Сөз зергері – Ғалымжан Мұқанов
Сөз зергері – Ғалымжан Мұқанов
Ақын, талантты аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Ғалымжан Мұқановтың шығармашылық мұраларына жаңаша көзқарас қалыптастыру мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика және филология факультеттерінің ұйымдастыруымен «Тәржіман тарланы» атты алқасөз жиыны өтті.
Жиынға журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек, Кәкен Қамзин, Айгүл Ісмақова сынды белгілі ғалымдар қатысты.
Дарынды сөз зергері Ғалымжан Мұқанов Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келген. Аудармашы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты мен Алматы шет тілдері педагогикалық институтының француз тілі факультетін бітірген. Еңбектерін қазақ, орыс, француз тілдерінде жазып, көркем аударма саласында еңбектенген. Француз ақыны Клер Клермонттың Парижде жарық көрген «Владимир мен Зара немесе қазақтар туралы» дастанын 1988 жылы француз тілінен қазақшаға тәржімалаған. Француз ақыны К. Висантимен бірлесіп 1994-1995 жылдары француз тіліне Абайдың «Қара сөздері» мен «Ескендір», «Масғұт» поэмаларын, сонымен қатар 1997 жылы М. Әуезовтің «Қилы заман» романын аударған. Аталған жылы Әуезовтің шығармашылығын, Парижде өткен ЮНЕСКО-ның халықаралық коллоквиум материалдарын қазақ тілінде сөйлеткен. 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының таңдамалы өлеңдерін компакт-диск түрінде француз тілінде жарыққа шығарды. Сонымен қатар публицистикалық еңбектер мен эссе жинақтары швед, француз тілдеріне аударылған. Ақынның өз өлеңдері «Тоғыз перне» атты ұжымдық жинақта, республикалық басылымдарда жарияланған. Қазақ фольклоры жөніндегі жұмысы 1999 жылы Францияда жарық көрген «L, home et ia steppe» жинағына енгізілген. Махамбетке арналған «Ақтық сәт» атты өлеңі 2003 жылы М.Өтемісұлының республикалық термешілер конкурсында бірінші орын иеленді. Арамыздан ерте кеткен көрнекті аудармашының еткен еңбегі қазірде де ел игілігіне қызмет етіп келеді.
Дарын Құрманқұл