Ескерткіштердің 3D картасы әзірленеді
Ескерткіштердің 3D картасы әзірленеді
Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аймақта орындалуы туралы баспасөз конференциясы өтті. 2017 жылы бағдарлама аясында Сыр өңірінде 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, 79 жоба жүзеге асырылды.
Бүгінде Қызылорда қаласының сол жағалауы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Жаңа қалада 1925 жылы ұлтқа «қазақ» атауын қайта беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық атқару комитетінің бұрынғы ғимараты архивтегі сызбалар бойынша қайта салынды. Онда Рухани жаңғыру орталығы орналасады.
Облыста киелі жерлердің тізімі бекітілді. «Цифрлы Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қызылорда облысынан жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне 12, өңірлік киелі нысандар тізіміне 35 тарихи-мәдени ескерткіш енгізілді. Интерактивті карта республикалық және жергілікті маңызы бар 150 ескерткішті қамтитын болады. Сондай-ақ, олардың ішінде Қазақ хандығының алғашқы астанасы – Сығанақ қаласы мен өңірдегі 6 киелі орын – Жанкент, Сортөбе, Жент, Шірік-Рабат қалашықтары, Кердері кесенесі. Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің 3D картасы 2018 жылдың 1 қарашасына дейін жасақталады.
Бірінші кезекте ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміндегі және республикалық, жергілікті маңызы бар 9 ескерткіш енгізілетін болады. Олар – Қорқыт Ата кешені, Ортағасырлық Жент қалашығы, Ежелгі Шірік-Рабат қалашығы, Ортағасырлық Сығанақ қалашығы, Кескенкүйік қалашығы, Жетіасар мәдениеті ескерткіштері, Бәбіш Молла қалашығы, Ортағасырлық Жанкент қалашығы, Сауысқандық петроглифтері.
Қармақшы ауданында орналасқан Қорқыт ата мемориалдық кешені мен өткен жылы кешен жанынан ашылған этноауыл отандық және шетелдік туристерді ерекше қызықтыратын нысан. Естеріңізге сала кетейік, түркі әлемінің абызына арналған бұл кешен 1980 жылдары бой көтерген. Елбасының тапсырмасына сәйкес 2014 жылы нысан қайта жаңғыртудан өткізіліп, жанынан зиярат ету орталығы ашылды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автомагистралінің бойында орналасқан кешенге келуші туристер қатары көп, әсіресе, «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде кесенені көруге ниеттілер саны артты.
Аймақта халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық музыкалық өнер фестивалін өткізу дәстүрге айналды. 4 жыл қатарынан өткізіліп келеді. 2017 жылы фестивальге Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Тува, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Англия, Түркия, Қытай және Қазақстанның зерттеуші ғалымдары, өнерпаздар қатысты. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Қасиетті Қазақстан және археология» залы ашылып, аймақтағы 12 музейдің экспозициялары жаңаланды. Ал Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі биылғы жылдың 25 мамыры мен 3 маусымы аралығында Қызылордада «Шахнама» атты ирандық көрмені өткізбек.