Жаңалықтар

«Менің атым Қожа» түрік тіліне аударылды

ашық дереккөзі

«Менің атым Қожа» түрік тіліне аударылды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Астананың 20 жылдығына орай бауырлас Түркияда «Қазақстан күндері» басталды, деп хабарлайды Хабар 24. Оның аясында Анкара, Малатия, Шанлыурфа мен Кахраманмараш қалаларында Түркияның белді саясаткерлері және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен кездесулер ұйымдастырылып, мерекелік концерттер болады. Ал Анкарада қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақпаевтың түрік тіліне аударылған «Менің атым Қожа» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бүгін Түркияның әдебиет әлемі қазақтың тағы бір классикалық шығармасымен толықты. Балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Бердібек Соқпақбаевтың дүниежүзінің 67 тілінде жарық көрген «Менің атым қожа» кітабы тұңғыш рет түрік тіліне аударылып, Анадолы жеріндегі өз оқырмандарымен қауышты. Осыған орай бүгін Түркияның астанасы Анкарада кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты жиынға жазушының қызы Самал Соқпақбаева, түріктің белгілі зиялы қауым өкілдері мен жас оқырмандар қатысты. Шығарманы түрік тілінде сөйлеткен аудармашы Жамилә Кынажы «Менің атым Қожа» түрік руханиятын байытып, көптің сүйікті кітабына айналатынына сенімді. Жамилә Кынажы, аудармашы: - Бердібек Соқпақбаев – ұлттық бейнесі күшті адам. Күшті автор. Ол бір баланың көзімен ұлттың бейнесін бізге көрсетті. Қожа кішкентай бала болғанымен, оның кең дүниесі бар. Біз ұқсаймыз, бауырлас елдерміз. Сол себепті қазақтың баласы мен түріктің баласы арасында айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Сіздің Қожа біздің де Қожа. Біздің қожаларымыз сіздің де Қожаларыңыздай. Кітап таныстырылымынан кейін Неджип Фазыл атындағы драма театрында Бердібек Соқпақбаевтың повесінің желісімен түсірілген «Менің атым Қожа» фильмінің көрсетілімі болды. Балалық шаққа саяхат жасаған түрік жастары Қожа образына ерекше тамсана тамашалады. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі киноны түрік тіліне дубляж жасатып, болашақта Түркияның бас арналарына көрсетуді жоспарлап отыр.