ЕҚЫҰ Ratel.kz сайтының жабылуын айыптады
ЕҚЫҰ Ratel.kz сайтының жабылуын айыптады
ЕҚЫҰ-ның БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Арлем Дезир Қазақстан сотының Ratel.kz интернет-порталының қызметін тоқтату туралы шешімін баспасөз еркіндігін жөнсіз шектеу деп атады. Оның пікірінше, Ratel.kz порталы мен оның журналистерінің кәсіби қызметіне шектеу қойылмауы тиіс.
Арлем Дезир сот шешіміне қатысты пікірін Twitter-дегі парақшасында жариялады.
Алматының Медеу аудандық соты 28 мамыр күні қалалық прокуратураның Ratel.kz интернет-порталының бас редакторы Марат Әсіповке қарсы шағымын қанағаттандырған. Прокуратура шағымында "Ratel.kz сараптамалық интернет-порталының" қызметін тоқтатуды, оны тіркеуді жоюды және Ratel.kz пен Balborsyk.kz домендерін пайдалануына бір жыл тыйым салуды сұраған.
Сот шешімімен Марат Әсіповтің БАҚ-та және Ratel.kz, Balborsyk.kz, wildratel.com, itau.kz және басқа да домендік атауларда "Ratel.kz" интернет-порталы атынан ақпараттық материалдар жариялап, таратуына да тыйым салынды.
Марат Әсіпов бұл сот шешіміне байланысты кейбір мемлекеттік шенеуніктер интернет-портал мен өзін әлдебір адамдардың мүддесі үшін жүйелі түрде қуғынға ұшыратып отыр деп пайымдайды. Ол сот шешіміне апелляциялық шағым түсіретінін айтады.
Өткен аптада Алматыда өткен Еуразия медиа форумында Арлем Дезир Қазақстанда "кейбір БАҚ-ты қудалауда Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы қолданылып отырғанын айтып" бұған Ratel.kz пен Forbes Kazakhstan журналын мысалға келтірген.
Ratel.kz сайтвна қарсы іс бұрынғы қаржы және мемлекеттік кіріс министрі, қазір бизнеспен айналысып жүрген Зейнолла Кәкімжанов полицияға арыз жазғаннан кейін қозғалған. Ratel.kz сайтында Кәкімжановтың компаниялары туралы материалдарды Геннадий Бендицикий жариялаған. Мақалаларда болжамды коррупциялық әрекеттер туралы ақпарат келтірілген.