ҚазҰПУ қашан құрылған?
ҚазҰПУ қашан құрылған?
Жақында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Қазақстандағы жоғары білім жүйесінің қалыптасуындағы ұлт зиялыларының рөлі» деген тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті. Дөңгелек үстелде белгілі тарихшы-ғалымдар Мәмбет Қойгелді, Хангелді Әбжанов, Зиябек Қабылдинов, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің проректоры Ғабит Кенжебаев, академик Бақтияр Сманов, алаштанушы-ғалым, Лев Гумилев атындағы Еуразия ҰУ-нің проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы және «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері, белгілі журналист Жақсыбай Самрат, тағы басқалар бас қосып, өз ойларын ортаға салды.
Тақырып тосын болғанымен, мұндағы талқыланған негізгі пікірсайыс – соңғы кездерде баспасөз беттерінде жарияланып жүрген Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы ҚазҰПУ-нің (ҚазПИ, АГУ) биыл 90 жылдығы ма, әлде 100 жылдығы ма деген мәселеге арналды. Жиынды жүргізіп отырған университеттің бірінші проректоры Мақтағали Бектемісов осы басқосудың түпкі мақсатын түсіндіре келіп, алғашқы сөзді белгілі ғалым Мәмбет Қойгелдіге берді. Ол бүгін көтеріліп отырған мәселенің маңыздылығы туралы өз ойын айта келе, оған басқаша қырынан қарауға ұсыныс жасады, яғни оқу орнының қашан, қай жерде ашылған тарихын емес, жалпы жоғары білімнің қалыптасу, сапасының арту жолдары тұрғысынан саралап бағалау керектігіне тоқталды. Оның дәлелдеуінше, егер батыстық жоғары оқу орындары өздерінің тарихын колледжден бастайтын болса, оларда жоғары білімнің шарты соған сай келіп тұрғандықтан екен. Ал біздегі жоғары оқу орнының ашылуын педагогикалық училищеден бастауға болмайды, өйткені ол жоғары білімнің талабына сай емес деді. Өзінің осы пікірін ол батыстық бірнеше жоғары оқу орнының өткен қалыптасу тарихымен дәлелдеуге тырысты. «Бізге жоғары білім жүйесіне 100 жыл толды, яғни жоғары білім беру практикасы үлкен, бай жолдан өтті деген ойды дабырасыз, ептеп айту жарасады деп ойлаймын», – деп қорытты ол өзінің пікірін. Бірден айтайық, оның бұл пікірімен жиынға қатысқандардың бәрі бірдей келіскен жоқ. Мәселенің жоғары білімде емес, нақ осы оқу орнының ашылу датасында екенін жиналғандардың бәрі де бір ауыздан атап өтті. Одан кейін Астанадан онлайн режімде дөңгелек үстелге атсалысқан академик Дихан Қамзабекұлы: «Қазақстандағы тұңғыш ЖОО – Абай атындағы университеттің алғашқы қадасы қаланғанына 100 жыл толып отырса – оны біз неге сол күйінде алмай, кейінгі датасымен көрсетуіміз керек? Егер сол алғашқы қаданы Алаш зиялылары 1918 жылы қағып, 10 жыл бойы қазақ жастарының көкірек көздерін ашып келген болса, оны неге жоққа шығаруымыз керек? Сонымен қатар қазақстандық жоғары білімді тек батыстық стандарттармен шектеп қою дұрыс па? Кезінде біз далалық білімдері ұланғайыр болғанымен батыстық үлгідегі мектептердің төрт сыныбын ғана бітірген ағаларымызды Ұлттық академияның корреспондент мүшесі немесе академик етіп сайладық емес пе? Мысалы, бастауыш сыныптық қана білімі бар жазушы Ғабиден Мұстафинді Ұлттық ғылым академиясына академик қылып сайладық емес пе. Одан біз ұтпасақ, ұтылған жоқпыз. Сол сияқты ҚазПИ-дің тарихын 1918 жылдан басталған деп көрсеткеніміз тарихты тұтасымен қамтығанымыз болады. Біздің осы ойымызды қазақтың талай белгілі азаматтары қолдап, хабарласты. Туысқан өзбек халқы мәскеуліктер Ташкентте ашып берген жалпы түркістандықтарға ортақ Түркістан мемлекеттік университетінің (кейін САГУ) жанынан өздері құрған мұсылман секциясын еуропалық жоғары білім шартына сәйкес келмесе де, Өзбекстанның алғашқы жоғары оқу орнының ашылған күні деп белгілеп, биыл 100 жылдығын атап өтіп отыр. Дәл сондай оқу орнын ашып, ол өсе келе бүгінгі ҚазҰПУ-ге айналғанда ағаларымыздың 10 жыл бойғы еңбегін біздің ескермегеніміз дұрыс емес», – деді ол. Одан кейін сөз кезегін алған академик Хангелді Әбжанов өз сөзін былайша өрбітті: «Сын – шын болса ғана сендіреді. Сонда ол ғалымды ширатады, ғылымды көркейтеді, дұрыс жолды табуға септеседі. Ізденген жанды шындыққа, ғылыми ақиқатқа жеткізетін жол көп шығар, бірақ солардың ішінде методологиялық қағидаты мен ұстанымы ұлттық код пен елдік мүддеге жегілуді әлемдік ақыл-ой мүмкіншілігімен ұштастырғаны ғана отандық тарихымыздың құпиясы мен құдіретін аша алады. Абай атамыздың атындағы ҚазҰПУ-дің құрылған мезгілі 1918 жыл екені тарихта қатталған, оны ешкім де жоққа шығаруға қақы жоқ. Тарихты жасайтын үш күш бар. Олар – халық, тұлға, билік. Бұлардың бірлігі мен өзара ықпалдастығы үйлесім таба бермегендіктен тарихта іркіліс, жеңіс, жеңіліс, ақ пен қара орын алатыны ақиқат. Осынау методологиялық пайымдарға сүйенетін болсақ, өз басым алғашқы ЖОО қазақ топырағында 1918 жылы шаңырақ көтерді деп тұжырымдаймын. Бұл ойды 2010 жылы ғалым Ғ.Кенжебаев екеуміз «Тәуелсіз Қазақстан: жоғары білім, ғылым, саясат» атты монографиямызда былай түйіндеген едік: «Қазақтың тұңғыш жоғары оқу орнын Ташкентте ашудың сәті түсті. Бәрі 1918 жылдың қазан айында Ташкенттегі орыс педагогикалық училищесі жанынан қазақ бөлімшесін ұйымдастырумен басталды», – деп жаздық. Әділдікке жүгінудің ерте-кеші жоқ. Абай атындағы ҚазҰПУ-не 100 жыл толғанын зор қуанышпен айтудың сәті туды. Әлі кеш емес. Ақиқат пен рухани жаңғыру – егіз»,– деді. Осындай ой-пікірді жиынға қатысқан академик Бақтияр Сманов та қостап, ҚазҰПУ-дің алғашқы іргетасы қаланғанына 100 жыл деп тану тарихтың алдындағы әділдік екенін атады. «Алғашқы қазақ жоғары оқу орнының өсу жолы 1918 жылы Ташкентте басталғаны туралы әңгімені мен өз әкем Өрісбай Сманұлынан және оның досы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, 1930 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогикалық техникумында оқу ісінің меңгерушісі болып істеген, кейін сталиндік қуғын-сүргінге ілігіп, Магадандағы саяси тұтқындар лагерінде жазасын өтеген Қалмақан Оспановтан естігенмін. Бұл туралы өткен ғасырдың 90-жылдары «Шалқар» газетінде мақала жазып жариялағанмын. Сол мақалада 1920 жылдардың басында Ташкендегі қазақ зиялылары көбіне Қазинпростың директоры Сегізбай Айзұновтың үйінде жиі бас қосып, ұлттық оқу-ағарту ісінің болашағы туралы ой толғайтындары айтылған болатын. Қалекең осы Сегізбай Айзұновтың інісі Әділмен 6-7 сыныптарда бірге оқығанын, бір партада отырғанын айтатын. Кейіннен сол Әдекең Қызылорда облыстық халық ағарту бөлімін басқарды. Оның айтуынша, сол тұста үлгі-тәжірибе мектебінің меңгерушісі Орынбор мұғалімдер семинариясының түлегі, Ақмола губерниясы, Айыртау елді мекенінің қазағы Әбділда Байтасов болыпты. Қазақ тілінен Елдос Омаров, әдебиеттен Мағжан Жұмабаев дәріс оқыпты. Менің бұл айтқанымды Ташкендегі мұрағат мәліметтері мен жәдігерлері жинақталған 2005 жылы жарық көрген «Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты» (Первый казахский институт в Ташкенте: сборник документов и материалов) атты кітап та айғақтайды. Бұл кітап Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының тапсырысы бойынша шығарылған, оны тарих ғылымдарының докторы, профессор Сейдуәлі Тілеуқұлов бастаған бір топ ташкенттік тарихшы-ғалымдар құрастырған. Олар қазақтың алғашқы педагогикалық жоғары оқу орнының негізі 1918 жылы 18 қарашада Ташкентте қаланғанын, ол 1928 жылы Алматыға көшірілгенін мұрағат құжаттары мен ресми деректерге сүйене отырып, толығымен дәлелдейді. Бұл – қазіргі қарашаңырақ жоғары оқу орнымыз – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қайнар бастауы еді. Мұны көп жұрттың біле бермейтіні өкінішті, әрине. Қазақтың алғашқы ЖОО-на байланысты тарихты тек Алматыдағы кезеңінен, яғни 1928 жылдан бастап жүр. Сонда мұның бастапқы он жылын қайда жібереміз?»,– деп қиын сауал тастады.
Реті келгенде біз де осы талас мәселеге байланысты өз ойымызды білдіргенді жөн санадық. Ол үшін біз Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тарих факультетіне 75 жыл толуына арналған «Тарихтың тағылым айдыны» (2009 жыл, Алматы) атты жинаққа жүгінеміз. Онда былай деп жазылған: «1917 жылдың қарашасында Ташкентте Түркістан Кеңестерінің Өлкелік Үшінші съезі болып, онда осы өлкенің тарихында бірінші рет ашылатын жоғары оқу орны туралы шешім қабылданды. Аталған жобаны кең ауқымда талқылау үшін 1918 жылдың ақпанында Ташкент қоғамының жоғары оқу орындары ісіне берілгендер арасында құрылтай жиналысы болды. Оның құрамына ғалымдардың, дәрігерлердің, заңгерлердің, мұсылман ауқымдағы қоғамдардың өкілдері кірді» (14-бет). Зерттеушілердің көрсетуіне қарағанда, бұл кейін САГУ (Средне-азиатский госуниверситет) атанған Түркістан мемлекеттік университетіне (1923 жылға дейін) айналды. Осы университеттің жанынан 1918 жылдың 12 мамырында түркі тілдерінде оқытатын мұсылман секциясы ашылып, ол қазіргі Мырза Ұлықбек атындағы Ташкент ұлттық университетінің құрылған күні болып есептеледі.
Ол кезде Алаш арыстарының көбі осы қалада ғұмыр кешті, өйткені Ташкент барлық түркістандықтарға ортақ шаһар еді. Қалалық Мұсылман комитетінің қолдауымен олар таза қазақ тілінде оқытатын алғашқы оқу орнын аштыруға қол жеткізеді. Бұл орыс педучилищесінің бөлімшесі ретінде 1918 жылдың 20 қазанда ашылған мұғалімдер дайындайтын оқу орны болатын. Оның меңгерушісі болып Иса Тоқтыбаев тағайындалып, ал мұғалімдер қатарына Хайретдин Болғанбаев, Садық Өтегенов, Сұлтанбек Қожанов, Жағыпар Лапин, Райхан Лапина, Сара Есова, Сегізбай Айзұнов, Қ.Ходжиков, Ф.Құлтасов, Қоңырқожа Қожықов, Шамғали Сарыбаев, Емберген Табынбаев және Әбдіәзиз Байсейітов мұғалімдік қызметке қабылданған. Ал Қазақстан комсомолының атақты қайраткері Ғани Мұратбаев, Қазақстанның Халық әртісі Құрманбек Жандарбеков, көрнекті ақын, журналист Зиябек Рүстемов, көрнекті ғалым Әлібек Қоңыратбаев, қырғыздың мемлекет және қоғам қайраткерлері Қасым Тыныстанов, Базарқұл Данияров, әйгілі қырғыз жазушысы Қасымалы Баялинов және басқалар осы педагогикалық курстың алғашқы шәкірттері болған. Көрнекті ақын Ілияс Жансүгіров бұл жайында өз естелігінде тәптіштеп жазған. Осы бөлімше 1919 жылы Өлкелік қазақ педагогикалық училищеге, артынан 1920 жылдың 1 қазанынан бастап КирИнПрос-қа (Киргизский Институт Просвещение) айналғандығы туралы құжаттардың бәрі С.Тілеуқұловтың «Первый казахский институт в Ташкенте» деген жинағында келтірілген. Осы жинақта «Краткие сведения о возникновении Казинпроса в Ташкенте» атты бір құжатқа назар аударсақ, онда мынадай нақты деректер келтірілген: «В нем преподавали: М.Тынышпаев, Х.Досмухамедов, С.Ходжанов, И.Тохтыбаев, М.Жумабаев, К.Жаленов, Х.Болганбаев, К.Ходжиков, Ф.Култасов, Е.Табынбаев, С.Утегенов, А.Байтурсынов, Ж.Аймауытов, Ш.Сарыбаев, Д.Адилов, Д.Сарсенов и др» (ЦГА РУз, ф.372, оп.1, д.60, л.5).
Қазинпрос болып ашылған бұл институтқа 1922 жылдың 1 қарашасынан бастап Сегізбай Айзұнов директор болып тағайындалады, 1925 жылдың 23 мамырынан 1926 жылдың шілдесіне дейін көкшетаулық Дәлел Сәрсенов басшылық жасайды. Нақ осы оқу орны 1926 жылдың 2 шілдесінде ҚазАКСР Халық комиссарлары Кеңесінің қаулысымен Қазақ педагогикалық институты болып өзгертілді. Жаңа мәртебеге ие болған оқу орнына Темірбек Жүргенов жетекшілік етеді. Ал 1927 жылғы Қаулымен ол Алматыға көшіріліп, 1928 жылы Қазақ мемлекеттік университеті, кейін педагогикалық институт (ҚазПИ) болып қайта құрылды.
Белгілі ғалым айтқандай Қазақстандағы алғашқы ЖОО-ның құрылуын еуропалық стандарттарға салып бағалап, белгілейтін болсақ, онда ҚазҰПУ-дің тарихы 1928 жылы басталды деп, туғанына 90 жыл дегенімізге де сәйкес келмеуі әбден мүмкін. Өйткені сол жылдан бастағанда да институттың оқытушы-профессорлық құрамы болсын, оқу-техникалық базасы болсын, білім деңгейі болсын батыстық талаптарға маңайлай да алмас еді... Жиын қорытындысы бойынша Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына арнайы хат жолданып, осы мәселені түпкілікті анықтап беру сұралатын болды. Сонымен қатар қосымша деректер табу үшін Ташкент пен Мәскеу архивтеріне зерттеуші ғалымдар жіберу керек деп шешілді.
Болат ШАРАХЫМБАЙ