"Эксимбанк Қазақстанның" бұрынғы басшысы Әмірханов ұсталды
"Эксимбанк Қазақстанның" бұрынғы басшысы Әмірханов ұсталды
Астанада кәсіпкер, "Эксимбанк Қазақстан" АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Еркін Әмірханов қамауға алынды, деп хабарлайды жергілікті zakon.kz порталы.
Оны "коммерциялық пара" ісі бойынша күдікті ретінде ұстаған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті порталға берген ресми жауабында Әмірхановқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары 3 мамырда басталғанын хабарлаған.
“2018 жылы 3 мамырда ұлттық қауіпсіздік комиитетінің тергеу комитеті "Центрказэнергомонтаж" АҚ-ның (Астанада мемлекеттік келісім-шарттар бойынша мердігерлік жұмыстармен айналысады) сатып алу қызметі бойынша бұрынғы төрағасы Еркін Әмірхановқа қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Ол қылмыстық кодекстің 253-бап 6-бөлімінде (коммерциялық паралау) қарастырылған қылмыстық іс бойынша күдікті” делінген жауапта.
Әмірхановты 5 мамырда ұстаған. Ал 6 мамырда Астананың №2 Есіл аудандық соты оны екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарған.