Мысық дүкен сүтін неге ішпейді?

Мысық дүкен сүтін неге ішпейді?

Мысық дүкен сүтін неге ішпейді?
ашық дереккөзі

Жақында қаланың шетінде бір-екі сиыр ұстап, соның өнімімен күнелтіп отырған бір ағайыным: «Дүкеннің сүтін мысықтың ішпейтіндігі неге?» – деп сұрады. Шынында да мен мұны білмейтін едім. Содан кейін сұрастырсам, көптеген адамдар мұны растады. Бұл жануарлардың жемейтін шұжық пен консервісі де бар екен.

Енді ойлап қарасақ, соңғы жылдардағы елдегі жиілеп кеткен ауру нәрестелердің тууы, бұрын болмаған ауру түрлерінің көбеюі, психологиялық ауытқулар, өзін өзі өлімге қию дегеннің себептері осындай әртүрлі химикатқа толы шетелдік тамақтарды пайдаланудан емес деуге біздің қарсы айтар уәжіміз жоқ. Егер шөп шықпайтын сахарада, құмды шөлейт өлкеде тұрсақ, бірсәрі, Қазақстандай дүниежүзінде теңдесі жоқ бай өлкеде (жерде) тұрып, ауыл шаруашылық өнімдерін жеткілікті өндірмеу ұлт­тық намысымызға ұят деп­ ойлаймын. Астық өндіруді айтпа­ғанның өзінде, 90-жылдардың басында республикада қой саны 40 миллионға, жылқы 1 млн. 300 мыңға, ірі қара 9,5 млн-ға. жетті. 30-ға тарта құс фабрикалары болды. Бір ғана Орал облысы 100 мың тонна ет өндіріп, 85 мың тоннасын шетке шығаратын, сүт өнімдері ешқайдан әкелінбейтін. Көкөніс, басқа да жеміс-жидек өнімдері республика көлемінде тұрғындарды толық қамтамасыз ететін жағдайда болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал басы жөніндегі мәліметіне сүйенсек, қазірдің өзінде елдің 500 мың тонна ет экспорттауға мүмкіндігі бар, бірақ өткен жылы одан 15 есе кем ет сатылыпты.

Ата-баба жерінде, түгін тартса, майы шығатын бай жерде тұрып, тәуелсіздік алған елде, өз билігіміз, өз байлығымыз қолымызда тұр­ған кезде, басқасы басқа, ал ауыл шаруашылық өнімдеріне тәуелді бо­луымыз айтуға ұят, бірақ қазіргі жағдай осындай.

Мен бұл саланың өткенін, қалай құлап, қайда кеткенін қайталаудан аулақпын. Түсінетін министр болса, Заң шығарушы депутаттарымыз болса, түсінерлік дәрежеде айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ бізде көтерілген, адамның өмірі мен елдің стратегиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін іргелі мәселелерді тіркеп, зерттейтін, нәтижесін тиісті орындарға жеткізетін мекеме жоқ. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы, жер қатынастары төңірегіндегі заң­дар мен заңнамалардың көп­шілігі жұмыс жасамай, елдің дамуын тежеп отыр деуге болады. Құдайға шүкір, мұнай мен газ салаларынан түскен мол қаражат елдің экономикалық жағдайын біршама түзеді. Соның арқасында көптеген әлеуметтік мәселелер өте күрделенбей, шешілуде. Бірақ халықтың жан айқайы жоқ емес. Ол, бірінші кезекте, ауылдың жағдайы, ауыл шаруашылығының жағдайы.

Қазір «алтын бесік» ауылымыз жұқарды. Бұрын 1,5-2 мың адамы бар совхоз орталықтарында көбіне 600-700-дей адам қалды, 600-700 бала оқитын мектепте 120-150-дей бала оқиды, көшу жалғасуда. Мал басы өсетін емес. Оған жағдай, мүмкіндік жасалмай отыр. Басты проблема мал азығын дайындау қиындық туғызуда, мал азығы өте қымбат, сондықтан мал өсіруге жағдай жоқ. Ол онша қиын, шешімі табылмайтын мәселе емес. Жерге шөп шығады, оны шауып, жеткізіп беретін 5-6 трактор керек әр ауылға, осыған кететін қаражат әртүрлі жолдармен босқа кетіп те жатыр. Соңғы 10 жылда ауыл шаруашылық саласына бөлінген қаражатқа ауыл шаруашылық өндірісін дамытудың жаңа жүйесін қалыптастыруға болатын еді. Бірақ кері кетпесек алға басушылық жоқ. Көп кемшілік бағыт-бағдар белгілейтін басқарудан деп ойлаймын. Ауылдың тұрмыс-тіршілігін білмей, жердің қасиетін білмей, шаруашылық жүргізудің мән-жайын білмей, бұл саланы басқаруға болмайтынын ескерген жөн. Бұл сала – адамзат өмірі үшін өте маңызды сала, сайып келгенде, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сала, оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Оның үстіне жұмыссыздықты азайтатын бірден-бір жол – осы сала. Әрине, бұл салада жіберілген кемшіліктер өте көп, оны түзетіп алу оңайға соқпайды, әсіресе, сиреп қалған елді мекендерге қайтадан адам апару оңай емес. Бірақ «тың» көтерудің қиыншылығын да көрген, нәтижесін де көрген халықпыз ғой, үкімет шындап қолға алса, мал санын көбейту көп қиынға соқпайды.

80-жылдары «ауылды қалаға теңейміз» деген ұран да болды. Оған жақындап та қалған едік. Қазіргі жағдайда оны түбегейлі іске асыруға толық мүмкіндік бар. Елді мекендер газдандырылып, үйлерге су құбырлары тартылуда, жолдар салынуда, «интернет» байланысы да бар. Енді қоғамның жасап жатқан осы игі істерінің нәтижесін кім көреді, егер ел көшетін болса?!

Басты мәселе – елге жастарды көптеп тарту, ол үшін ипотекалық үйлерді керек жеріне көптеп салу қажет, ынталандыру шараларын міндетті түрде ойластырған жөн. Бұл мәселені шешкеннен кейін оларға мал ұстатып, мал азығын дайындауға көмектесу керек. Кез келген ауылда 300-400 сиыр сауылса және ол сүт сол жерде қабылданса, республика бойынша қанша отандық таза сүт өнімі дайындалар еді. Бұл қазіргі жағдайда бастапқы жұмыс. Ауылға халық бармай, ештеңе өзгермейді. Ең бастысы шағын фермерлермен, жеке шаруашылықтармен ет, сүт, тағы да басқа тамақ өнімдеріне деген сұранысты түпкілікті шеше алмаймыз. Сондықтан болашақта ірі-ірі ұжымдық шаруашылықтар, кооперативтік құрылымдарды, тағы да басқа тиімді ауыл шаруашылық салаларын құрған дұрыс болар деп ойлаймын. Қазір қиюы кетіп тұрғанмен, бұл саланың өткені көптің көз алдында. Кеңес заманындағыдай болмағанмен, жаңаша қалыптастыруға болады. Бұл – өте үлкен күрделі жұмыс, көптеген заңдар мен заңнамаларды қайта қарап өзгертуге тура келеді. Бірақ елдің экономикалық, интеллектуалды мүмкіндігі мол, ғылым жетістіктері жеткілікті. Сондықтан мұндай ел болашағы үшін маңызды жұмысты түбегейлі қалыптастыру үшін тікелей Президентке бағынатын тәуелсіз ұлттық комиссия құрған жөн деп есептеймін. Оның құрамында ауыл шаруашылығының қыр-сырын жақсы білетін, тәжірибесі мол адамдар фермерлер одағының басшысы т.б. азаматтарды тартқан жөн болар еді.

Нұрлан Ізтілеуов, ауыл шаруашылығының ардагері.

Орал қаласы.