Жаңалықтар

Бір суретшінің үш көрмесі

ашық дереккөзі

Бір суретшінің үш көрмесі

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде қазақстандық суретші Анна Маргацкаяның «Сағым», «Ханшайым ойыны», «Пленэр» атты үш жеке көрмесінің ашылуы болды. Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің көркемөнер-графика факультеті, кескіндеме бөлімінің түлегі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, осыған дейін 70-тен астам көрмеге қатысқан Анна Маргацкая – Қазақстанда ғана емес, Франция, Австрия және Швейцария сынды Еуропа елдеріне де танымал суретші. Анна Маргацкаяның қолтумалары бейнелеу өнерінің кескіндеме, графика, икона жазу, көркем қыш секілді түрлерін қамтиды. Өзіндік ізденіс нәтижесінде суретші ерекше стилді қалыптастырып, акварель техникасында қолданыс тапқан тың бағыттың авторы және сол стильдік жетілдіру үстінде. Оның стилдік техникасы қағазға ғана емес, кенепке бейне салуға да мүмкіндік береді. Сондықтан Анна ханымның шығармаларының көпшілігінде өзіндік төл техникасымен жасалған аңыздық бейнелер жиі көрінеді. Анна Маргацкая ұсынған «Сағым», «Ханшайым ойыны», «Пленэр» көрме экспозициясындағы жаңа стиль мен жанрларда жазылған жұмыстар коллекциясы бұрынғыларынан біршама ерекшеленеді. Суретші қандай іспен айналысса да өзіндік ұстаныммен тың шешім табуға ұмтылады. Суретшінің жұмыстары эксперимент, мазмұны, қызықты композициялық шешім іздеуімен, сюжеттік желіні анықтауымен екшеленеді. «Пленэр» көрмесінде суретші шығармашылығында қоршаған орта – табиғат сұлулығын бейнелеуге арналған пейзаждық және сүйікті акварель техникасында жазылған гүл шоғы – натюрморттар топтамасы айрықша орынға ие. Бұл топтамалардағы әр натюрморт ерекше көңіл-күй, темпераментті сездіреді. Күрделі техниканың бірі болып саналатын Акварель техникасы ерекше ырғақты, қарқындылықты, дәлдікті талап етеді, өйткені сәтсіз жағылған бастапқы жолақты түзеу мүмкін емес. Акварель техникасымен жазу барысында түстер үйлесіміне жіті көңіл бөлуге тура келеді. А.Маргацкая гүлді майлы бояумен де салады. Майлы бояуды пайдаланғанда шебер тіпті ұсақ-түйекті де қалт жібермеуге тырысады. Кенеп бетіне майлы бояумен жазылған сурет айрықша әсерге ие туынды деуге болады. Акварель, живопись жанрындағы дүниелермен қатар көрме экспозициясында мазмұндылығы жоғары, фантазияға негізделген, стиль жағынан живопиське жақын қыш бұйымдар да бар. «Ханшайым ойыны» көрмесінде суретшінің Еуропаға саяхаттағанда готикалық кескіндеу жанрына, оның мазмұнына көңіл бөліп, өз шығармашылығында баяндама желісіндегі живописке бет бұрғаны аңғарылады. Осы жанрдағы туындыларда миф, сиқырға толы аңыз көрініс тауып, әр шығарманың өз жұмбағы бар екенін танытады. «Сағым» көрмесінде Маргацкая шығармаларын өзіне сүйікті акварель техникасымен орындалған. Бұл шығармалардағы басты көркемдік элемент – түс десек те, сонымен қатар түстің қозғалыс бағыты деуге болады. Ғарыштан берілетін діріл шиыршық – орамға айналып, осы қозғалыстағы орамнан әлемнің бейнесі қалыптасады. Көрмеде автордың 170-тен астам туындысы алматылық көрермендер назарына ұсынылды. Алуан түрлі түстер ойнап, адамға ой салатын Анна Маргацкаяның туындылары келушілерді көңілдің көркем әлемінің тұңғиығына бойлатып, рухани ләззат сыйлайды.