Жаңалықтар

Қазақстандықтар қажылыққа қажымай баратын болды

ашық дереккөзі

Қазақстандықтар қажылыққа қажымай баратын болды

Қыркүйек айынан бастап отандастарымыз Меккеге тікелей әуе рейсі арқылы ұшатын болады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) сайтында хабарланды. «Кеше ҚМДБ Қажылық Миссиясының өкілдері Сауд Арабия Қажылық министрлігінің лауазымды қызметкерлерімен кездесу өткізіп, қажылық сапарына қатысты туындаған кейбір мәселелер төңірегінде келіссөздер жүргізді», – делінген хабарламада. Қазақстандық делегация бұған дейін туындаған ұшу кестесінің қолайсыздығы, қажылық сапарының 30 күнге созылуы, тікелей рейстің болмау себебінен халықаралық әуежайларда 16 сағатқа дейін күту, билет бағасының көтерілуі сияқты мәселелерді шешуге барын салды. Күні бүгінге дейін Жидда қаласына тікелей рейстің болмауына байланысты Қазақстан қажылары Түркияның, Біріккен Араб Әмірліктері әуежайларының қонақ үйлерінде немесе күту залында 16 сағатқа дейін өз рейстерін күтетін. Саудия билігінің қажылық ережелеріне өзгерістер енгізу нәтижесінде Қазақстан қажылары үшін тікелей рейстердің кестесі бекітілді. Қажыларды тасымалдау жұмысын Сауд Арабия Корольдігі мен Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті арасында қабылданған меморандум бойынша белгіленген арнайы әуе компаниялары жүзеге асырмақ. Бұған дейін отандастарымыз транзиттік рейстермен бір күнге жуық уақытын, дәлірек айтқанда, 14-16 сағатын жолға шығындаса, енді 6 сағаттың көлемінде қасиетті қалаға баруға мүмкіндік алды. Игі бастама ең әуелі уақыт пен қаржыны үнемдеуге оң ықпал етеді. Енді бесінші парызын өтеуші азаматтар тура Мекке қаласына қонатын болды. Қажылық сапарының 30 күнге дейін ұзақ мерзімге созылу мәселесі де Сауд Арабиясында өткен келіссөздер нәтижесінде 17-22 күнге қысқарды. Осыған байланысты қажылыққа жұмсалатын қаржы көлемі де азаяды. Естеріңізге сала кетейік, биыл мұсылман қауымның қажылық сапары 2015 жылдың 11 қыркүйегінен басталады. Қазақстаннан Жиддаға баруға ниет етушілер Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан тікелей рейспен сапар шегеді.