Білім ұясындағы мереке
Білім ұясындағы мереке
Алматы қаласы, Медеу ауданындағы №100 жалпы білім беретін мектеп ұжымы ұлттық мерекені атап өтуді ұмытқан емес. Оған мектеп оқушыларының да бойы үйренген. Кез келген шарада өнерін ортаға салып, атсалысуға әзір.
«Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын басты бағыт етіп ұстанған мектеп ұжымы ардагерлермен де тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Білім ұясында «Қарттар күні», «Қарттар айлығы», «Патриоттық тәрбие» айлығы, соның ішінде «Ардагер» акциясы мазмұнды да, қызықты өткізіліп жүр. Бүгінде мектеп аумағында 44 ардагер бар. Жоғарғы сынып оқушылары жыл сайын мереке қарсаңында ардагерлерге қамқорлық жасап, құрмет көрсетуде. Себебі жас ұрпақ бүгінгі бейбіт заман – ардагерлердің жанкешті ерлігінің арқасында келгенін жақсы біледі», – дейді №100 жалпы білім беретін мектеп директоры Әлия Аблашова.
Мектеп ұжымы бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесіне арнап «Қош келдің, Наурыз!» атты іс-шара ұйымдастырды. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі, Республикалық түркі халықтарының «Ахыско» этномәдени орталығының төрағасы, Медеу аудандық сыбайлас жемқорлықпен күрес ұйымының басшысы Қазақбай Қасымов, Медеу аудандық №32 округтік ардагерлердің төрағасы Ислам Иргебаев, «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Қалбай Исмамутов, аудандағы мектеп директорлары арнайы шақырылды.
Ақ жаулықты әжелер бата беріп, шашу шашты. Оқушылар әр түрлі халықтың тілінде ән шырқап, күмбірлете күй төгіп, мың бұрала билеп, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында сахналық көрініс те ұсынылды. «Бесікке салу», «Тұсау кесу» дәстүріне сүйсінбеген жан жоқ. Келген қонақтар жаңа күннің дәмі наурыз көжеден, ұлттық тағамдардан, ақтан ауыз тиді.
Бұдан кейін біздің бақытымыз үшін кеудесін оққа төсеп, қан майданда арпалысқан аға ұрпақтың сұрапыл соғыстағы бір кезеңін мектеп өнерпаздары сахналады. Ардагерлеріміз майдан даласында қорек қылған тағамнан дәм татып, бір сәт сол қиын жылдарға көз жүгіртті... Әскери ән шырқалды, би биленді, мәнерлеп өлең оқылды. Ардагерлер өткеннен сыр шертті, жас ұрпаққа алғысын жаудырды.