Данияр САЛАМАТ: ЭКРАНДАҒЫ ГИБРИД КЕЙІПКЕРЛЕР – ҚАУІПТІ КЕСЕЛ

Данияр САЛАМАТ: ЭКРАНДАҒЫ ГИБРИД КЕЙІПКЕРЛЕР – ҚАУІПТІ КЕСЕЛ

Данияр САЛАМАТ: ЭКРАНДАҒЫ ГИБРИД КЕЙІПКЕРЛЕР – ҚАУІПТІ КЕСЕЛ
ашық дереккөзі
Данияр Саламат – 1970 жылы дүниеге келген. 1998 жылы Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтын кинодраматургия мамандығы бойынша бітірген. «Жөшә» (2005), «Әкем екеуміз» (2008), «Бәйтерек» (2009), «Кішкентай» (2011), «Сағынтайдың бірінші әйелі», (2015) атты фильмдердің сценариін жазған және түсірген. «Шәкен жұлдыздары», Евразия кинофестивалінің лауреаты, Германияның Котбус қаласында өткен Шығыс Еуропа фильмдері кинофестивалінің арнайы жүлдесінің иесі. «Ердің жасы елуге» таяп қалған режиссермен қазақ киносының бүгінгі жай-күйі туралы әңгімелескен едік. – Кино – қай елде де мемлекеттік идеологияның басты құралының бірі екені талассыз. Бүгінгі қазақ киносы қазақтың ұлттық идеологиясына қызмет ете ала ма? – Еліміз егемендік алғанға дейін кино – идеологияның құралы болғаны рас. Яғни, кеңестік кезеңде кино өнері мемлекеттік идеологияны орнықтыруға, мемлекет саясатын санаға сіңіруге және сол арқылы халықты бір мақсатқа жұмылдыруға үлкен әсер етті. Бірақ кейін, тәуелсіздік кезеңінде идеологиялық түп қазығымыз орнықпағандықтан кино да есеңгіреп қалғандай. Ұлттық идеологияны сөз етпес бұрын ұлт ұғымын түсініп алуымыз керек. Ұлттың басты белгісі – тіл. Ұлт болуы үшін тіл керек, тіл арқылы ұлт қалыптасқан соң барып ұлттық идеология пайда болатыны анық. Демек, тіл, ұлт, идеология деген ұғымдар бір-бірімен тығыз байланысты. Бірақ біздің елімізде тілдік саясат алға шығып тұрған жоқ. Ал ұлт болып ұйысу үшін тіл – идеологиялық темірқазық. Біздегі қостілділік, кейінгі үштілділік мәселесі өнердің идеология құралы болуына көлеңкесін түсіріп тұр. Тіл бірлігі болмаған жерде бірнеше тілде сөйлейтін халықтың бір мақсат жолында тізе қосып қимылдауы екіталай. Сондықтан біздің қазіргі меже – мемлекет азаматтарының бір тілде сөйлейтін халыққа айналуы. Онсыз біздің кино кімге қызмет етеді? Сол себепті бүгінгі қазақ киносы – идеологиялық жүгі жоқ, желіккен жұрттың көңіл көтеру құралына айналып кеткендей. Мысалы, биыл Қазақстанда отыздан аса фильм түсіріліпті. Ал соның, ары кетсе, үш-төртеуі ғана қазақ тілінде екен. Ал бұдан қандай идеологиялық мақсатты көруге болады? Оны тек ақша табу үшін жасалған жұмыс деуге болар. – Бүгінгі әлемдік киноиндустриядағы үрдістер және оның біздің киномызға тигізіп жатқан әсері жайында не айта аласыз? – Әр елдің киноға деген өзіндік мақсаты бар. Барлығы да кино арқылы өз мемлекетінің ұстанымын, халқының болмысын әлемге паш етіп келеді. Мысалы, АҚШ-тағы Голливудта жылына орташа 100-120 кино түсіріледі. Оның бәрі Америка тұрмысын, америкалық ұстанымды, америкалық көзқарасты үндейді. Негізінен кинотеатрға баратын жастар десек, АҚШ-тық кинолар жастарды еліктіретін кейіпкерлерді (мәселен, Терминатор, Өрмекші адам, Бэтман, Темір адам т.б) ойлап табады. Сол кейіпкерлерді ұлық қып әспеттеп, соның образына өзіндік ұстанымдарын сыналап енгізіп отырады. Сол арқылы көрермендердің миына өз мақсаттарын ақырын-ақырын сіңіре береді. Бұл – бізге келіп жатқан толассыз экспанция. Міне, осындай киносы дамыған алпауыт мемлекеттердің киноөнімдерінің астарында біз айтқан мүдде жатуы бек мүмкін. Дегенмен ол киноөнімдердің негізінде таза өнер жатады. Америкада кинодан гөрі киноиндустрия қатты дамығандықтан, ол ел бүкіл әлемді голливудтық өнімдермен жаулап, сол арқылы белгілі бір дәрежеде пайда түсіруді көздейді. Екінші жағынан, олар кинода таза формалық ізденістерге жиі барып, киноны өнер ретінде дамытуға күш салады. Қалай десек те, әлемдік кинодағы басты үрдіс – өзінің ұлттық, мемлекеттік киноларын жасау және өз ұстанымдарын әлемге тарату болып қала бермек. – Біздің кинода қазақ тілі мәселесі ақсап жатқаны айқын, киноларымыздың көбі орыс тілінде түсіріледі. Киноға үлкен аудитория іздейміз деп, қазақы сананы бұл өнерден алыстатып алмаймыз ба? – Әрине, бұл белгілі бір жағдайда үлкен түйткіл. Себебі кино – идеологияны дамытуға, таратуға зор пайдасы тиетін авангардтық өнер. Сондықтан онда мемлекттік тіл мәселесінің шешімін таппай жатуы қауіпті құбылыс. Өнер дамуының негізінде тіл жататынын бір сәт те естен шығаруға болмайды. Мысалы, біз бұрын кітап оқитын едік. Кітап оқу арқылы тарихымызды танып, өзіміздің жан-дүниемізге үңілетін едік. Ал бүгінде кітаптан гөрі визуалдық өнер алға шыққан кезде жастар барлық рухани азықты ойына экран арқылы сіңіретін болды. Демек, осыған дейін кітаптан алатынымызды енді киноэкраннан аламыз. Бірақ өкінішке қарай, экранда қазақ тілі жоқ. Тіл болғанның өзінде әсерсіз, аударма тіл. Ең қауіптісі осы! Егер тіліміз, сол арқылы жан-дүниеміз экраннан көрінбейтін болса, ұрпақ дүбәралана түседі. Рухани темірқазығынан адасып, тамырынан ажырай бастайды. Сондықтан бүгінде ұлт болмысын сақтауда үлкен идеологиялық күшке айналып отырған киноға қазақи таным-түсінік негізінде өнер туындысын жасай алатын қазақтілді, қазақша ойлап, қазақша жаза білетін жастар келуі керек. Әдебиетімізде қаншама типтік образдар бар, солардың бір де бірі біздің киномызда көрініс таппай жатыр. Оның себебі – біздің кино жасап жатқан адамдардың қазақи таным-түсініктен алыс болуы. Ол – ұлттық әдебиеттен алыс болу деген сөз. Біздің халық өз болмысын әдебиет арқылы таныған халық. Сондықтан біз әдебиет арқылы танып-білгенімізді кейінгі ұрпаққа танытуымыз керек. Ал бұл нәрсе кинода қалыс қалды. Қазір киномызда кім екені түсініксіз, дүбәралау, түсі ғана қазақ – тек режиссерлердің қиялынан туған кейіпкерлер пайда болды. Экрандағы гибрид кейіпкерлер оны көріп отырған жастардың ой-санасын гибридтік халге түсіруі мүмкін. Киномызда таза қазақ тілі үстемдік құруы керек деп отырғанымыздың мәні сол. – Бізде тарихи тақырыпқа түсірілген фильмдер, бірен-саран сериалдар бар. Дегенмен түрік, корей сериалдары сияқты елдің ықыласына бөленіп жатқаны аз. Біздің киношыларға сол дәрежеге жетуге не кедергі? – Бізде кино сәл кештеу дамыды. Ал сериалға келетін болсақ, сериал деген, бейнелеп айтқанда, киноның інісі ғой. Сериалға жету үшін алдымен киномызды өз дәрежесінде түсіре білуіміз керек. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді». Біздің киномыз сандырақтап, қай бағытқа бұрылуды білмей жүрген кезде, сериалымыз қайдан оңсын? Тарихи сериалды түсіру үшін үлкен дайындық, қыруар қаржы керек. Мысалы, түріктің әйгілі «Сұлтан Сүлеймен» атты сериалына екі миллиондай АҚШ доллары жұмсалса, соның бір сериалына жұмсалатын қаржыға біздің тұтас бір сериалымыз түсіріліп жатады. Сол себепті тарихи сериалды жасау үшін оған деген көзқарас бүгінгідей болмау керек. Білікті киномамандар тартылып, қабілетті киносценаристер, талантты актерлар еркін жұмыс істейтін жағдай жасалып, мол қаржы жұмсалса, ойдағыдай сериалдар жасауға болар еді. Шын мәнінде сериалдарымыз енді ғана қаз-қаз басып келе жатыр. – Біздің кино өнерімізде кәсіби киноактерлардың аздығы сезіліп тұр, ондағы рөлдерді көбіне-көп театр әртістері ойнап жатады. Сол сияқты бүгінгі киноға түсетіндердің көбі, қабілетінен гөрі бет-бейнесінің әдемілігі үшін ғана таңдалатын секілді... – Бізде кәсібилігі жоғары әртістер аз емес. Бірақ мына нәрсені есте сақтауымыз керек: театр мен кино – екі бөлек өнер. Кейде театр актерлары киноға жарамай қалады, киноактерлар болса театр сахнасына шығуға қабілетсіз болады. Сондықтан әр сала актерларына өзіне тиісті салаға қатысты баға беру керек. Ол үшін алдымен киноның атқаратын ісін, көтеретін жүгін – жанрлық ерекшелігін, бағыттарын ажырата білу керек. Мысалы, авторлық фильмдер түсіретін болсақ, кейбір авторлық фильмдердің табиғаты өмірге жақын болады. Яғни кейіпкер өмірде қалай сөйлесе, қалай жүріп тұрса – оны экранда солай көрсетуге тура келеді. Бұндай жағдайда сахна табиғатына үйреніп қалған және пафосқа бейімделген актерлар оны шығара алмауы мүмкін. Сондай жағдайларда авторлық фильмдерге театрдан актер алмайтыны рас. Кейде мынадай мақсатпен түсіріледі: кино түсіруші кейбір көшеден алып келген актерлардың өз деңгейінде ойнағанын қаламайды, яғни қандайда бір нәрсені жеткізбей тастайды. Тіпті, кәсіби шеберлігін жасырып тастайтын да кездер болады. Бұл да кинода өзіндік бір әдіс. Оны көрермендер кемшілік деп қабылдауы мүмкін. Бірақ ол арнайы мақсатпен жасалғандықтан кино заңдылығына қайшы емес. Әр актердің ойыны туралы айтқан кезде, ең бірінші, түсірілген дүниенің қандай бағытта, оның мақсаты не, оған қандай актерлық ойын әдісі лайықты, соны ажырата білу керек, содан кейін ғана оған баға беруге болады. Әрине, бізде Нұрмұқан Жантөрин, Асанәлі Әшімов, Есболған Жайсаңбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Досқан Жолжақсынов секілді театр мен кинода бірдей танылған актерлар бар. Алайда олар секілді кинода кең танымал болған актерлар аздау. Уақыт өте келе кино дамып, фильмдер көбейген сайын актерлар да көбейіп жатқандықтан олардың арасынан нағыз кәсіби киноактерларды тану халыққа да оңай тимей отыр. Бірақ заманауи кинода әлемге танылып жатқан киножұлдыздар да жоқ емес. Мәселен, кеше ғана 71-рет өткізілген Канн фестивалінде ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильміндегі басты рөлі үшін «Үздік әйел актриса» номинасын жеңіп алған Самал Еслямова – шын мәнінде талантты актриса. Бұл біздің киноактерларымыздың әлемдік деңгейде бағаланып жатқанының дәлелі. Бұдан бұрын С.Дворцевойдың «Тюльпан» деген фильмінде Самалдың орындаған рөлін көргенмін. Онда мынадай бір сцена есімде қалып қойыпты: камера бір нүктеден екінші, үшінші нүктеге барып келгенде басты рөлдегі қыздың көзінен жас шығады. Бұл өте есептелген ойын. Бұл дегеніңіз кез келген сәтте образға кіріп, керек қимылды әп-сәтте жасай алатын шеберлігі толысқан актрисаны танытады. Мен сол кезде оның шеберлігіне таң қалғанмын, оның болашақта үлкен жетістікке жететініне күмәнданбағам. Шынымен де солай болды. – Жасыратыны жоқ, елімізде кинорежиссерлердің ісіне халықтың көңілі толмай жатады. Жалпы, киноөнерде шеберлік пен патриотизмді ұштастыру арқылы нағыз халықтық өнер туындысын жасау бізге неге бұйырмай тұр? – Бізде неге аз? Өйткені киноға ұлттық құндылықтардан алыс адамдар келіп жатыр. Өзінің ұлтына тән ештеңені экраннан көрмегеннен кейін халықтың қарны ашады. Яғни, киноөнерінен өздеріне рухани азық боларлық нәрсе таппаған халықтың «Бізде кино жоқ» деп ашынуы заңды. Неге біз режиссерларға риза болмаймыз? Бізде мемлекеттік тұрғыдан кинорежиссураға деген реформа керек сияқты. Мен мынаны айтар едім: әдебиетке қандай талап қойылса, дәл сондай талап біздің киноға қойылуы тиіс. Мысалы, біздің әдебиетке келетін адам қазақ тілін жақсы білмесе, сол тілде жасалған үздік әдеби шығармаларды толық оқып, бойына сіңірмесе ол жақсы шығарма жаза ала ма? Әрине, жоқ. Мен көрермендерге киноны тану үшін мынадай бір тәсілді айтар едім: көріп отырған киноңызды әдебиет ретінде көзіңізге елестетіп көріңізші, сонда оның шикілігі бірден көзге ұрады. Мәселен, кинода киіз үйді көрсетіп жатыр, басқұры туырлықтың сыртынан байланған. Ал әдебиетте басқұрдың кереге мен уықтың түйіскен жерінен тартылып, киіздің астында қалып, киіз үйдің ішіндегі адамға көрінетіні дәл жазылады. Міне, осындай қарапайым ғана нәрсені көрермен не киносыншы көріп қояды да, сенің жасаған дүниеңе қарамай қояды. Осындай кинодан көретін талай қисынсыздықты әдебиеттен таба аламыз ба? Жоқ. Өйткені әдебиет бізде қалыптасқан. Әдебиет бізде бақылауда. Оны қарап отырған, оның табиғатын ұғып, заңдылықтарын түсіндіріп отырған адамдар бар. Ал киноға келгенде осы талаптар әдірем қалады. Көреді, жанына жақпайды, бірдеңе ұнамайды, бірақ ненің ұнамайтынын айта алмайды. Ал сол көрермен сезсе де, тіліне түспей тұрған нәрсе ұлт еді. Ұлт жоқ еді кинода! Көрерменнің жанындағы нәрсе экраннан көрініп тұрған жоқ еді. Бірақ оны көпшіліктің оны түсіндіріп беруге тілі жетпей жатады. Ал сол нәрсе әдебиетімізде бар. Біздің киногерлеріміз әдебиетке дайындықпен келген ақын-жазушылардай киноға дайындықпен келмейді. Сондай дайындық болмағасын біздің ұлттық киноның өркендеуі қиын. Жастар киноға ұлттық болмысын танып келмесе – үміттену бекер. Жастарды театр және кино институтына алады, ол бірнеше кино көрген, бірақ қазақша түк білмейтін адам не қазақша мектеп бітірсе де ұлтының салт-дәстүрін, шұрайлы тіл байлығын игермеген адам болып шығады. Ол оқуға түседі, бітіреді. Киноға келеді. Ол адамға тарихи кино түсіру жүктеледі. Сонда не болады? Ол кино түсіру техникасын игерген адам, бірақ ол өзінің ұлтын осыған дейін түсірілген дүбәра фильмдер арқылы таныған адам. Егер ол әдебиет арқылы таныған болса, онда ұлттық мәдениеттің тұмасынан қанып ішкен адам болар еді. Ондай адам ұлтының жан-дүниесін экранда толық таныта алар еді. – Қазақ қинотанушыларын, сыншыларын халық біле бермейтін тәрізді. Сын, талдау болмаған жерде өнердің өрістеуі мүмкін бе? – Бізде кино сыны бар. Марқұм Бауыржан Нөгербек ағамыз болды. Үлкен киносыншы, профессор еді. Сол кісі осы қазақ киносының хал-жағдайын ойлаған себепті киносыншылардың басын біріктіріп жұмыс істеп, көптеген шәкірттер дайындаған-ды. Сол сияқты тұлғалы сыншыларымыздың бірі Гүлнәр Әбікеева да қазақ киносынына зор үлес қосып келеді. Қазірде Нәзира Мұқышева, Гүлжан Наурызбекова, Инна Исмаилова, Гүлнәр Мүрсәлімова, Молдияр Ергебеков, Гүлзат Көбек, Баубек Нөгербек, Ержан Жұмабеков, Дана Әмірбекова секілді кинотанушылар бар. Олардың бәрі де бүгінгі қазақ кинолары жайында пікірлерін білдіріп жатады. Жалпы, қай өнер саласын болса да талдап, таразылап отыратын сыншылары болмаса, ол сала дамымайды. Қазақ киносыны да әдебиетіміздегідей сынай білудің, талдап-таразылаудың биігіне көтеріле алса, киномыздағы бүгінгі олқылықтар мен кемшіліктердің болашақта жолы кесіледі ғой деп ойлаймын. Әдебиетіміз бен музыкамыздағы ұлттық рух киномызда да жалауын желбіретсе, заманауи өнер мемлекетіміздің, болашақ ұрпақтың игілігі үшін қызмет ететін құдіретті күшке айналары сөзсіз. – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ