Жаңалықтар

Жылқылар жылаған жыл

ашық дереккөзі

Жылқылар жылаған жыл

Бір ғажабы, адам жады өте қысқа, шірік жіптің үзігіндей тым шолақ. Жеке тұлға былай тұрсын, тұтас халықтың да жады қысқа болса қайтерсіз?! «Өткенге – салауат» деген қисынсыз қағиданы қанағат етіп үйренген қауым, қоғамдастық атаулы өткеннен сабақ алуға қауқарсыз, бүгінін бағалауға тартыншақ, келешегіне ұстын етуге ұмтылмайды. Сондықтан да жекелеген тұлғалар өткен­нің нақты оқиғалары мен құбылыстары орын алған кеңістік пен кезеңді, мекен мен мез­гілді ғана тереңнен толғауға бейім. Ал бұл ұстаным құбылыстың негізгі түбірін, қайдан, қалай бастау алды деген негізгі жайттың түп-төркінін тарқату үшін жеткіліксіз. Ғасырлар бойы салт атқа мінген қаһар­мандары мен батыр-бағландарын жыр-аңызға қосып, асқақтатқан асау ел – қазақтар ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында да етек-жеңін жиып, белін бекем буа қоймаған еді. Ол ол ма, жаңа заманның адуын желін бағып, аңысын аңдауға да жалқау-тұғын. Сол баяғы еркін, еркебұлан кезіндегідей жылқыны – зор, жүйрікті – пір тұтатын. Ер Төстікті Шалқұйрықпен, Алпамысты Байшұбармен, Қобыландыны Тайбурылмен, Қамбар батырды қара қасқа атпен тең санайтын, Кендебайының өзін Керқұла атсыз көзге елестете алмаушы еді. Ат жалын алғаш тартып мінген алаңғасар бозбалалар мыңғырған қой-ешкілі байды, қанша малы болса да, өзінен бір елі төмен санап, жылқылы байды жоғары деп бағалайтын. Қазақ даласы Ресейдің қоластына өтер кезде дала жұртын біржола бағындыру, отырықшы ету үшін аттан түсіру, жылқыдан айыру керек екенін талай генерал, талай генерал-губернатор патшаға арнайы хат жазғаны тарихтан белгілі. Дәл осындай мүмкіндік большевиктер билікке келген тұста туды. 1928 жыл. Қазақстанда Голощекиннің жеке билігі жалын күдірейтіп, жан-жағын жалмап тұрған уақыт. Осыдан он шақты жыл бұрын ғана бәлшебіктердің атын еміс-еміс естіген Алаш жұрты енді қызыл коммунистердің қайқы қылыш, бұзаутіс қамшыларының астында арық інгендей қайқаңдап қалған кез. Басқа басқа, билікке келгеніне 11 жыл болған коммунистердің Ұлы Дала төсінде тағы бір төңкеріс – «Кіші Октябрь» төңкерісін не үшін ұйымдастырғанын ешбір тарихшы, зерттеуші нақты түсіндіріп бере алмасы анық. Мұндай оқиға әлем тарихында ешқашан болып көрмеген. Өйткені төңкеріске қарсы төңкеріс ұйымдастырылуы мүмкін, ал революция тағы бір мәндес революцияға ұластырылуы мәңгүрттердің ісі. Биыл Қазақстанда қатыгез конфискацияның жүргізілгеніне 90 жыл. Ұлы Далада конфискация аяусыз жүргізілді, қазақша айтқанда, «кәмпескеге қарсылық – қаңғып кетудің алғышарты» еді. Сайын даланың еркебұлан жұртының еңсесін езген ауыртпалық ең әуелі төрт түліктің төресі – тұлпарларға түсті. Қазақ даласының бар түкпірінен тәркіленген, кәмпескеленген жылқылар қайда кеткені әлі күнге белгісіз. Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында бүкіл Ресей империясының атты әскерлерін, ауыл шаруашылығын жылқымен қамтамасыз етіп келген далалық өлкеде жылқы саны күрт азайды. Егіншілік көлемі күрт кеміді. Мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырады. 1928 жылы қазақстанда 40,5 млн бас мал болғаны айқын, оның көбісі Алаштың мақтанышы болып табылатын алалы жылқы еді. Ал арада бес жыл өткенде, яғни 1933 жылдың 1 қаңтарында бар болғаны 4,5 млн бас мал қалды. Мақұл, 1932-33 жылдары жұрт аштықтан қырылды дейік. Мал да аштықтан қырылды ма? Қазір қазақ даласының көптеген өңірлерінде «жылқы қырылған сай» деген терең орлар бар. Сондай сайдың бірі – Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында. Көнекөз қариялардың айтуынша, кәмпеске болған жылы осы сайдың бойына аймақтан жиналған жылқыларды қамап, жарқабағына пулеметтерді тізіп, тоқтаусыз атқылап, қазақтың үстінен шыбын ұшырмайтын тұлпарларын жаусатып салған деседі. Тұлпарлардың құлындап шыңғырған дауысы Тарбағатайдың шыңдарына жеткен,  мұны көрген талайлар жынданып, дөйдалаға қаңғып кеткен-мыс. Ең бастысы, кей-кейде, тас қараңғы түндерде сондай сайлардың бойын­да жылқылардың шыңғырған дауысы әлі күнге естілетін көрінеді. Жылқылар жылаған жылдар да болған біздің тарихта.

Жаңабек ШАҒАТАЙ