Жаңалықтар

Мектеп түлегі ұлттық ЖОО-ға түсу үшін қанша балл жинауы керек?

ашық дереккөзі

Мектеп түлегі ұлттық ЖОО-ға түсу үшін қанша балл жинауы керек?

Ағымдағы жылы мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестіні 20 маусым мен 1 шілде аралығында тапсырады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Осы жылы ҰБТ 15-рет өткізіледі. 15 жылдың ішінде ҰБТ-ға 1,5 миллионнан астам мектеп бітіруші  қатысты. Бұл барлық мектеп бітірушілердің 80 пайызын құрайды. 2017 жылға дейін ҰБТ үш қызметті атқарды. Бірінші - 11 жылдық оқуды анықтайтын қорытынды ретінде бітіру емтиханы, екінші - ЖОО-ларға түсу емтиханы, үшінші - бітірушілерге мемлекеттік гранттарды тағайындау тетігі. Өздеріңіз білетіндей, тестілеудің бұл форматы 2017 жылы өзгерді. Енді қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектепте өткізіледі. Ал ҰБТ ЖОО-ларға түсу және мемлекеттік гранттарды тағайындау емтиханы болып қалып отыр»,-  деді ол. Оның айтуынша, мектептегі бітіру емтиханы 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өткізіледі. Емтихан 5 пән, оның ішінде 4 міндетті және мектептегі оқыту бейіні бойынша бір таңдау пәнінен өткізіледі. Барлық емтихандар ауызша, жазбаша және тестілеу түрлеріне бөлінген. «Бітіру емтихандарының материалдарын Ұлттық тестілеу орталығы дайындады және арнайы байланыс желісі арқылы барлық облыстарға ағымдағы жылғы 25 мамырға дейін жеткізіледі», - деді министр. Ерлан Сағадиевтің айтуынша, 2018 жылғы ҰБТ форматы өзгермеген. Яғни, былтырғы жылғы форматқа сәйкес. «ҰБТ-ны өту мерзімі және берілетін тест сұрақтарының саны өзгерген жоқ. ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында ҰБТ өткізетін 187 пунктте  ұйымдастырылады. Барлық тест сұрақтарының саны - 120, ең жоғары балл - 140, шекті балл - 50. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін 65 балл жинау қажет. Бүгінгі күнге барлық ҰБТ пәндері бойынша тест сұрақтарының базасы қалыптасқан. Осы жылы тест сұрақтарының базасы 50 пайызға жаңартылды. Тест сұрақтары функционалдық сауаттылыққа, яғни, ары қарай оқуға қабілетін, логикалық ойлау деңгейін, базалық түсініктерін анықтауға бейімделген», - деді Ерлан Сағадиев.