Бала тамағы мен сабағы теңдей өрім

Бала тамағы мен сабағы теңдей өрім

Бала тамағы мен сабағы теңдей өрім
ашық дереккөзі
Бала – болашағымыз. Сондықтан балалардың денсаулығы, қауіпсіздігі, қатардан қалмай білім алуы – ата-аналар үшін ғана емес, мемлекет үшін де аса маңызды. Ал бүлдіршіндер денінің саулығы олардың тамақтануына тікелей байланысты. Ендеше, мектеп асханалары талапқа сай болуы шарт. Бірақ соңғы уақытта мектеп асханаларына қатысты даулы мәселелер көбейіп кетті. Бұл көпшіліктің көкейіндегі күдікті үдетті. Даудың басы ә дегенде елордадағы мектеп асханаларынан шықты. Тұтынушылардың құқығын қорғайтын «Әділет» қоғамдық бірлестігі қаладағы 84 мектепке тексеру жүргізіп, кейбіріндегі асханалардың жағдайы мәз емес екенін анықтады. Бірінде тазалық сақталмаса, енді бірі балаларды дәмсіз, құнарсыз ас түрлерімен тамақтандырып келген. Бірлестік мүшелері тексеріс барысында балаға берілуі тиіс 50 грамм ет мөлшерінің кей асханаларда 10 грамға да жетпегенін анықтады. Бас қала мектептерінің асханалары талапқа сай келмесе, өзге өңірлерден не күтуге болады? Астананың мектептері баланы дұрыс тамақтандырудың жүйелі жолын таппаған болса, ауыл-аймақтағы білім ошақтары жайында үнсіз қалғаннан өзге амал жоқ тәрізді. «Әділет» қоғамдық бірлестігі жүргізген тексеру бойынша мектеп асханаларындағы талай былықтың беті ашылды. Осыдан кейін Астана қалалық Білім басқармасы бұл мәселені тікелей бақылауға алды. Сөйтіп, басқарма өкілдері ата-аналардың қатысуымен тексеру жүргізіп, асхананың санитарлық талаптарын бұзған тағы 8 мектепті анықтады. Бұл мектептерде ас әзірлеуде тамақтың технологиялық картаға сай келмеуі, тамақтың аз берілуі, аспазшылардың гигиенаны сақтамауы және азық-түлікті сақтау шарттарының бұзылуы белгілі болған.

Тамақтандыру комбинаттары қажет пе?

Жалпы, Астана қаласында биылғы оқу жылында жеңілдіктермен қамтамасыз етілген балалар мен бастауыш сынып оқушыларының тамақтануы үшін 3,5 млрд теңге бөлінді. Бір балаға берілетін ас мәзірінің құны шамамен 319 теңге. Бұл қаржыға бала тойып тамақ іше ала ма? Ал оқушылардың сапалы ас мәзірі бұдан әлдеқайда қымбат: бастауыш сыныптар үшін 650 теңге, жоғарғы сыныптар үшін 950 теңгедей болады. Әрине, жергілікті билік балаларға осынша  қаржы бөле алмайды. Бірақ кей мектептердегі тамақтың бағасы қалай есептесең де, белгіленген сомаға жетпейді. Статистикалық деректерге зер салсақ, соңғы 5 жыл ішінде мектеп оқушыларының 22 пайызы түрлі ауруға шалдыққан. Оқушылардың 50 пайызы ішек жолдарының кеселімен, 69 пайызы қан аздықпен ауырады екен. Ал мұндай ауру түрлерінің көбеюі мектеп асханаларындағы ахуалмен байланысты екені айтпаса да түсінікті. Ендеше, Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі мектеп асханаларындағы жағдайдың мәз емес екенін біле тұра неге жайбарақат? Әрине, жыл сайын Білім министрлігі мектептердегі тамақтануға қатысты мәселелерді шешу үшін әрекет ететіндіктерін айтады. Алайда бұл мектеп оқушылары арасындағы сырқатты азайтып, асхана жағдайын біржола реттеп тастады дей алмаймыз. Мектеп жасындағы балалардың дұрыс тамақтануы үшін әлем елдерінде түрлі жүйелер қалыптасқан. Ал Қазақстанда мектеп оқушыларын тамақтандырудың нақты жүйесі әлі қалыптасып үлгермеді. Үкімет тарапынан оқушыларды ыстық тамақпен қамту үшін жыл сайын арнайы бағдарламалар қабылданып, сол бойынша қаражат бөлінеді. Бірақ мұның нәтижесі шамалы. Біздің елде жеңіл-желпі құрғақ тамақтану да, ыстық тамақ ішу де, фаст-фуд өнімдері де оқушылардың өз еркіндегі шаруа. Ал Латвияда тәтті тоқаштарды, кофе мен пиццаны мектептегі ас мәзірінен алып тастаған. Бірақ уақыт өте келе мұндай тағамдар сұранысқа ие болғандықтан, мектептерде заңсыз сатыла бастапты. Көрші Ресей елінде болса, оқушыларға арналған асханалар тамақ пісірумен айналыспайды. Ресейдегі ірі тамақтандыру комбинаттары дайындаған тағамдар таңертең ертемен мектепке жеткізіледі. Ал асхана қызметкерлері тек дайын тағамдарды ысытып береді. Сондықтан, мұнда мектеп асханасы жеке кәсіпкер иелігінде емес. Мұндай ұсыныс біздің елде де жасалғанымен, ресейліктердің тәжірибесін қолдануға ешкім де құлық танытып отырмаған сыңайлы. Қазақстандағы мектеп асханалары түрлі кәсіп иелерінің құзырында. Ал олар балалардың дұрыс тамақтануынан бұрын, мол пайдаға кенелуді ойлайды. Таяуда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бүкіл Қазақстан бойынша мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыратын бірыңғай әрі ортақ комбинат ашу идеясын тағы да ұсынды. «Мектептердегі тамақтануға қатысты кәсіпкерлік әрі әлеуметтік мән-маңызға ие бір үлкен бастама бар. Біз бұл проблеманы білеміз, түсіністікпен қараймыз және ата-аналардың алаңдаушылығына толық қосыламыз. Сондықтан алдын ала ақылдасып, талқыға салып, бұдан былай әрбір мектепке кәсіпкерлер өз бетінше жеке-жеке кірмегені жөн деген ұйғарымға келдік. Өйткені мектепте бизнес ашып, тамақтандырумен айналысатын компаниялардың барлығы бірдей реестрге кірмейтініне қатысты факті анықталды. Олардың кейбірі санитарлық нормаларды орындауға, тамақтың нәрлілігін, калориясын қамтамасыз етуге қауқарсыз. Ендеше бүкіл ел үшін бір комбинат құрып, мектептегі тамақтандыруды соның реттеуіне тапсырған жөн деп санаймыз. Билеуші партия да бұл бастаманы қолдауға дайын», – дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Балалар дұрыс тамақтанбаса...

Мектеп жасындағы балалардың тамағын тиімді ұйымдастыру – тек ата-аналар ғана емес, қоғам  болып назар аударатын түйткіл. Оқушыларды дұрыс тамақтандырудың басты талаптары  сақталса, ахуал айтарлықтай түзелер еді. Ал асханадағы тамақ мәзірінің жағдайы мәз болмағандықтан, балғындардың келешегіне алаңдамасқа болмайды. Дұрыс тамақтанудың негізі – дәрумендер, ақуыз, май, көмірсулар. Ас құрамында негізгі қоректік заттар міндетті түрде болуы қажет. Йод тапшылығы туындамауы үшін ет, балық, сүт өнімдері, жеміс-жидектер, нан секілді тағамдар күн сайынғы ас мәзіріне қосылып отырса, қаймақ, жұмыртқа, сүзбені екі күнде бір беруге болады. Әсіресе, оқушы кітап оқығанда көзі көргіш, есте сақтау қабілеті мықты, зерек болу үшін бала ет, балық, жеміс пен көкөністі көп жеуі керек. Өкінішке қарай, мектеп асханаларының көпшілігінде оқушылар тұтынатын тамақ талапқа сай келмейді. Бұған мектеп асханаларын жалға алып жұмыс істеген кәсіпкерлердің салғырттығы себеп болып отыр. Ал мектеп асханасындағы тағамның дәмсіз әрі құнарсыз болуынан оқушылардың жартысына жуығы асханадан тыс жерде тамақтанғанды жөн санайды. Сыртта тамақтанғандар көбіне фаст-фуд, жартылай дайындалған тағамдарды тұтынады. Хот-дог секілді жартылай дайын өнімді балалардың 86 пайызы күнделікті тұтынады екен. 18 пайызы газды  сусындарды  күнделікті ішеді. Бұл тағамдарды  үздіксіз пайдалану салдарынан оқушылар арасында семіздік, жүрек, жүйке жүйесі аурулары, қаназдық, қан айналым жүйесінің бұзылуы, тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің сырқаттануы, құрт ауруы белең алып келеді. Өткен жылы еліміз бойынша 10 мектепте оқушылардың тамақтан улану фактісі тіркелген. Салдарынан 203 бала зардап шекті. Сондықтан құзырлы мекеме өкілдері мектеп асханаларындағы ыстық тамақ сапасын бақылауды күшейтуі қажет. Сондай-ақ, жеміс-жидек, түрлі сусындардың сапасы да назардан тыс қалмауы тиіс. Оның үстіне, тамақ сапасын зерттеушілер мектеп асханаларындағы нан өнімдерінің тым көптігін алға тартып отыр. Балалар уақыт пен ақшаны үнемдеу үшін толыққанды түскі астың орнына соны жей салады екен. Сондықтан ұн өнімдерінің көлемін қысқартып, мәзірден шұжық өнімдерін, атап айтқанда, сосисканы алып тастау керек. Дәрігер мамандардың айтуынша, мектеп жасындағы балалар күніне төрт-бес рет тамақтанып тұруы маңызды. Өйткені уақтылы тамақтанған балалардың дене бітімі жақсы дамиды. Бастауыш сыныптағы балалар мектептегі энергия шығындарын өтеу үшін тағамдық құнарлылығы 400-420 калориядан кем болмайтын ас тұтынуы тиіс. Бірақ мұндай талаптар еліміздегі мектептердің барлығында сақталады десек артық айтқандық болар еді. Статистикалық деректерге сүйенсек, мектепке жаңадан барған балалардың 35 пайызы дұрыс тамақтанбаудан түрлі созылмалы ауруға ұшырайды екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, Қазақстанда балалардың төрттен бірі артық салмақтан, ал олардың ішінде тең жартысы семіздіктен жапа шегеді. Бұл жеткіншектердің өсе келе инфекциялық ауруларға ұшырауға бейім болу әрі жасына жетпей жер құшу қаупін арттырады. Дәрігерлердің айтуынша, қант диабетінің 44 пайызы, жүректің ишемиялық ауруының 23 пайызы, ісік ауруының 40 пайызы артық астан туындаған салмақ пен семіздіктен болады. Мамандар мектептегі тамақтандырудың бүгінгі тәжірибесі диабет пен онкологиялық ауруларға апаратынын алға тартып отыр. Бұл мәселені тиімді шешудің төте жолы – мемлекет дұрыс тамақтануды ұйымдастыру  мен оны тиімді бақылауды қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлу тәжірибесін қайтарған дұрыс деп есептейді. Қалай десек те, ауру астан келмесін десек, оқушылардың тамағына жауапкершілікпен қараған жөн.