүмкін. Баласын жетімдер үйіне өткізуі немесе қоқысқа қалдыруы да ғажап емес. Алдын-ала келісіп, сәбиін перзент сүюді аңсап жүрген отбасыға сатудан тайынбайтындар да бар. Ал шаранасынан жедел құтылуды көздегендердің жүгінері – жасанды түсік. Одан кейін бала сүйе алмай қалуы қаупі барын біле тұра, шарасыз бойжеткендер осындай қадамға барып жатады. Ақ халаттылардың дерегінше, қазақы қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрге берік, ұлттық тәрбиені ерек ұлықтайтын Шымкент қаласының өзінде жылына 14-16 жас аралығындағы 500-дей бойжеткен түсiк жасататын көрінеді. Бұл дерек ұрпақ тәрбиесінің тізгінін бос қоя бергенімізді қатаң ескертетіндей. Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Сапарғалиеваның айтуынша, өңірде балалардың жыныстық тәрбие туралы білім деңгейін көтеру, жастардың ерте жыныстық қатынасқа түсуінің алдын алу, кездейсоқ жүктіліктен сақтану шараларын үйрету жағы кемшін. Бүгінде Шымкент қаласындағы Аналар үйiнде тәрбиеленiп жатқан «көкек қыздардың» көпшiлiгi сәтсiз отбасылардан шыққаны, ата-аналары күнкөрiс қамымен қыздарының тәрбиесiмен айналысуға мұршалары болмағаны анықталған. Яғни, түптеп келгенде, жастардың шалыс басуына ата-ана мен бала арасында бұл тақырыпта әңгіме айтылмауы себеп болғанын аңғаруға болатындай. Алайда көп түйткілдің түйіні баланың санасына, түйсігіне келіп тірелетіні белгілі. «Бала берсең, сана бер. Сана бермесең, ала бер» дегенді қазақ тегін айтпаса керек-ті. Осы орайда, қазақтың әйгілі жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың қазақ қыздарына қалдырған өсиеті ойға оралады. «Қазір сендердің жігіттерден көз алмайтын, жігіт жаққа көп қарайтын шақтарың ғой бұл кез. Қарағанда олардың сыр сиқына, киген киіміне, ресторанда қалталарынан шытырлатып шығарған ақшаларына қарамаңдар, қарақтарым. Өңді қыздың бәрі жөнді қыз бола бермейтіні сияқты, жылтырағанның, жымыңдағанның, жылпылдағанның бәрі бірдей жақсы жігіт бола бермейді. Жаман жігіт болмағанымен, жақсы жар бола бермейді. Сондықтан жігіттерге қарағанда олардың ішкі дүниесіне үңіліңдер, адамгершілік, азаматтық сапасына көз жүгіртіңдер… Жігіт таңдағанда көңіліңнің қос қанаты – ақыл мен сезімді тең ұста. Тек сүйген жанға ғана қосылу қажет, қосылған жігітіңді өмір бойы сүйіп өтетініңе кәміл сенімің болсын. Өзімшіл, өркөкірек жігіттердің өкінішке ұрындыратынын ұмытпаңдар», – деп өсиеттепті қаламгер. Расында да, жастықпен шалыс басудың, жар таңдауда қателесудің соңы талай түйткілге апарып тірейді. Тағдыры ойрандалған қыз, жұртқа қарабет болған ата-ана, жетімдер үйін немесе жаттың бауырын паналаған бала. Бейкүнә сәби анасының құшағынан жырақтамаған күннің өзінде төрт құбыласы тең болады деу қиын. Өйткені анасының тағдырын ойрандап, өзін толыққанды отбасында өмір сүру бақытынан айырған әкеге деген реніш бала жүрегінде жазылмас жара болып қатталмақ.