Санкт-Петербургте «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы таныстырылды
Санкт-Петербургте «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы таныстырылды
Санкт-Петербургте Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы таныстырылды. Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Тәуелсіздік дәуірі" кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлады ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының баспасөз қызметі. Шараға ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары И. Рогов, ҚР Әділет министрінің орынбасары Э. Әзімова, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің ректоры Н.Кропачев және қаладағы мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов кездесуде кітаптың Қазақстанның тұрақты дамуындағы жүріп өткен жолын көрсететінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл басылым - өсіп келе жатқан ұрпаққа өткеннен сабақ алып, жаңа жетістіктерге жетуіне көмектесетін таптырмас құрал. Сонымен бірге, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде "Астана - Ұлы дала маржаны" тақырыбында фотокөрме қойылды. Онда келушілер назарына Қазақстан астанасының 60 бірегей фотосуреті қойылды. Сондай-ақ, Игорь Рогов III Петербургтік халықаралық құқықтық форумына қатысып, "Заманауи урбанистиканы құқықтық реттеу: ықтимал әлеуметтік қатерлер мен мегаполистер өсімінің келешегі" тақырыбында сөз сөйледі. Игорь Рогов форум қатысушыларына Қазақстанның астанасын ауыстыруы, оның экономикалық, ғылыми және мәдени әлеуетін дамыту және 20 жылдық мерейтойға арналған шаралар туралы әңгімелеп берді.