ӘСЕМ ӘУЕН ӘУЕЛЕЙДІ  АСТАНАДА...

ӘСЕМ ӘУЕН ӘУЕЛЕЙДІ  АСТАНАДА...

ӘСЕМ ӘУЕН ӘУЕЛЕЙДІ  АСТАНАДА...
ашық дереккөзі
Еліміздегі ерекше танымалдыққа ие, жұртшылықтың жүрегін жаулаған музыкалық жобалардың бірі – «Жас қанат». Биылғы байқау Астана қаласында  Бейбітшілік және келісім сарайының киелі сахнасында мамырдың 25-і мен 27-сі аралығында өтеді. Бұл байқау бүгінгі күні халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген біршама отандық эстрада жұлдыздарының бағын ашқаны белгілі: Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Нұрлан Абдуллин, Бақыт Шадаева, Жанар Дұғалова, Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, Димаш Құдайберген осы байқаудың үздіктері. Олардың есімдері ел аузынан түспейді. Биыл «Жас қанатқа» қатысушылар саны 12 ғана. Алайда байқау Қазақстанның аймақтарынан дарынды әрі жас орындаушыларды жинап отыр. Олардың арасында Астана, Тараз, Қарағанды, Алматы, Петропавл, Орал қалаларының және Ақтөбе облысының намысын қорғайтын қатысушылар бар. «Бастысы жеңіс емес, қатысу» деген көпке мәлім сөз бар болса да, қатысушылардың әрқайсысы жүрегінің түкпірінде жеңімпаз атанып, үйіне армандаған «алтын қанатпен» оралғысы келетіні анық. Дәмел Ортамышева – Петропавл өнер колледжі вокал бөлімінің студенті. Ол осы уақытқа дейін «Шабыт» фестивалі, Республикалық әскери-патриоттық әндер сайысы, Халық әртістері Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова атындағы I Халықаралық әншілер байқауы және Дельфий ойындары сияқты әйгілі жобаларға қатысқан. Енді «Жас қанатқа» іріктеліп алынғаны үшін дән риза. –  Бала кезімнен осы байқауды бақылап, қатысуды армандайтын едім. Осы жылы жақындарым, туыстарым және оқытушымның қолдауымен қатысуға өтініш бердім. Ұйымдастырушыларға маған берілген мүмкіндік үшін алғысым шексіз, – дейді Дәмел. «Жас қанат-2018» байқауының іріктеу турына Қарағандыдан – Арманай Әбдімомынова,  Астанадан – Бақтияр Ақылбек, Диас Кәрімжанов, Замира Сағадиева, Тараздан –  Нұрай Ғаниқызы, Жанболат Таласбай, Сәуле Тыныштықова, Ақтөбе облысынан – Нұрдәулет Қуандықұлы, Оралдан – Риза Мағзұм, Петропавлдан – Дәмел Ортамышева, Алматыдан – Сымбат Сейілханова, Аян Тасыров қатыспақ. Алматы қаласының атынан қатысып жатқан Сымбат Сейілханова небәрі 16 жаста. Ол «Айгөлек» балалар байқауында екінші орын алған, халықаралық «Ғұмырдария» және республикалық «Әсеттің әсем әндері-ай» байқауларының бас жүлдегері. Сондай-ақ, Моңғолияда өткен  «Сұлулық және өнер» байқауының қатысушысы. – Музыка – бала кезден бергі досым: онымен тыныстаймын, онымен өмір сүремін. Маған өткенімді хабарлағанда өз құлағыма өзім сенбедім. Менің қуанышымда шек болмады! Төбеге дейін секірдім! Мен мұны армандаған едім, армандар орындалатынына көзім жетті, – дейді Сымбат өз әсерімен бөлісіп. Үміткерлерге кәсіби әділқазылар алқасының алдында өнер додасының ең ауыр үш күнін өткеру керек. Қатысушы жастардың ең үздіктері ғана байқау жүлдесі үшін күресіп, өз қаласына жеңіс әкеледі. Байқау аясында әншілердің үлкен сахнада өнер көрсетіп, «Жас қанат-2019-ға» халық алдында таңдалып алынуына мүмкіндік беретін «Арманға бір қадам» атты арнайы жоба өткізіледі. Аталмыш жобада қарағандылық Өркен Миров, қызылордалық Ақбота Құснадин және Астананың атынан Рауан Мейрамбекқызы мен Тоғжан Қали бақ сынайды. Біз қатысушыларға шын жүректен сәттілік тілейміз!  

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Астана