Жаңалықтар

Шағын кәсіпке үлкен қолдау

ашық дереккөзі

Шағын кәсіпке үлкен қолдау

«Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратында «Мемлекеттен қалай шағын несие алуға болады?» тақырыпта кезекті NUR OTAN LECTURES ашық жалпыұлттық дәрісі өтті. Онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев шағын несие алудың қыр-сырын түсіндіріп, азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Жиынды еліміздің әр түрлі аймақтарындағы азаматтар тамашалап, маңызды ақпараттарға қанықты. Вице-министрдің айтуынша, несие алу үшін талапкер «Бастау-Бизнес» тренингінде бір ай шеберлігін шыңдап, сертификат алуы шарт. Сертификаттың жарамдылық уақыты 2 жыл екенін ескертті вице-министр. – Өткен жылы «Бастау-Бизнес» бағдарлама­сы арқылы 15 мың адам кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренсе, осы жылы кәсіпті қалай бастау керектігін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы 30 мың адам игереді. Ауыл азаматтары осы қаражаттарды алып, өз бизнесін бастағылары келсе, ең алдымен «Атамекен» ҰКП филиалдарына жүгініп, өтінімдерін беруі қажет. Несие ауылдық жерлерде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы, ал қалаларда екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. Қалада жұмыссыз жүрген, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ең алдымен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиалы немесе Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен Жұмыспен қамту орталық­тарында жүгінсе болады, – деді виолце-министр. Жиынға қатысушы азаматтар Нұржан Әлтаевқа көкейлерінде жүрген сауалдарды қойып, тұщымды жауап алды. Азаматтарды шағын кәсіпкерлікке берілетін несиенің неше пайыз екені қызықтырды. Сондай-ақ, аталған несиені қанша уақытта қайтаруға болатынын сұрады. – Былтыр Үкімет шағын несиеге 42 млрд теңге бөлсе, биыл оның көлемі 62 млрд теңгені құрады. Аталған қаржының 42 милилиарды ауыл, қалған 20 миллиарды қала тұрғындарына арналған. Несие алатын адамның кепілдікке қоятын мүлкі болуы керек. Ауыл тұрғындарына несие 6 пайызбен беріледі. Өздеріңіз білесіздер, бірде-бір банк мұндай пайызбен несие бермейді. Шындап келгенде банктердің өзі аз пайызбен несие беруге мүмкіндігі жоқ. Өйткені банктердің ставкасы өте жоғары. Кей банктер 7 пайызбен не­сие беретінін айтады. Алайда 7 пайызды олар әр ай сайын есептейді. Сонда жылына есеп­те­сеңіз өте үлкен пайыз болып шығады. Біздің бағ­­­дар­­ламаның бір артықшылығы – үстеме жы­лына 6 пайыздан аспайды. Ал несиені өтеу мер­зіміне келетін болсақ, 6 айдан 2 жылға дейін мүм­кіндік беріледі. Ал қалада өз ісін бастаймын деген азаматтарға 7 пайызбен несие ала алады, – дейді ол. Жиынға қатысушы азаматтар NUR OTAN LECTURES алаңына вице-министрдің арнайы келіп, көпшіліктің көкейінде жүрген шағын несиеге қатысты сұрақтарға жауап бергеніне алғыс айтты. Жиынды тамашалай алмағандар шараның видеосын «Нұр Отан» партиясының youtube арнасынан көріп, тұшымды ақпараттарға қаныға алады.