Жаңалықтар

ХV Еуразия медиа форумы: құбылмалы дүние және өзгеріс әкелген әлем

ашық дереккөзі

ХV Еуразия медиа форумы: құбылмалы дүние және өзгеріс әкелген әлем

XV Еуразиялық медиа форумның шымылдығы Алматы төрінде түрілді. Әлемнің алпыс елінен келген алты жүзден астам делегат пен БАҚ өкілдері осы кезеңдегі ең маңызды мәселелер жайында ашық диалог өрбітіп, ғаламдық жайттарды сарапқа салды. Дүниежүзі саясаткерлері мен журналистерін, өнер майталмандары мен ғалымдарын, экономист, бизнесмен, халық қалаулылары мен Нобель сыйлығы лауреаттарының басын қосатын Еуразиялық медиа форумның осы жылғы тақырыбы «Эволюцияның 15 жылы: құбылмалы дүние және бізге өзгеріс әкелген әлем» деп аталды. Форум барысында жақын және алыс шетелдің әлемдік деңгейдегі медиа сарапшыларының тақырыптық шеберлік дәрістері өтті.

«МОБИЛЬДІК ЖУРНАЛИСТИКАДАН ӘЛЕУМЕТТІК ВИРТУАЛДЫ ШЫНДЫҚҚА ДЕЙІН»

Форумның алғашқы шеберлік дәрісін Ұлыбританиядан келген спикер Юсуф Омар өткізді. «Hashgtag our stories» негізін қалаушы ретінде танымал маман «мобильді журналистикаға қарқынды көшіп жатқан елдер болашақта әлеуметтік виртуалды шындыққа өтеді» деген ойын жеткізді. Сондай-ақ, Юсуф Омар мырза 2020 жылы ұялы байланыс қосымшалары арқылы журналистика тағы бір сатыға көтерілетінін айта келіп, өз пікірлерін дәлелдеп те берді. Форум қатысушыларының көзалдында ұялы телефонын қолға алып, әлемде болып жатқан жайттарды виртуалды шолып шықты. Яғни, қосымша бағдарлама арқылы кез келген азамат тікелей эфирге шығып, жергілікті аймақта болып жатқан оқыс оқиға немесе төтенше жағдайды күллі әлемге тарата алады. Ал сіз үйден шықпай-ақ соңғы жаңалықтарға қанық боласыз. Бұл өз кезегінде ақпараттың жеделдігін арттырып, сөз бостандығына құрметті күшейтеді, тіпті репортаж жасау кезінде оқиғаға қатысушы бойындағы цензураны жойып, ойындағыны ашық айтуға септігін тигізеді екен. Юсуф Омар бұл тәжірибені бірнеше жылдан бері қолданып келе жатқанын айтты. Небәрі 30 секунд ішінде сахнада тұрып, Еуразиялық форум жөнінде қысқаметражды репортаж түсіріп, оны монтаждап, әлеуметтік желіге жүктеп те үлгерді. Сөзі мен ісі үйлескен спикер ұялы телефонның мүмкіндігі жоғары екендігін алға тартты. Өз сөзін қорытындылай келе «БАҚ-ты түбегейлі өзгерткен ақиқат әлеміндегі видео мен виртуалды шындық өздігінен «алтын кеніш» бола қойған жоқ. Бірақ осы екеуін біріктірсе, бүкіл кеңістік қарқынды түрде қозғала бастайды. 5G интернет пен шындықтың нүктесі түйіскенде нағыз дауыл пайда болады», – деді. Hashgtag our stories ұялы телефонның көмегімен адамдардың өздерінің қатысқан оқиғасын баяндауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар тәуелсіз қауымдармен жұмыс істеп, қазіргі ақпарат агенттіктеріндегі мобильдік журналистиканың гиперлокалдық жобаларын жасап келеді. Сол арқылы жаңалық тарату әдістері көбеюде.

 «ҚАУІПТІ АЙМАҚТАН РЕПОРТАЖ ЖАСАУ»

Мобильді журналистика мен виртуалды шындық сахнасынан кейінгі шеберлік сабағы қауіпті аймақтан репортаж жасау шеберлігіне ойысты. Британдық әйгілі Би-би-си корпорациясында 14 жыл жұмыс істеген танымал журналист Шахида Төлегеновамен форум қатысушылары арасында диалог өрбіді. Әскери тілші, продюсер, режиссер Шахида Өзбекстан тумасы. Бүгінде Англияға қоныс аударған. Өзбек билігімен ертеректе болған арадағы кикілжіңнен кейін елге оралуға дайын еместігін жеткізді. Саяси, әлеуметтік, рухани, мәдени, сондай-ақ, жеке сұрақтар да қойылды. Оның Украинада жасаған репортаждары талқыға түсті. Бүгінде өзгеріске ұшырап отырған соғыс сипаты мен дәстүрлі әскер жайын, олардың белгілі бір діни, этникалық немесе саяси топтарға бөлінетінін тіліне тиек еткен Шахида қарулы топтармен жұмыс істеуде кездесетін қиындықтар мен қызықты жәйттарды сөз етті. «Қарулы алаңда жұмыс істеудің үш қаупі барын жасырмаймын. Оның алғашқысы – оқ сенің тілші екендігіңе қарап жатпайды. Кез келген уақытта денеңнің бір жерінен табылуы мүмкін. 2017 жылы 81 журналист оққа ұшып, қаза тапты. Қандай тәуекелді жұмыс екендігін білсеңіздер еді», – деп бір күрсініп алды. Психологиялық соққы оқ тигенмен бірдей болатынын да жеткізді. Бірнеше рет бүлікшілер қолына да түсіп, одан қалай сытылып шыға білгенін айтқан ол кеңестерімен бөлісті. «Төтенше жағдайға тап бола қалғанда эмоцияға берілмеу керектігін, салмақты қалпыңды бұзбай кіммен болса да, ашық сөйлескен дұрыс», – деді.

«БАЙҚОҢЫРДЫҢ ӘСЕРІ»

Корольдік астрономиялық қоғамның мүшесі, Лондондағы Ғылым мұражайының елшісі, журналист Тира Шубарттың тұсаукесері ғарышты игерудегі тарихи сәттерді бейнелейтін видеороликтер мен кадрларды қамтыды. Қарқынмен дамып келе жатқан ғарыш зерттеулері әлемі біздің планета, күн жүйесі мен ғаламшар туралы түсінігімізді өзгертуде. Байқоңыр әсері жайындағы Тира Шубарттың шеберлік сабағынан кейін  «Оқшау бұқаралық медиа. Сандық дәуірдегі конвергенттік журналистика» тақырыбымен сахнаға «Select Communication Group» басқарушы директоры Виктор Елисеев шықты. Авторлық шеберлік дәріс медиа саласындағы маңызды тенденциялардың бірі – БАҚ «диджитализациясы» және аудиторияға қажет ақпараттық өнімді құрудың жаңа тәсілдерін қалыптастыру жөнінде болды. Спикер шеберлік дәрісі барысында заманауи мультимедиалық журналистиканың жаһандық мәселелерін қарастырып, БАҚ үрдістері, Digitial дәуірдегі медианың бүгінгі форматтары туралы айтты. Сонымен қатар арнайы бөлімде БАҚ-тың кез келген саласында журналист білуге тиіс тәжірибе мен кәсібилік туралы тақырыптар қамтылды.  CNN телеарнасы халықаралық жобалар бойынша шығарушы редактор Райан Смит жаңалықтар әлемінің келешегіне тоқталды. Фейк-жаңалықтар дәуірінде сенімге ие бренд рөлі, сондай-ақ, тар өрісті аудиторияны құлақтандыру және сәйкестендіруге арналған мағлұматтарды компанияның қалай пайдаланатыны жөнінде әңгіме болды. Оның ізін ала «БҰҰ-әйелдер» құрылымдары қоғаммен байланыс жөніндегі үйлестірушісі Гизем Йарбил Гүрол «БАҚ-тың гендерлік тепе-теңдігі» тақырыбында өз ойын ортаға салды. Гизем ханымның пайымы, «Журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы әйелдер мен ерлердің  қызметін теңестіріп, тепе-теңдік орнатқан кезде жаңа мүмкіндіктер ашылады» деген оймен сабақтасып жатты. P.S: Форумның екінші күні Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, EAMF Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның құттықтау сөзімен ашылды. Қала басшысы Бауыржан Байбек: «Мерейтойлық форумның Алматыда өтіп жатқаны біз үшін үлкен мәртебе. Форум күнтізбесінде белгілі журналистер, сарапшылар, саясаткерлер ғаламдық дамудың өзекті мәселелерін талқыға салуда», –  дей келе, форум қатысушыларына сәттілік тіледі.

 Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН