АҚШ: Иранға тарихта бұрын-соңды болмаған ең ауыр санкция саламыз

АҚШ: Иранға тарихта бұрын-соңды болмаған ең ауыр санкция саламыз

АҚШ: Иранға тарихта бұрын-соңды болмаған ең ауыр санкция саламыз
ашық дереккөзі
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашингтон Тегеранға қаржылық қысым жасайды әрі "тарихта бұрын-соңды болмаған ең ауыр санкция салады" деп ескертті. "Біз Иран режиміне тарихта болып көрмеген қаржылық қысым жасаймыз. Бұған шындап кірісетінімізге олардың күмәны болмасын", – деді Помпео 21 мамырда. Оның сөздерінше, егер Иран режимі саясатын өзгертпесе, санкция салдары өте ауыр болады. "Иранда енді Таяу Шығысқа үстемдік етуге ешқашан мүмкіндік тумайды", – деді Помпео. Ол АҚШ-тың Иранға континентаралық баллистикалық зымыран өндіруден бас тарту және Сириядан әскерін шығару жөніндегі талабын қайталады. 10 мамырда Вашингтон Иранға қатысты санкцияны кеңейткен. Санкция тізіміне Иран қарулы күштерінің элиталы жасағына жататын Ислам революциясы күзет корпусына қатысы бар алты адам және үш компания кірген. Бұл корпус тікелей аятолла Әли Хаменеиге бағынады. 8 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон ядролық келісімнен шығатынын мәлімдеген. Ол сонымен бірге Иранға қатысты санкцияны қайта қалпына келтіру жөніндегі жарлыққа қол қойды. Иран президенті Хасан Роухани ядролық келісімнен шықпайтынын, есесіне "ядролық жұмыстарын" қайта жандандыруы мүмкін екенін ескертті. 2015 жылы Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, Франция және АҚШ лидерлері Иранмен келісімге қол қойған. Оған сәйкес, Иран ядролық бағдарламадан бас тартады, ал Еуропалық одақ пен АҚШ Тегеранға қатысты санкцияны алып тастайды.