Жаңалықтар

Сот жүйесін қалай жақсартамыз?

ашық дереккөзі

Сот жүйесін қалай жақсартамыз?

«Нұр Отан» партиясының XVI съезінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сот органдарына берген тапсырмаларының бірі судьяларға қойылатын біліктілік талаптарын қатайту мәселесі болды.

Съезде Елбасы: «Судьялар корпусындағы орыннан үміткер кандидаттың нотариуста, полицияда немесе заңгерлік ЖОО-да емес, сот жүйесінде бес жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы. Кез келген жоғары тұрған судья төменгі соттарда жұмыс істеп көруі керек. Сол сияқты қызметін жаңа бастаған судьялар үшін ұзақтығы бір жылдан кем емес сынақ мерзімін енгізу де маңызды, оны табысты өткеннен кейін олардың үздіктері судьялыққа сайланады» деген тапсырмасы қуантады.

 «Жоғары Сот Кеңесі туралы» қайта жаңғыртылған заң судья лауа­зымына арналған кан­дидат­тарға жоғары критерий­лер мен стандарттарды енгізуді көздейді, бұл сапалы судьялық корпус қалыптастыруға мүмкіндік ту­ғызады. «Судьялыққа кандидаттың тағы­лымдамадан өтуі туралы» ережесіне өзгерістер мен толық­тырулар енгізілген. Мұнда тағылымдаманың жетекшісі етіп аудандық соттың судьясымен қатар облыстық соттың да судьясын тағайындау көзделген. Мәселен, судьялық лауазымнан үміткер міндетті түрде сот магис­тратурасын тәмамдағаннан кейін, аудандық, облыстық деңгейдегі соттардан тағылымдамадан өтеді. Тәлімгердің кандидатқа пікір беруі белгіленген. Үміткердің тәлімгермен жұмыс істеу барысында оның моральдық-адамгершілік бейнесін танып-білуге мүмкіндік туады. Судьялыққа кандидаттардың кәсіптік және моральдық қасиеттерін зерделеу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында олар туралы мәлімет жарияланады. Бұл еліне қызмет ететін, Елбасы сеніп үміт артқан билердің әділдік жолындағы болмысын өз халқының білуі міндет деген қағидадан туындайды. Ең бастысы, судьяның бос орнына жарияланған конкурсқа барынша лайықты үміткерлердің қатысуына мүмкіндік туғызады.

Біздің Астана қалалық сотының аудандық соттарына тағайындалған судьялардың орташа жасы 30-35 жасты құрайды. Сосын жаңадан тағайындалған судьялардың барлығы дерлік аудандық және оған теңестірілген соттарға бөлінді. Бұл жас маманның теориямен прак­тиканы қатар ұштастырып, білік­тілік даярлығын көтеруге, білімін тәжірибеде еркін қолданып шыңдалуына жағдай жасайды.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» заңның редакциясында: «Аудандық соттың судьясы болып жиырма бес жасқа толған, жоғары заң білімі бар, еңбек жолы мінсіз және заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс стажы бар, біліктілік емтиханын тапсырған (мамандандырылған магистратурадағы оқуды бітірген және онда біліктілік емтиханын тапсырған адамдар оқуы аяқталған күннен бас­тап бес жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады), медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсіби міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін ауруларының жоқтығын растаған, сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен, Қоғамдық кеңестің қорытындысын және соттың жалпы отырысының оң пікірін алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкін. Мамандандырылған магистратурадағы оқуды бітірген және бұл ретте біліктілік емтиханын тапсырған адамдардың оқуы аяқталған күннен бастап бес жыл бойы тағылымдамадан өтуі талап етілмейді» деп толықтыру көзделген.

Заң мамандығы бойынша еңбек өтілі 2 жыл деген норма сот саласындағы еңбек өтілі 2 жыл деп түсіндірілуі тиіс. Әсіресе, Елбасының съезде атап өткен сот саласында бес жыл қызмет істеу талабын түсіндіріп өту маңызды. Заңгер мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнын бітірген тұлға сотта істеп жүріп, сот магистратурасына оқуға түсетін болса, екі жылғы оқуы стаж болып есептеледі. Еңбек өтілімен бірге, жұмыс орыны сақталады, жалақысы жүріп отырады. Ол екі-үш жыл сотта істеп, магистратураға түсуі немесе магистратураны бітіргеннен кейін екі-үш жыл сотта істеуі мүмкін. Магистратурадағы екі жылын қоса алғанда сот саласындағы стажы бес жылды құрайтын болады. Бұндай маманның судьялық лауазымға арналған кадр резервіне емтихансыз алынуы құптарлық жәйт. Заңда: «Мамандандырылған магистратурадағы оқуды бітірген және онда біліктілік емтиханын тапсырған тұлғалар оқуы аяқталған күннен бастап бес жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады» деп көзделген. Мамандандырылған магистратурадағы оқуды бітірген, біліктілік емтиханын тапсырған және оқуы аяқталған күннен бастап бес жыл бойы сот органдарында қызмет еткен маманның судьялық қызметі сапалы болып, әділ сот төрелігінің атқарылуына зор септігін тигізеді деген сенімдеміз. Бұл сот саласында істеген маманның сот жүйесін тереңірек игеріп, сот актілерін жазу, сот процесін өткізуді ұйымдастыру жұмыстарының анық-қанығын біледі деген түсінік. Сондай-ақ, судьялық бос орынға біліктілік емтиханын тапсырып, кадр резервіне тұруға соттарға мемлекеттік айыпкер ретінде қатысатын прокурорларды да қосуға болады. Олардың прокуратурада істеген еңбек стажындағы бес жылын, сот саласындағы маманның еңбек стажымен теңестіруге болады.

Ал, заңгерлік еңбек өтілі бар нотариус, ішкі істер органдары, жоғарғы оқу орындары немесе ұлттық компаниялар мен жеке меншік ұйымдарда заңгер болып істеген мамандардың сот саласында істемей судьялық бос лауазымға арналған біліктілік емтиханын тапсыруына, сөйтіп кадрлық резервке алынуы ертерек болады. Ондай тұлғалардың заңгерлік еңбек өтілі 10 жылдан кем болмауы тиіс. Он жылға тақау еңбек өтілі бар маманның сот саласында кемінде бір-екі жыл жұмыс өтілі болса, сосын судьялық бос лауазымға біліктілік емтиханын тапсыруға жіберілсе. Мұндай талаптар судьялық лауазымға тағайындалған жас маманның жұмысты еркін алып кетуіне, сот актілерінің сапасының артуына оң ықпал етеді деген ойдамыз.

Мемлекет басшысының съезде атап өткен: «Қызметін жаңа бастаған судьялар үшін ұзақтығы бір жылдан кем емес сынақ мерзімін енгізу де маңызды, оны табысты өткеннен кейін олардың үздіктері судьялыққа сайланады» дегені де өте орынды. Бұл ретте «Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуі туралы» ережесіне толықтырулар енгізілсе, онда: «жаңа тағайындалған лауазым иесіне тәлімгер тағайындап, бір жылдық сынақ мерзімінде ұстау, осы сынақтан өткен тұлға толық қанды судьялық лауазымды атқаруға лайықты деп танылу» көзделсе. Тәлімгермен бір жыл жұмыс істеген жас судьяға сынақ мерзімі өткеннен кейін, жетекшісінің ұсынысымен жалпы отырыстың қорытындысы бойынша беру көзделсе. Арнайы бағалау тәсілінде өте жақсы, тәжірибесін ұштауға уақыт берілу немесе дайын емес сынақ мерзімін тоқтату сынды өлшем болса.

Сот саласында 15-20 жыл істеп жүрген мамандар бар. Оларға магистратурада оқып, біліктілік емтиханын тапсыруы немесе соттан тәжірибеден өтуі керек емес сияқты. Судьялық лауазымға арналған біліктілік емтиханынан босатылып, судьялыққа кадрлық резервке алынса. Сотта 20 жыл істеген маман барлық сот сатыларынан өтеді, теорияны практикада қолданады, мұндай маманға бірінші инстанцияда практикадан өтудің қажеті қанша? Жиырма жыл сотта істеген маманның судьялық қызметі сапалы, сәтті болады деген ойдамын.

Судьяға кандидаттарды дұрыс іріктеу мінсіз судья корпусын құ­рудың іргетасы болып табылады. Бұл Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың судьялардың V съезінде берген тапсырмаларының бірі. Атап айтқанда, сот билігінің беделін көтеру, тәуелсіздігін күшейту, сот актілерінің сапасын жақсарту, сот төрелігінің барынша ашық және халықтың қолы жететіндей болуын қамтамасыз ету, кадрлар құрамын білімі мен біліктілігі жоғары мамандармен жасақтау сот органдарының күн тәртібінде болатын міндеттердің бірі.

Сот жүйесінің дамуы тоқтап, таяз­дап қалатын құбылыс емес, оны демократиялық құндылықтарды басшылыққа ала отырып, құқықтық тұрғыдан үздіксіз жетілдіріп отыру заман талабы. Судьяларға кадрлар іріктеу жүйесінің құқықтық негізін өзгерту сот билігі беделін нығайтуға, судьялардың тәуелсіздігі мен жеке басына тиіспеушілік кепілдігін қамтамасыз етуге, судьялар корпусы құрамы мен оның резервінде «кездейсоқ» адамдардың болмауына мол мүмкіндік берді. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сот органдарына берген тапсырмаларын дер кезінде орындаудың маңызы жоғары екені айқын.

Айбол Ибрагимов, Астана қалалық сотының Кеңсе басшысының орынбасары.