Жаңалықтар

Елбасы айтқан бес басты мегатренд

ашық дереккөзі

Елбасы айтқан бес басты мегатренд

ТІЗГІНҚАҒАР СӨЗ

Астанада үш күнге созылған халықаралық экономикалық форум табысты аяқталды. Оның жұмысына Нобель сыйлығының лауреаттары, экономикалық және саяси мәселелерге байланысты орынды ой-пікір айтатын аузы дуалы, əлем мойындаған əйгілі сарапшылар мен саясаттанушылар, бизнестің жай-жапсары мен ұңғыл-шұңғылын жақсы білетін кәнігі кәсіпкерлер қатысты. Бұл алқалы жиын игі дәстүрге айналғанын атап өткен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Он бірінші рет өткізіліп отырған бұл форум экономиканың, инвестицияның және инновацияның мейлінше өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Биылғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастырады. Сəйкесінше, форумда осы салалардағы білікті мамандар жиналып отыр. Олардың сөзін тыңдау, ұсыныстарын пайдалану біз үшін қашанда маңызды», – деді. Қазақстан Президенті сонымен бірге өркениеттің жаңа жаһандық трансформациясына тоқталып, ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Бірінші – адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, екінші – энергетикалық революция, үшінші – жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, төртінші – урбанизацияның қарқыны мен сипаты, бесінші –  жаһандық еңбек нарығының өзгеруі. Елбасы көтерген бұл мәселелер қазіргі алмағайып уақытта әлемнің барлық дерлік елдерін күндіз-түні алаңдатып, маза бермей отырғаны мәлім. Қазақстан Президентінің тұжырымдары, форумға қатысушылардың пікіріне қарағанда, әлем елдері үшін өте өзекті. Осы ретте халықаралық сарапшылар Қазақстан Президенті ұсынған бес маңызды трендті әлемді біріктіруші батыл бастама деп баға берді. «Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана экономикалық форумында жария еткен 5 мегатренді Қазақстан, АҚШ, Қытай, Ресей үшін, жалпы барлығы үшін өзекті. Онда Үкіметтің де, бизнестің де алдында тұрған міндеттер қамтылған», – деген ой білдірді БҰҰ Даму бағдарламасының бас стратегиялық кеңесшісі Бен Слэй. «Нұрсұлтан Назарбаев – ғаламдық ой өрісі терең саясаткер. Аталған мəселелерден Қазақстанның ғаламдық түйткілдерге бейжай қарамайтынын, халықаралық қарым-қатынаста өзара ынтымақтастықты нығайту жөніндегі көрегендігін байқаймыз», – деді Ресей, Шығыс Еуропа жəне Орталық Азияны зерттеу институтының қызметкері, қытайлық сарапшы Чжао Хуэйжун.

 ЕҢ МАҢЫЗДЫ  ТРЕНД– ЦИФРЛАНДЫРУ

 Қазақстан Президенті айтқан бірінші мегатренд – цифрландыру. Бұл бүгінгі таңда адамзат өмірінің барлық саласында өте өзекті және маңызды мегатренд. Онсыз алға басу әсте мүмкін емес. Цифрландыруды жан-жақты жүргізу арқылы қай елдің болсын экономикалық хал-ахуалы жаңа сапалық деңгейге көтерілетіні айдан анық. Оны күнделікті өмірде көріп жүрміз. Елбасы осыны алға тартты. – Көз алдымызда экономиканың жаңа моделі қарқынды түрде құрылуда. Бизнес қана емес, сонымен қатар қоғамның барлық салалары цифрландырылуға бет алды. Жаңа технологиялардың қарқынды дамуы базалық факторларды өзгертеді. Қазір өндірісті қадағалайтын əрі жақсарта алатын, өзін-өзі жетілдіретін электронды жүйелер үйреншікті құбылысқа айналып келеді. 2030 жылға қарай жасанды интеллект əлемдік экономиканы 16 трлн долларға арттырады, – деді Н.Назарбаев. Қазір «криптовалюта, блокчейн технологиялары» деген терминдерге құлақ қаныға бастады. Қанығып ғана қоймай, қаласақ та, қаламасақ та, бұл күнделікті өмірімізге де еркін еніп келеді. Бұл әлемнің көптеген елдеріне тән жағдай. Өйткені криптовалюталар феномені мен блокчейн технологиясының жолын бөгеу, қарсылық білдіру мүмкін болмай қалатын түрі бар. Қазіргі қарқынына қарағанда, келешекте банктерді де барынша қамтып, қаржы нарығына түбегейлі өзгеріс əкелуі әбден мүмкін. Сондықтан әлем осыған әзір болуы тиіс. Мұндай жаһандық өзгерістер азуын айға білеген алпауыт компаниялардың өзін әлемдік нарықтан ығыстыруы ғажап емес. Бұл, біздің емес, атақты экономикалық сарапшылардың пайымы. Олардың болжамына қарағанда, алдағы он жыл ішінде əлемдегі 500 ірі компанияның 200-і жойылып кетеді. Қазақстан Президенті экономиканың жаңа цифрлы моделінің нəтижесі оның ұлғаюына ғана емес, сондай-ақ, 2017 жылы бизнес үшін ең қауіпті деп танылған киберқауіпсіздіктің артуына да байланысты екенін айтты. Сондықтан осының бәрі ойландырмай қоймайды. Бұл жағдай өмірлік өзгерістерді ерекше елеп-ескеріп, қарқынды даму ағынынан қалыс қалмай, нақты қадамдар жасау қажеттігін айқын аңғартады. Бұл бағытта елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы белсенді түрде қолға алынғаны жұртшылыққа жақсы мәлім. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру Қазақстанда цифрлы инфрақұрылымның дамуына даңғыл жол ашады. – Біз жаңа жағдайға бейімделіп келеміз. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру арқылы елімізде цифрлы инфрақұрылымның жəне ІТ-экожүйесінің дамуы қамтамасыз етіліп, тұрғындардың 85 пайызының цифрлы сауаттылығы артады. Біз жаңа технологияларды қолдана отырып, 5 жыл ішінде өңдеу секторындағы еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді Елбасы. Қазақстан Президенті ортаға тастаған ұтымды ұсыныстарға байланысты форумға келген мәртебелі меймандар да қарап қалған жоқ, көзқарастары мен пікірлерін бүкпесіз білдіріп жатты. «Қазақстандағы цифрландырудың болашағы зор. Себебі дұрыс тәсіл таңдалып, басымдықтары алдын-ала анықталған. Ендігі жерде зор сенім мен мықты мамандар тобы қажет. 2030 жылға таман жасанды интеллект әлемдік экономиканы 16 трлн долларға арттыратынын ескерсек, цифрландыруға көшудің маңызы зор», – деді Ұлыбритания үкіметінің технологиялар бойынша кеңесшісі Лиам Максвелл. Цифрландыру бойынша жұмыс дұрыс жүргізілсе, мемлекетке пайда зор. Біріншіден, Үкімет қаражатты үнемдеуге қол жеткізеді, екіншіден, халық үшін жұмыс істейді. Оларға жұмыс орындарын тауып береді. Үшіншіден, цифрландыру еңбекақыны өсіруге жол ашады.Ұлыбританияда орташа жалақы жылына 25 000-27 000 фунт стерлинг болса, цифрлы экономикада – 41 мың фунт. Қазіргі таңда Ұлыбритания экономикасының 15 пайызын цифрлы экономика құрайды. Оның өсу қарқыны экономиканың өзге бөліктерімен салыстырғанда екі есеге жоғары.

 АСТАНА – ИНВЕСТОРЛАРҒА АШЫҚ

 Қазақстанның елордасына биыл – 20 жыл. Осы уақыт аралығында қала қанатын кең жайып, алып құрылыстар мен еңселі тұрғын үйлер бой көтеріп, сәулетті шаһарға айналды. Астаналықтардың саны миллионнан асты. Елордада халықаралық маңызы зор алқалы басқосулар жиі өте бастады. Жалпақ әлем қазір Астананы жақсы біледі. Қазақстанның бас қаласының қазіргі қарқынды дамуына инвесторлар да қызығушылық танытып отыр. Олар қаржысын Астанаға құюға ынталы. Себебі Астана үлкен қаржы орталығына айналатынына сенімді. Экономикалық форумға келген мәртебелі меймандардың басым бөлігі республика елордасы қарқынды дами береді деген көзқараста. Өйткені олар 20 жыл ішінде Астананың қаншалықты алға кетіп қалғанын қадағалап отыр. Басқасын айтпағанның өзінде, халықаралық экономикалық форумның дәстүрлі түрде Астанада өткізілуінің өзі көп жайтты аңғартса керек. Ал елордада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ыстығы әлі басыла қойған жоқ. Бұл көрме Астананың абыройын асқақтатқаны айдан анық. Экономикалық форумда да бас қаланың бүгіні мен болашағы жайлы жағымды пікірлер айтылды. Қазақстан Президенті де әлем көз тіккен халықаралық көрменің енді халықаралық қаржы орталығына айналғанын тілге тиек етті. Астана инвесторлар үшін ашық екенін айтты. Бірлесе тиімді жұмыс істеуге шақырды. Сонымен бірге форумға келген мəртебелі меймандарды осы қаржы орталығының ресми ашылу салтанатына қатысуға шақырды. – Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздерді аталған қаржы орталығының ағымдағы жылғы 5 шілдеде өтетін ресми ашылу салтанатына шақырамын, – деді Қазақстан Президенті. Форум барысында «Жасыл технологиялар жəне инвестициялық жобалар халықаралық орталығының» да таныстырылымы ұйымдастырылды. Бұл орталық та «ЭКСПО-2017» базасында құрылған. Негізгі міндеті – алдымен Қазақстанда, онан кейін Орта Азия елдерінде технологияларды дамыту арқылы әлем жұртшылығын қатты алаңдатып отырған экологиялық проблемаларды шешу. Орталықтың ұстанған бағыты – энергетикалық секторды трансформациялау, трансферт жəне жаңа технологиялар мен үздік тəжірибелерге айрықша назар аудару. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура, Францияның индустрия, энергетика жəне цифрландыру жөніндегі министрі Эрик Бессон, тағы да басқа танымал саясаткерлер бұл орталықтың болашағы зор екенін айтып, жоғары баға берді.