Алаш жастары һәм пікірсайыс алаңы

Алаш жастары һәм пікірсайыс алаңы

Алаш жастары һәм пікірсайыс алаңы
ашық дереккөзі
«Халық кемеліне келіп, өркендеуі үшін, ең алдымен, азаматтық пен білім керек» деп белгілі ғалым, этнограф Ш.Уәлиханов өте орынды айтқан. Ендеше жан-жақты ел тарихын жетік білетін, заман талабына сай жастарды тәрбиелеу – бүгінгі күн талабы екендігін жадымыздан шығармағанымыз абзал. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болады» деген сөздері болашақ Қазақстанның тізгінін ұстайтын жастардың замана көшінен қалмауына қаратып айтылған өмірлік бағдарлама.   Осыған орай, бүгінде жоғары әскери оқу орындарындағы оқу-тәрбие үдерісі – курсанттардың өзін-өзі жан-жақты жетілдіруіне, өзінің қоғамдағы алар орны мен даму деңгейін айқындауына, өзінің бойындағы тұлғалық сапалылығын дамытуға бағытталғаны дұрыс. Бұл қазіргі әлеуметтік-экономикалық талаптарға сәйкес білімі жоғары, танымы кең, шығармашылық қабілеті мен рухани байлығы дамыған тұлғаны оқыту, тәрбиелеу қажеттілігінен туындауда. Әрине, бұл тұрғыда білім мен тәрбие тетіктерін маңызды іске бағыттау арқылы ұрпақ бойына отаншылдық, ұлтжандылық сынды асыл қасиеттерді дарыту, айналып келгенде, Отан әлеуетін нығайтудың сенімді кепілі бола алар еді. Осындай келелі істерді жүзеге асыруда еліміздің Қарулы Күштеріне басты әскери мамандарды дайындайтын Құрлық әскерлері Әскери институты курсанттарының әскери-ғылыми қоғамының жанынан құрылған «Айбын» ғылыми пікірсайыс клубы аталмыш институт үшін, жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық қарым-қатынасты дамытуда, еліміздің болашақ офицерлеріне жан-жақты білім беру мен тәрбиелеуде өзіндік маңызы зор. «Айбын» ғылыми пікірсайыс клубы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында 2016 жылдың 16 мамырында ресми түрде ашылған. Оның негізгі  мақсаты – курсанттарды шешендік өнерге баулу мен үйрету, әскери жастардың шығармашылық әлеуетін неғұрлым толық жүзеге асыру мен дамыту болып табылады. Міне, өзінің ашылғаннан бергі қысқа тарихында институттың клуб мүшелері қалалық, аймақтық түрлі пікірсайыс алаңдарында өздерінің белсенділіктерімен көзге түсе білді. Соның бір айғағы ретінде жақында Құрлық әскерлері Әскери институтының «Айбын» ғылыми пікірсайыс клубы 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған «Мықты әскер – Мәңгілік ел тірегі!» тақырыбында республикалық пікірсайыс турнирін айтуға болады. Мұндағы мақсат – болашақ жастардың патриоттық сезімдерін арттыру арқылы, шығармашылық белсенділіктері мен ой-пікірлерін дамыту және оларды қоғамның өзекті мәселелері бойынша пікір алмасуға шақыру. Аталған іс-шараға Алматы қаласынан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық, Қ.Сәтпаев атындағы ұлттық техникалық-зерттеу, Қазақ ұлттық Аграрлық, Нархоз, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық, Алматы энергетика және байланыс, Алматы технологиялық, Халықаралық бизнес, Сулейман Демирель атындағы, Тұран университеттерінің және Шымкент, Қызылорда, Астана және Ақтөбе қалаларының белді пікірсайыс клубтарының курсанттары мен студенттері қатысты. Республикалық турнирдің  салтанатты ашылуы Қазақстан Республикасының Әнұранымен және Құрлық әскерлері Әскери институты бастығының оқу және ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Қ.Б. Смағұловтың құттықтау сөзімен басталды. Өзінің құттықтау сөзінде аталмыш іс-шараның институт үшін, әсіресе, жоғары оқу орындары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуда аса маңызды екенін атап өтті және пікірсайыс турниріне қатысушылар мен қонақтарға жемісті еңбек пен зор табыс тіледі. Екі күнге созылған іс-шараның нәтижесінде Америкалық Парламенттік формат бойынша «Нархоз» университетінің «Таңдаулы экономистер одағы» атты пікірсайыс клубының мүшелері Ә.Жұмабай мен Ж.Сақтаған бірінші орынды иемдене отырып, институт бастығының кубогын жеңіп алды. Екінші орынды Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының «Патриот» клубы мүшелері Д.Әуенек пен Е.Темірәлі және үшінші орынды «Нархоз» және «Тұран» университеттерінің студенттері Ә.Тойлыбай мен Д.Аққожа жеңісті өз қанжығаларына байлады. Линкольн-Дуглас форматы бойынша «Ең үздік спикер» атағын  «Нархоз» университетінің «Таңдаулы экономистер одағы» атты пікірсайыс клубының мүшесі А.Сәрсенбай жеңіске жетіп, институт бастығының кубогын жеңіп алса, «Үздік спикер» атағын осы клубтың мүшесі Ә.Тойлыбай жеңіп алды. (Сонымен қатар ойын ережесі бойынша «Үздік төреші» атағына Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Атамекен» пікірсайыс клубының мүшесі С. Ыдырыс ие болды.

Жігер ӘШІМ