Жаңалықтар

Қазақ-өзбек форумы: Кәсіпкерлер өрісі кеңеймек

ашық дереккөзі

Қазақ-өзбек форумы: Кәсіпкерлер өрісі кеңеймек

Соңғы кезде Өзбекстан мемлекеті ашық пен жариялылыққа бет бұрып келеді. Көрші жатқан елдермен байланысын арттыруға тырысқан елдің бүгінгі беталысы жаман емес. Оған екі елдің арасында экономикалық әріптестіктің дамып, көлік қатынасының дұрыс жолға қойылуы нақты дәлел. Ал жақында Шымкентте өткен Қазақстан – Өзбекстан бизнес-форумы да іскерлік қарым-қатынасты айқындай түсті.  Бизнес-форумға қатысушы өзбекстандық делегацияны Өзбекстанның Сыртқы сауда министрінің орынбасары Сохиб Саифназаров пен сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Адхам Икрамов бастап келді. Оларды жылы қабылдаған облыс әкімі Ж.Түймебаев бизнес-форумның Оңтүстік жерінде өткізіліп жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Облыс басшысы бұл өзара іс-әрекеттер жақын болашақта нәтижесін береріне сенім білдірді. – Біздің облыс Өзбекстанмен шекаралас. Бұл өз кезінде экономиканың барлық саласында екіжақты қатынастарды дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан мен Өзбекстан басшылары 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялады. Бүгінде біздің аймақ пен Өзбекстан арасында шекаралық ынтымақтастық дамып келеді. 2017 жылдың 15-16 қыркүйегінде Ташкентте Қазақстан – Өзбекстан бизнес-форумы өтті. Аталған жиынға Оңтүстік Қазақстан облысынан 150-ден астам мемлекеттік және жеке ұйымдар қатысты. Форум барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Ташкент, Сырдария және Жизақ облысы әкімдерінің арасында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын, – деді аймақ басшысы. Өзбек делегациясымен болған екіжақты кездесуде сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытып, тауар айналымды арттыруға бағытталған бірлескен жүйелі жұмыстарды атқару жайы сөз болды. Мәртебелі мейман Адхам Икрамов екі елдің ғасырдан бері жалғасқан достық қарым-қатынасы одан әрі жандана түсетінін айтып, бүгінгі өтіп жатқан іскерлік жиында ОҚО кәсіпкерлері мен өзбекстандық бизнесмендер арасында сауда-экономикалық байланыс нығая түсетініне сенімді екенін жеткізді. Форумға екі елдің елшілері Ерік Өтембаев пен Саидикрам Ниязходжаев, Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев пен 400-ден астам қос елдің кәсіпкерлері қатысты. Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы бұл басқосу бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығының артуына мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ, өңірдің экономикалық мүмкіндіктеріне тоқталды. Одан кейін сөз алған Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Адхам Икрамов, Өзбекстанның Сыртқы сауда министрінің орынбасары Сохиб Саифназаров және Қазақстан Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бірлескен бизнес жобалар мен инвестициялық ұсыныстар жайында ынтымақтастықты дамытуды сөз етіп, экспорт пен импорт бойынша үшінші елдерге кіру жайын талқылады. Бизнес-форум кезінде екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен В2В форматында келіссөздер жүріп, бірқатар бағытта іскерлік әріптестікті дамыту мақсатында екіжақты құжаттарға қол қойылды. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қатынас қарқынды дамып келеді. Мәселен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша екі елдің тауар айналымы 11,7 пайызға артты. Ал осы жылдың соңғы үш айының көрсеткіші бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстан арасындағы тауар айналым 125,7 млн АҚШ долларын құрап отыр. Сонымен қатар Оңтүстіктен Өзбекстанға 73,1 млн АҚШ доллары болатын өнім экспортталса, ол жақтан бізге 52,5 млн АҚШ доллары көлеміндегі тауар импортталған. Қазіргі уақытта ОҚО-да өзбек капиталымен инвестициялық жобалар іске асырылуда. Мысалы, өткен жылы Бадам индустриялық аймағында газ плиталарын өндіру бойынша цех ашылды. Бұдан басқа, Шымкенттегі индустриалды аймақта инвестиция көлемі 8,6 млн АҚШ доллары болатын битум зауыты салынып жатыр. Оңтүстік Қазақстанда осындай жобаларды жүзеге асыру үшін жалпы ауданы 959 гектарды қамтитын 11 индустриалды аймақ, сондай-ақ, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен Көлік және логистика аймақтары бар. Оңтүстік Қазақстан облысында өткен Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумында 62 млн АҚШ долларынан астам сомадағы 8 құжатқа қол қойылды. Былайша айтқанда, оңтүстік өңір Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасындағы» төртінші бастама – шағын несие беруді көбейту ісіне ерекше ден қойып келеді. Мұнда өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлер көп. Яғни, жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несиеге қол жеткізу тиімді тетік саналатынын әу бастан білетіндер еңбектің көзін тапқан. Сондықтан оңтүстік аймақ кәсіпкерлері өрісін кеңейтіп, көрші елдермен әріптестік орнатып жатса, құба-құп.