БІЛІМНІҢ БАҒБАНЫНА АЙНАЛҒАН АЗАМАТ

БІЛІМНІҢ БАҒБАНЫНА АЙНАЛҒАН АЗАМАТ

БІЛІМНІҢ БАҒБАНЫНА АЙНАЛҒАН АЗАМАТ
ашық дереккөзі
Көпжасар Нәрібайұлы. Қазақстан Республикасы үкіметінің мүшесі, білім министрі, 1991-2001 жылдары еліміздің бас оқу орны – Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің ректоры, академик, өтпелі кезеңнің танымал тұлғаларының бірі. Бұл, әрине, ол атқарған лауазымдар мен иемденген атақ-абыройдың сыртқы көрінісі ғана. Ал осы аталған атақ пен абыройдың астарында, арғы қатпарларында жатқан, көрінген жерде айтыла бермейтін ойлар мен пікірлер жөнінде жазу жеңіл-желпі нәрсе емес. Осы орайда тарихшы ретінде көңілде жүрген бір түйткіл туралы айта кетейін. Жақында мынадай бір фактіге кезіккенім бар. Еуропалық елден келген зерттеуші-ғалым советтік кезеңде биік лауазымды қызметтерде болған еліміздің азаматтарынан тарихи интервью алуға келіпті. Ондай сұхбат беруге аға буын отандастарымыз да келісім берген сияқты. Екіұдай күйге түстім. Советтік жүйені сырттан емес, ішінен білетін сол аға буын өкілдерінен тарихи-сұхбат алуды өзіміз бастап, бұл іске кең өріс бере алмағанымызға өкіндім. Сонымен бірге «өз сырымды өзгеге емес, өзіме айтамын» деген шешімдегі тұлғаларымыз көбірек болса екен деп те тіледім. Мәселе мынада. Аға буын ұрпақтың мемлекет басқару ісіндегі бай тәжірибесі тек олардың өзіне ғана тиесілі құндылық емес, барлық өркениетті қоғамда қабылданғандай, ол тәжірибенің, мүмкін болғанша, кейінгі буын ұрпақтарға да қызмет жасағаны жөн. Сонымен, Көпжасар Нәрібайұлы кім деген сауалға жауап іздейтін болсақ, ойға алдымен орала кететіні – білім жүйесіне жаңалық енгізуге күш салған министрдің тұлғасы көз алдымызға келетіні хақ. Д.А. Қонаев бастаған сол тұстағы қазақ басшылығы кезінде «білімді ұрпақ – адаспайтын ұрпақ» ұстанымында жұмыс жүргізіп, жігерлі түрде жоғары және арнайы оқу орындарын көптеп ашты. Бұл стратегиялық тұрғыдан өзін толық ақтаған іс еді. Мәселен, осы тарихи кезеңде елдегі оқу орындарының саны 26-дан 55-ке, оларда білім алған студенттердің саны 70 мыңнан 275 мыңға, ал жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың саны 9 мыңнан 22 мыңға жеткен. (К.Нәрібаев. Тұлғаларға тағзым. Алматы, 2012, 73-б.) Міне, бұл келтірілген сандық фактілерден осы кезеңде кадр даярлау ісінің республикада жоғарғы деңгейге көтеріліп, дұрыс жолда тұрғанын байқауға болады. К.Нәрібаевтың білім министрлігіндегі қызметі (1976-1986 жж.) осы кезеңнің соңғы да маңызды онжылдығына тұспа-тұс келеді екен. 1986 жыл. Бұл ұлт тарихындағы жолайрық кезең. Осы жылы халық сол уақытқа дейін жүріп өткен жолын, көрген-білгенін (советтік реформалар, саяси репрессия, аштық, соғыс) ой елегінен өткізгендей күй кешті. Сол арқылы ол кемелдіктің кезекті белесіне көтерілді. Сонымен бірге 86-ның желтоқсаны ұлттық сананың сынға түскен сәті де еді. Сол бір тарихи кезеңге тиесілі құжаттық материалдар не дейді? Осы ретте өткен тарихымыздағы голощекиндік кезеңді еске салатын мынадай жағдай еріксіз ойға оралады. Ол советтік идеология органдарының Қазақстандағы басшылық қызметтегі азаматтардың, шығармашылықтағы зиялылардың ұстанымынан ұлтшылдықтың көрінісін іздеуі еді. 1986 жылы ақпан айында болып өткен Қазақстан компартиясының XVI съезінде сөйлеген Орталық Комитеттің идеология бойынша хатшысы, міне, осы қазақ ұлтшылдығының көрінісін білім беру жүйесінен тапқандай болды. Оның нақты көрінісі жоғары оқу орындарында оқитын жастардың басым бөлігінің қазақ жастары екендігі еді. Қазіргі күн тұрғысынан қарағанда бұл, әрине, ұлттық санаға, бірегейлікке жасалған мақсатты шабуылдың нақты көрінісі болатын. Сол кезеңдегі жоғары және арнаулы орта білім министрі К.Нәрібайұлы осы аталған съезде айтылған сынға орай бірінші басшы Д.А. Қонаевтың өзін арнайы шақырып: «Министр жолдас, кеше съезде қазақтарды көп оқытып қойды деп бізге ауыр сын айтылды... бұл саяси мәні бар мәселе, бізден ұлтшылдықтың ізін іздеп отыр» деген ойды айтып, соған байланысты дәйекті жауап даярлау жөнінде тапсырма бергенін еске алады. Араға он шақты күн салып, тиянақты жауап даярлаған министр республика басшысына берілген тапсырмаға сәйкес есеппен қайта барады. Даярланған жауаптың негізгі түйінінен үзінді келтірейік: «...сол кезде республика бойынша студенттер саны 282,8 мың, олардың ішінде қазақтары – 53,9%. Ал сол жылғы халық саны 16 млн, қазақтардың үлесі – 38,6 %. Осыдан барып, қазақ студенттерінің үлесі де 38,6 % болуы керек деген жаңсақ пікір туған. Статистика мен демография ғылымдарының дәлелді тұжырымына сүйенсек, қазақ студенттерінің үлесін анықтау үшін бүкіл халықтың санын емес, тек оқу жасындағы жастардың санын есепке алу қажет, ал бұл топтағы қазақ жастарының үлес салмағы әлдеқайда көп. Мәселен, сол жылдары мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарына емтихан тапсыруға құқылы жастардың 55,7% қазақтар еді. Қайсыбір жылдары бұл көрсеткіш 58-60 пайызға дейін көтеріліп отырған. Ал студенттердің ішіндегі қазақтары – 53,9 %. Сонда олардың үлес салмағы шектен тыс деуге негіз бар ма?». Министрдің келтірген уәжі нанымды еді. Тағы бірде қабылдауында болғанында Димаш Ахметұлы: «Көпжасар, Мәскеу тексеріп жатыр деп қаймықпа. Ешкімге де жалтақтамай, қазақтың балаларын оқыта бер. Исі қазақтың Отаны осы. Өз елінде оқымаса, қайда оқиды олар? Және оларды сен оқытпасаң, мен оқытпасам, кімнің жаны ашиды? Ойлан, шырағым, өз халқың үшін қызмет ет. Ал мұндай үлкен істерді үндемей жүріп бітіру қажет», – деген тұжырымын айтады. Осы баяндалған фактілердің ізін ала күркіреген күндей, найзағайдың жарқылындай 86-ның желтоқсаны келіп қалған еді. Университетте оқытушылық қызметте жүргенмін. Көтерілістің алғашқы күні кешінде факультеттің партия ұйымының хатшысы мені және тағы бір әріптесімді студенттер жатақханасына кезекшілікке жіберді. Түнгі сағат 2-3 шамасы болса керек, бас корпуста өткелі жатқан жиналысқа шақырылдым. Акті залына біраз оқытушы және факультет басшылары жиналған екен. Облыстық саяси-ағарту үйіне Мәскеуден сол күні кешінде келген М.С. Соломенцевпен болған кездесуге кеткен университет ректоры мен партия ұйымының хатшысын күтіп біраз отырып қалдық. Сол арада физика факультетінің белсенді доценті жиналған жұрттың алдына шығып: «Бұл мемлекеттің қарулы күштері қайда, олар тез арада мына алаңға шығып, есірген тобырды неге басып тастамайды?», – деп елірген сөзі құлағымнан ешуақытта кетпейтін шығар. Мұндай ойда ол жалғыз емес-тін. Университеттің партия ұйымы бюросының мүшесі студенттердің ғимарат қабырғаларына бормен «Намысымызды таптатпайық!» деген мағынада жазып кеткен сөздерінен, әрине, болашақ мамандардың «қазақ ұлтшылдығы» рухында тәрбиеленіп жатқандығын көріп, сөйлеген сөздерінде бұл құбылыспен ымырасыз күрес жүргізуге шақырды. Біздің факультетте оқитын, күнделікті өмірде қойдан жуас, аса ізетті студент сол күндері күтпеген мінез көрсетіп шыға келгенін қалай байқамассың. Тура осындай мазмұндағы мінезді арамызда жүрген отандас ағаларымыз да байқатты. Солардың бірі «Алаңға шыққандардың барлығы дерлік оңтүстіктің балалары екен, оларға пулеметпен жауап бергенде сауап болмақ еді», – деп кафедрада отырып айтқан сөзі есімде. Сонымен не керек, акті залына Соломенцев пен Колбин қатысқан жиналыстан соң, жоғары білім министрі К.Нәрібаев, университет ректоры Е.Ерғожин және партия ұйымының хатшысы В.Чесноков келді. Олар өз тарапынан саяси-ағарту үйінде партия және совет активімен болып өткен мәжілістен қысқа ғана мәлімет берумен, соған байланысты атқармақ шараларды қысқа ғана баяндаумен шектелді. Сол жолы Көбекеңнің іштей булығып, әдеттегідей көсіліп сөйлеп кете алмағанын байқадым. Желтоқсан күндері дүлей күшпен бетпе-бет келген ел азаматтарының ауыр жағдайын ой елегінен өткізудің өзі де қиын еді. 30-шы жылдардағы репрессия науқанын еске салатын көңіл күйі Алматы көшесін кезіп жүрді. Маған Алатаудан басқа қазаққа қорған бола алатын күш жоқ сияқты көрінді. Ертеңінде газет бетінде М.С. Соломенцевтің Қазақстанда жоғарғы білімді кадрлар даярлау ісі сұраныстан тыс көлемде жүруде деген мағынада айтылған сөзі жарық көрді. Бұл ойын анықтай түсіп ол: «...студенттер іріктеуде бұрмалау бар. Кадрларды осылайша іріктеу керек пе еді? ...Алматыда мектепке дейінгі мекемелер де ұлттық белгі бойынша құралатын болған ба? ...Бүкіл оқыту мен тәрбие қазақша өткізіледі... Қалаға қоныстандыру ісінде де басын ашып алатын жайттар аз емес. Мәселен, Алматыда, кезінде мен осында жұмыс істегенде қазақ тұрғындары 8% болғаны есімде. Дұрыс па айтып тұрғаным? Ал қазір 16%. Екі есе өскен» (86 – Желтоқсан. Ұлт теңдігі көтерілісі. Бірінші кітап. Алматы, 2006 49-50 б.б). СОКП ОК саяси бюросы мүшесінің бұл пікірінің патшалық Ресейдің генералдары мен генерал-губернаторларының кезінде айтқан пікірлерінен қандай айырмашылығы бар? Елді сыйламаудың үлгісі нақ осындай-ақ болар. Өз ретінде айта кеткен жөн, Орталық Комитет хатшысының бұл айтылған ойы, әрине, Мәскеудегі жоғары биліктің қазақ халқына қатысты ішкі ұстанымын білдіретін еді. Сонымен бірге Мәскеулік орталықтың Қазақстандағы білім жүйесіне соншалық шұқшия қарауы да жайдан-жай еместігін, мәселенің түп-тамырын тура түсініп отырғандығының көрінісі болатын. К.Нәрібайұлы 1986 жылы министрлік қызметінен кетірілді. Араға 5 жыл салып еліміз тәуелсіздігін алды. Бүкіл қоғам, оның жоғары білім жүйесінің алдында да жаңа міндеттер тұрды. Осы өмір сұранысын терең түсінген мемлекет басшысы К.Нәрібайұлын еліміздің бас жоғары оқу орны – Қазақ мемлекеттік университетіне ректорлық қызметке тағайындады. Осылай оның өмірінің жаңа да құнарлы кезеңі басталған еді. Жоғары білім жүйесі күрделі организм. Оны уақыт сұранысына бейімдеу ісін қолға алған кісінің үлкен тәжірибесі, білім парасаты, мінезі болуы қажет. Ал ол кезде еліміздегі білім жүйесі одақтың білім жүйесіне байлаулы болды, онымен кіндігі бір еді. Тағы бір ерекшелігі оның аудиторияларынан ұлттық рух қуылып тасталған болатын. Ал оны қайтару, аудитория төріне шығару бір күндік жұмыс емес екендігі түсінікті. Кеше ғана «ұлтшыл» министр атанған, енді, міне, ректор К.Нәрібайұлы бұл шаруаны университеттің атын өзгертуден бастады. Ол ұжым босағасын ректор болып аттағаннан төрт-бес айдан соң, яғни 1991 жылы қазан айында Қазақстан Үкіметінің арнайы қаулысымен университетке әлемдік ғылымда екінші ұстаз аталған, ортағасырлық ағартушылықтың көш бастаушысы әл-Фарабидің есімі берілді. Бір қарағанда университетке ортағасырлық ұлы ғалымның есімі берілуі соншалықты маңызды оқиға болып қабылданбауы да мүмкін. Осы ретте мынадай жағдайды ескерген жөн. Біздің қоғамның тарихи жадына советтік кезеңде идеологиялық аппарат тарапынан мақсатты да жойқын шабуылдар жасалып, оны терең әрі жағымсыз өзгерістерге ұшыратты. Соның нәтижесінде халық өзінің рухани бұлақтарынан қол үзіп, табиғатына жат, мүлдем басқа өркениетке сіңіп, өзінің ұлттық бірегейлігін жоғалтудың алдында тұрды. Басқаша айтқанда, советтік билік ыдырауға ұшыраған сәтте жаңа басқарушы биліктің алдында қазақ ұлтын біржола жоғалып кету қаупінен кері қайтару міндеті тұрды. Сол міндеттердің бірі – ұлттың тарихи жадын жаңғырту еді. Ал әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари сияқты орта ғасырлық орта азиялық ағартушылықтың басында тұрған тарихи тұлғалардың идеялық және шығармашылық мұрасын насихаттау – бұл елді адасып қалған өзінің рухани бұлақтарымен қайта табыстыру әрекеті еді. Қазақша айтқанда, ұлттық жоғары бас оқу орнына әл-Фарабидің есімі берілуі жақсы ырым, елді өзінің табиғи арнасында өсуге бастайтын жағымды идеяларға жол ашудың көрінісі болатын. Кезінде ректордың бұл әрекетін тура түсінгендер де, тура түсіне алмай, тосырқағандар да болды. Тосырқағандардың болуы әлгі ұлттық арнада ойлану мәдениетінен көз жазып қалғандықтың салдары еді. Осы соңғы жаңылыс үрдісті жеңу үшін ректор университетте әл-Фараби ғылыми зерттеу орталығын ұйымдастырып, оған басшы ретінде талантты ғалым, философ Ақын Хайруллаұлы Қасымжановты белгіледі. Орталықтың қызметі басым түрде ұлы ғалымның еңбектерін қазақ және орыс тілдеріне аудару, сондай-ақ, оларды кең түрде ғылыми айналымға енгізу, ең негізгісі, әрине, ол еңбектердің мазмұнын студенттік аудиторияларға жеткізу болды. Осы мақсатта университеттің барлық факультеттерінде фарабитану сабағы енгізілді. Орталықтың жұмысына Ауданбек Көбесов, Құбығұл Жарықбаев сияқты белгілі педагог-ғалымдар тартылды. Міне, осы атқарылған жұмыстар ғылыми тұрғыдан ізденіс жолында тұрған жас өркен үшін жасалған тамаша мүмкіндік еді. К.Нәрібайұлының ректорлығы тұсында Қазақ ұлттық университеті елімізде алғашқы болып автономиялық статус алды. Университеттің автономиялығы бұл батыс елдерінде ертерек қалыптасқан мәдениет және дәстүр. Оқу орнының өзін-өзі басқара алу мүмкіндігі дегенді білдіреді. Ол үшін университеттің ғылыми әлеуеті, материалдық базасы жетерлік болуы шарт. Ең негізгісі, әрине, оқу орнының еркін өсіп-өркендеуіне жетерлік қаржысы, оқытушы профессорларының алаңсыз педагогикалық және ғылыми жұмыспен айналысуға жарайтын жалақысы болуы қажет. Автономиялық еркіндік ұжымының шығармашылық мүмкіндігін ашатын жол еді. К.Нәрібайұлының ректорлығы қоғамның тарихи санасындағы түбегейлі өзгерістерге, оның сұраныстарына сәйкес тарих ғылымындағы аласапыран концептуалды ізденістерге тұспа-тұс келді. Түрлі ғылыми жұмыстарға байланысты ректордың қабылдауына баруға тура келетін. Сондай бір қабылдауда Көбекең «Ұлттық университет үшін филология және тарих факультеттерінің орны ерекше, мәселен, математика, физика және басқа жаратылыстану факультеттерінің біздің еліміз үшін, оны табиғи және басқа ерекшеліктерімен сұраныстарын қанағаттандыруда маңызы, әрине, үлкен, дегенмен университетке ұлттық сипат, реңк беріп тұрған филология және тарих мамандықтары, осы жағдайды тура түсіну қажет» деген ойды айтты. Бұл, әрине, білім жүйесінің тылсым сырларын терең игерген, тәжірибелі де парасатты басшының аузынан шыққан маңызды пікір еді. Оны қалай ұмытарсың! Көбекең үшін бұл жәй, қызыл сөз орнында айтылған пікір емес-тін. Университетте қызметте жүрген жылдары оған көзім жетті. Бірде маған жұмысқа атпал азамат, марқұм Айтан Нүсіпханұлы келіп, қолына М.Шоқайдың «Яш Түркістан» журналының тігіндісі түскенін, міне, осы аса бағалы басылымда ардақты Мұстафа ағамыздың түрлі кезеңдерде, түрлі тақырыптарға жариялаған еңбектерінің екі томдық жинағын баспадан шығару қоғамдық сұранысқа берілген жауап болар еді деген ойын айтты. Екеуміз ғылыми жұмыстар бойынша проректор З.А. Мансұровқа барып, үшеу болып ректорға кірдік. Ректор айтылған ұсынысқа бірден қолдау көрсетіп, А.Нүсіпханды университетке ғылыми қызметкер ретінде қабылдау туралы бұйрыққа қол қойды. Екі жылға жетер-жетпес уақытта М.Шоқайдың екі томдық таңдамалысы К.Нәрібайұлының алғысөзімен («Қайнар» баспасы, 1998, 1999) жарық көрді. Бұл ұлы қайраткер еңбегінің өз Отанына оралуының басы еді. Әлгінде ғана жарық көрген екі томдықты Көбекеңе алып барғанымда, ол кісі маған: «Тарихшылар қайраткер ағамыздың жары Мәрия Шоқайды соншалықты дәріптеп, мақтауын жеткізіп жатады, бұл пікір қаншалықты негізді, осы жағдайға байланысты не айтасың?» – деді. Мәселені тереңірек білгісі келді ме екен, әлде мені сынағысы келді ме, ол жағын білмедім, менің жауабым мынау болды: «Мәрия Шоқай Мұстафа ағамыздың өмірінің ең бір күрделі де ауыр кезеңінде жанында сенімді серігі, сүйікті жары болды. Осы міндетін өмірінің соңына дейін кіршіксіз таза атқарды. Анамыздың сол қажырлы да, кемеңгерлік қызметінің арқасында ұлы қайраткердің мұрасы бізге жетті. Осы тұрғыдан біз ол кісіге қарыздармыз». Екі томдықты даярлаған Айтан Нүсіпханұлының қуанышында шек жоқ еді, қанаттанып жүрді. Өкінішке қарай, Айтакең көп ұзамай қайғылы жағдайда өмірден озып кете барды. Міне, сол 90-жылдары университеттің және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шақыруымен Түркияның Ришад Генч (сол кездегі Ататүрік атындағы тіл, мәдениет және тарих орталығының басшысы) бастаған он шақты тарихшы ғалымдары университетте қонақта болып қайтты. Ректордың қолдауымен Мұхаммед Хайдар Дулати, Ахмет Байтұрсынұлы, Ораз Жандосов және басқа тарихи тұлғалардың шығармашылық мұрасы мен қызметіне арналған көптеген ғылыми жиындар өткізілді. Есімде, осы 90-жылдардың алғашқы жартысында болса керек, университетке арнайы сапармен Қырғызстанның Қ.Тыныстанов атындағы Қаракөл мемлекеттік университетінің ректоры Жолдош Жусаев бастаған басшылығы келіп, университеттің оқу процесі, ғылыми жұмысты жүргізу тәжірибесімен танысып, сонымен бірге екі оқу орны арасындағы өзара ықпалдастыққа байланысты келісім-шартқа қол қойып қайтты. Ол келісім-шарттың нәтижесінде әл-Фараби университеті қарақолдық әріптесіне қолдау көрсетті, жыл сайын оқуға 3-4 студент, аспиранттарды қабылдап, көрші елге маман кадрлар даярлау ісіне атсалысты. Жауап ретінде қырғыз ағайындар Ыстықкөл бойындағы әл-Фараби атындағы университеттің демалыс орнын оның меншігінде қалдырды. Өз уақытында атқарылған осы және толып жатқан маңызды шаралар арқылы әл-Фараби атындағы университет ұжымы сол бір күрделі өтпелі кезеңде озық мәдениет, білім және ғылым шаңырағы ретінде өзін көрсете білді. Бұл ретте, ректор тұлғасының шешуші рөл атқарғандығы, әрине, түсінікті болса керек. Бұл шағын мақалада мен Көпжасар Нәрібайұлы сияқты сан қырлы атпал тұлға қызметінің өзім білетін кейбір тұстарына ғана тоқталдым. Қоғамның, елдің көз алдында атқарылған бұл қызмет, әрине, анағұрлым нәтижелі. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Көбекең «Алаш айнасы» газетіне ағалық сөзін айтып, сұхбат берді. Сол сұхбатында ол «Әлемдік өркениеттің негізін қалайтын ұлттық құндылықтар екенін біз ескеруіміз керек. Ал біз әлі күнге соны жоғары мектептің оқу бағдарламасына енгізе алмай келеміз», – деген пікірін білдірді. Бұл пікірді көпті көрген ойлы аға буын өкілінің жанашырлық, риясыз көңілімен ақылы ретінде қабылдап, осы арнада жұмыстар атқарғанымыз орынды болмақ. Көпжасар Нәрібайұлы сексеннің сең­гі­рі­не шығып отыр. Білім жүйесінде саналы өмірін өткізіп, отаушы емес, бағбан бола білген ағамызға ұзақ ғұмыр, бақыт тілейміз.  

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,

профессор